13.03.2017, 16:29
Оқылды: 73

Спорт шеберін еске алды

DSC_3779Жалпақтал ауылындағы аудандық спорт мектебінің залында Қазақстан Республикасының спорт шебері Садырбек Сәрсенғалиевті еске алуға арналған дзюдо күресінен 2003-2005 жылы туылған жасөспірімдер және қыздар арасында ашық аудандық турнирі өтті.


Жарыстың ашылу салтанатында Садырбек Сатымұлының өмірбаянынан сыр шертіп, марқұмды бір сәт үнсіздікпен еске алды. Жас кезінен спортқа жақын жүрген Садырбек Сәрсенғалиев Ғадылбек Тілекқабылұлына дзюдо күрес бөліміне қабылданады. Жасөспірімдер арасында талай жарыстарда топ жарып, Алматы қаласындағы дене шынықтыру институтына оқуға түседі. Студент кезінде самбо, дзюдо, қазақ күрестерінен бірнеше дүркін еліміздің чемпионы, спорт шебері атанады. Жапония мемлекетінде өткен халықаралық жарыста сумо күресі бойынша да жүлдегері болды.

Қазталов аудандық мәдәниет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Досжан Ахметов, облыстық №1 Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің орынбасары Нұрлыбек Тұяқов, Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин, облыстық мәслихат депутаты Мағауия Есмағұлов және марқұмның тума туыстары сөз алып, спортшыларға жүрекжарды тілектерін жеткізді. Аталмыш додаға Елордамыз Астана қаласынан, Орал шаһарынан, облысымыздың Ақжайық, Жәнібек, Зеленов, Теректі, аудандарынан, және ауданымыздың Жалпақтал, Көктерек, Ақпәтер, Тереңкөл, Қазталов ауылдық округтерінен 100-ге тарта палуандар қатысты. Олар 10 салмақ бойынша белдесіп, бақ сынады.DSC_3768

Екі күнге созылған жарыс қорытындысында қыздар арасында 34 келіде А.Мұрадымова (Жалпақтал), 38 келіде А.Хасенқызы, ұлдар арасында 34 келіде Н.Қибашов (Ақпәтер), 38 келіде М.Бақтығалиев (Жалпақтал), 42 келіде Д.Қуанышкереев (Орал), 46 келіде Г.Еркеғұлов (Жәнібек), 50 келіде Н.Дүйсенғалиев (Теректі), 55 келіде Н.Зайзагалиев (Орал), 60 келіде Т.Нұрғалиев (Орал), +66 Д.Крашенинин (Орал) турнирдің чемпионы атанды. Ал жәнібектік С.Нұрсұлтанов, астаналық Д.Сүйініш, оралдық Э.Анарбек «Жеңіске деген жігерлігі үшін» номинациясымен марапатталды.

Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне аудандық спорт мектебінің диплом, медаль және естелік сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар Садырбек Сәрсенғалиевтің алғашқы жаттықтырушысы, бүгінде талай шәкірттерді дзюдо күресіне баулып жүрген Ғадылбек Сатыбалдиевке ұйымдастырушылар атынан естелік сыйлық табыс етті.

Осы жарысты ұйымдастырушылар демеушілік танытқан Астана, Ақтөбе қалаларынан Асхат Қарағойшинге, Азамат Мырзашевқа, Алматы қаласындағы, Қараөзен ауылындағы бір топ достары, сыныптастарына, Садырбек Сатымұлының тума-туыстарына, облыстық мәслихат депутаты Мағауия Есмағұловқа, жеке кәсіпкер Рауан Есенғалиевке, Ғ.Молдашев атындағы орта мектептің, Қараөзен мектеп-лицейінің ұжымдарына алғыстарын білдіреді.

Тұрарбек Қайырғалиұлы

Жалпақтал ауылы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале