Аққозы ауылында Домбыра күніне орай ұйымдастырылған “Күмбірле, домбыра” атты аудандық күйшілер байқауы өз мәресіне жетті. Ұлттық өнерді ұлықтауға бағытталған додаға ауданның әр елді мекенінен келген 15 үміткер қатысып, күйшілік шеберліктерін ортаға салды.

Сайыс екі кезең бойынша өтті. Алғашқы кезеңде қатысушылар халықтың дәстүрлі күйлерін орындаса, екінші кезеңде еркін тақырыпта өз таңдауларын ұсынып, өнерлерін паш етті.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Сәуле ауылынан келген Ғалып Құдайбергенге бұйырды. Ол Құрманғазының «Назым» күйі мен Секен Тұрысбековтің «Ару ана» шығармасын шебер орындап, жоғары бағаланды.

Бірінші орынды Ақтайсай ауылының күйшісі Айбар Ерқанат иеленсе, екінші орын Шөптікөл ауылының өкілі Тілеген Жігерге бұйырды. Ал үшінші орынды Жусандыой ауылының күйшісі Пауеденов Диас пен Саралжындық Темірбек Кемеңгер өзара бөлісті.
Сонымен қатар, «Жас қатысушы» номинациясы Қаратөбе ауылының жас күйшісі Тарас Нұрасылға табысталып, арнайы естелік сыйлықпен марапатталды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай сыйақымен марапатталып, өзге қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.
Аудандық деңгейде өткен өнер додасы жас күйшілердің шығармашылығын шыңдап, ұлттық күй өнерін насихаттауға өзіндік үлесін қосты.
Бекзат Қанәділ
Қаратөбе ауданы