Казталов ауданы әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев Жалпақтал ауылында өзен бойында орын алған төтенше жағдайда балалардың өмірін арашалап қалған Еламан Максимұлын арнайы қабылдап, аудан әкімінің атынан алғыс хат табыстады.

Кездесу барысында Рашит Нәсіпқалиұлы Еламанның батыл әрекетіне жоғары баға беріп,
– Адам өмірінен асқан құндылық жоқ. Қиын сәтте еш ойланбастан қауіпке қарсы шығып, балаларды аман алып қалуыңыз – нағыз азаматқа тән қасиет. Мұндай ерлік – көпшілікке үлгі болатын іс. Осындай елге жанашыр, жүрегі кең азаматтарымыздың бары бәріміз үшін мақтаныш. Сізге аудан әкімінің және барша тұрғындардың атынан шынайы алғысымды білдіремін, – деді.
Өз кезегінде Еламан Максимұлы көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдіріп, адам өмірін құтқаруды азаматтық парызы санағанын жеткізді.
Жайна Қабиболла,
Казталов ауданы