Әркімге туған жері – тәу етер Қағбасы. Хан ордасы дәл осы топырақта кіндік қаны тамған ауыл адамы үшін ғана малға жайлы шұрайлылығымен, тірлігі жарасқан береке-бірлігімен, қызыл төбе құмымен, ит тұмсығы батпайтын қалың жыңғылы, қарағайлы тоғайымен ғана көңілге ыстық, жүрекке жақын емес. Күллі қазақ үшін қасиетті де қастерлі мекен. Хан ордасының бәсін биіктетіп, абыройын асқақтататын том-том кітапқа азық болар тарихы.

Бөкей сұлтан мен хан Жәңгір негізін қалаған Хан ордасы ауылының тұрғыны болудың өзі бір бақыт деп сезінемін. Бұл ауыл мен үшін кіндік қаным тамған атажұртым ғана емес, ұлт тарихында ойып тұрып орын алатын қастерлі де қасиетті қоныс, тұңғыштар мекені.
Шалғайдағы шағын ауыл мемлекеттің назарында, облыс басшылығының қамқорлығында деп түсінемін. Өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің өзі елге келген әр сапарында Хан ордасына соқпай кеткен емес. Әкімнің бұл ісін мен өткенге құрметі, бүгінгіге қамқорлығы деп түсінемін, – дейді ауыл ақсақалы, еңбек ардагері Талғат Саматов.
Десе дегендей, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің тікелей қолдауымен «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» серіктестігінің демеушілігімен музей-қорық кешенінде бұрын-соңды болмаған жобалар жүзеге асты.
– Визит орталығы мен әкімшілік ғимарат, заманауи дәретхана жүйесі салынды. Бұл нысандарға бөлінген қаржы да қомақты. Визит орталығының құрылысына 217 655 276 теңге жұмсалса, 326 482 915 теңгеге әкімшілік ғимараты салынды. Зиярат етушілердің толыққанды дәрет алуына жағдай жасалған заманауи дәретхана жүйесіне 73 598104 теңге қаржы қарастырылды. Одан бөлек «Қазрестраврация» РМК-ның қаржыландырылуымен Алма Оразбаева, Сейітқали Меңдешевке құтты қоныс болған ғимараттар қалыпқа келтіріліп, кешеннің керегесін кеңейтті, – дейді музей-қорық директоры Гүлмару Мырзағалиева.
Өткенге сәл шегініс жасасақ, Хан ордасы – қазақ даласындағы алғашқы еуропалық үлгідегі мектептер, ауруханалар, кітапханалар ашылған тарихи орын. Бір сөзбен айтқанда, даладағы музей іспетті. Мұнда XIX ғасырдан сақталған 40-тан астам тарихи ғимарат, 16 мәдени ескерткіш, бірегей Хан ордасы музей-қорығы бар. Жәңгір хан, күйші Дәулеткерей, этнограф-ғалым Мұхамед-Салық Бабажанов кесенелері, әулие Сағи хазірет пен Сүлеймен хазіреттің қорымы – халық тәу ететін қасиетті орындар.
Хан ордасы – бүгінде алыс-жақын шетелдік туристердің қызығушылығына ие болған туризм ордасы болса, зиялы қауымның тәу етер атакүлдігі. Табиғи шипалы балшықпен, күміс иондары бар минералды сумен ем алып, Нарын қарағайының фитонцидті ауасымен демалуға болатын тарих пен табиғат үйлесім тапқан құтты қоныс.
Музей-қорық қызметкерлерінің айтуынша, жыл басынан бері 12 мыңға жуық турист біздің ауылға ат басын тіреген екен. Бұл сандық мәлімет 2026 жылдың алты айына ғана тиесілі екенін де айта кетелік. Осы орайда «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы «Үздік туристік ауыл – 2025» байқауының қорытындысы бойынша XIX ғасырдан бері өзінің тарихи, мәдени, табиғи құндылықтарымен танымал Хан ордасы ауылы үздік бестікке енді.
Туристер көшінің еселенуіне бірден-бір жол ашқан жайт – облыс орталығынан Хан ордасына дейін асфальт жабынды жол төселгені десек, артық айтқанымыз емес. Жолдың азабын шеккен адам біреу болса, солардың бірі өзіміз. Ұзаққа созылса да, жол мәселесінің оңтайлы шешілгеніне қуаныштымыз. Тек облыс орталығына қатынайтын күрежолдың ғана мәселесі шешіліп қойған жоқ. Ауылдың ішкі жолдары мен жарықтандыру мәселесі де оң шешімін тапты. Самаладай жарқыраған көше, тақтайдай тегіс жолдар көңіл қуантады. Санға шағып айтсақ, 716 126 675 теңге қаржы бөлініп, ауылдағы электр желісі түгел жаңартылып, көшелер тұтас жарықтандырылды. Ауылдың ішкі жолдарының құрылысына 503268181.97 теңге жұмсалған.
Соңғы жылдары бірнеше ғимаратымыз күрделі жөндеуден өтті. Атап айтқанда, балалар кітапханасына 66. 2 млн теңгеге күрделі жөндеу жасалып, сірескен кітап сөресі тұратын көзге үйреншікті кітапханамыз жаңаша күйге енген. Әдемілігінде сөз жоқ.
Орда ауылдық мәдениет үйі де түбегейлі жөндеуден өтті. Сыртқы ғимаратынан бастап іштегі сахнаға дейін жаңартылды. Дәл осындай күрделі жөндеу жұмысы Жәңгір мектебіне де жасалды. Ал жаңадан бой көтерген «Нарын» спорт кешенінің ауылға сән қосып тұрғаны айтпаса да түсінікті. Күннен-күнге ажары айшықталып, еңсесі беки түскен ауылдың тірлігі толайым, тұрмысы ауқатты. Басқа ауылдардай емес, қалаға көш түзегендері жоқ. Қазақтан бөлек грек, немісі де, татары мен орысы да тамырын тереңдетіп, туған ауылдарынан кеткісі жоқ. Жастар да туған жерлеріне туын тігуге ниетті. Кәсіптерін ашып, заман ыңғайына қарай тірлік қылуда. Тек соңғы бірекі жылдың көлемінде Хан ордасында хостел, қонақжай, сұлулық салоны, стоматология мен кафе, сауна ашылған. Қыш тастан заманауи үлгіде салынған әдемі үйлер де осы Хан ордасына тиесілі. Соңғы бірер жылда жеке тұрғын есебінен тоғыз үй салынған екен.
– Бар саналы ғұмырым осы Хан ордасында өтуде. Тәуелсіздікпен бірге Хан ордасының екінші тынысы ашылғандай. Көгілдір отын, таза ауыз су, жол мәселесі жүз пайыз шешілді. Толассыз жаңбырға, төпелей жауған қарға қарамастан жолға шыға беретін болдық. Округке қарасты барлық медициналық пункт күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық әлеуеті жаңартылды. «Ауылда тұрамын, несібемді осы ауылдан табамын» дегендерге Үкімет тарапынан қолдау көп. Табыс табуға талпынғандарға «Ауыл аманаты», алғашқы еңбек жолын ауылда бастағысы келетін жастарға «Дипломмен ауылға!» бағдарламалары қарастырылған. «Ауылдың жағдайы дәл осындай болады» деп осыдан он-он бес жыл бұрын айтса, ертегі дер едік. Ал қазіргі тұрмысымыздың ертегіден несі кем?! Енді тілегіміз – осы бақуатты тірлігіміздің баянды болуын тілеу ғана, – дейді ауыл ақсақалы Майдан Батыров.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы