7.07.2026, 12:30
Оқылды: 17

Баянды бақтың бастауы болғай!

2губайдуллин

Қадірлі жасы үлкен-кіші бауырлар!

Өздеріңізге мәлім, осыдан бір апта бұрын кіріспесінде «Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап, мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен  аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап, Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйеніп, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықта-рын бағдарға алып, табиғатты аялау қажеттігін мойындап, бейбітшілікке және барлық елмен достыққа ұмтылып, келе-шек ұрпақ алдындағы аса жоғары  жауапкершілікті сезініп, Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз», деп жазылған Қазақстан Республикасының жаңа  Конституциясы күшіне мінді, қолданысқа енді. Еліміздің Негізгі заңының 1-бабында «Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екендігі айшықты айтылып, тайға таңба басқандай анық жазылған. Ал 2-бабының бірінші және екінші тармағында Қазақстан Республикасының унитарлы мемлекет екендігі, әрі еліміздің егемендігі оның бүкіл аумағын қамтитындығы, сонымен қатар мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын, бөлінбеуін қамтамасыз ететіндігі осыдан сан ғасыр бұрын тасқа қашалған Тоныкөк, Күлтегін жазуларындай оқыған адамның жадынан өшпейтіндей, санасына біржола сіңетіндей бірден ұғынықты мағынада тиянақты жазылған. Демек, Отанымыздың жаңа Ата Заңы халқымыздың бірлігін бекемдеп, берекесін еселері, ынтымағын нығайтып, ырысын молайтары кәміл. Ендеше, күн шұғылалы Қазақ елін жайнатар жасампаз еңбекке жаппай жұмылайық, бауырлар!

Еліміздің жаңа Конституциясы құтты болсын, отандастар!

Халқымыз үшін жаңа Негізгі заңымыз барша жақсылықтың ұйытқысы, мемлекетіміз үшін баянды бақтың бастауы болғай!

 

Бауыржан Ғұбайдуллин,

жазушы-журналист,

халықаралық «Ертөстік» әдеби сыйлығының лауреаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале