Ақорданың ресми сайты жариялағандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтады.

Фото: akorda.kz
Президент өз жолдауында қос ішекті қастерлі аспаптың ұлттық бірегейлігіміз бен мәдениетіміздің мызғымас тұғыры екенін атап өтті. Сонымен қатар биылғы мерекенің мемлекеттілік жылнамасында ерекше символдық мәні бар кезеңмен – Халық Конституциясының заңды күшіне енуімен тұспа-тұс келгеніне тоқталды. Жаңарған Ата заңда тарихи-мәдени мұраны сақтау мен қолдау алғаш рет негізгі қағидат ретінде айқындалған.
Мемлекет басшысы ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – домбыра» деген сөзін алға тартып, қасиетті аспаптың әуенін халықаралық қауымдастыққа танытуды жалпыұлттық парыз деп атады. Президент ұлттық өнерді ел ішінде және шетелде насихаттап жүрген барша домбырашылар мен ұстаздарға шынайы ризашылығын білдіріп, әр шаңыраққа амандық пен бақ-береке тіледі.