10.07.2026, 15:30
Оқылды: 13

Райгүл Ибатова: «Қиындығы да, қауіп-қатері де аз емес еді...»

Мал шаруашылығы – халықты түрлі тағам өнімдерімен, өнеркәсіпті шикізатпен қамтамасыз етіп отырған негізгі бағыттардың бірі. Осындай әлеуметтік-экономикалық маңызы зор салада еңбек ететін ветеринарлардың қызметі де ерекше. Жәнібек ауданында Райгүл Ибатова қырық жылға жуық уақыттан бері мал дәрігері болып қызмет істеп келеді. 

WhatsApp Image 2026-06-30 at 14.11.46 (1)

Ол – Ақоба ауылдық округінің ветеринария пунктінің меңгерушісі. Қасындағы әріптестерімен бірге 49 шаруа қожалығының және ауыл тұрғындарының малына емдом жасайды. Яғни малдың әртүрлі қауіпті кеселге шалдықпауын, олардан алынатын өнімдерден адам денсаулығына зиян келмеуін қамтамасыз ету бағытында қызмет етіп жүр.

– Алғашқы еңбек жолым  өзім туып-өскен Ақоба ауылында басталды. Мен ата-анамның тұңғыш перзентімін, өзімнен кейін бес сіңлім бар. 1983 жылы әкем жүрегі ауырып өмірден өтті. Мен анама қолғабыс ету үшін мектеп бітірген соң бірден оқуға бара алмадым. Ауылда ветеринар дәрігерлердің қасында санитар болып жұмысқа тұрдым. Ол кезде қазіргідей емес, инелерді қайнататын еді. Ауырған малды қарау, мал дәрігерінің құрал-саймандарын дайындау сияқты жұмысқа қолғабыс қылдым. Қиындығы да, қауіп-қатері де аз емес ветеринария саласына деген ықыласым сол кезде оянды. Сол жылдары жұмыстас болған Тарас, Марат, Иран, Амантай ағайлар бүгінде арамызда жоқ. Ғұбашев Жасұлан ағай – қазір зейнеткер. «Райгүлдер жас қой, олардан жұмыс артылсын ба?!» деп жігерлендіріп қоятын. Біз, жастар,  ағайлардың сенім артқанына мәз болып, арқаланып кететінбіз. Бір күнде мың жарым қойдан қан алып тастайтынбыз. Алғаш жұмысқа тұрған жылдары мынадай қызық болды. Совхоз кезінде өлген малды акт жазып, есептен шығаратын. Базарғалиев Амантай ағай екеуміз бірінші ферманың ветеринар дәрігеріміз. Бір шопанның 96 қозысы өліп қалды деген хабар келді. Осы оқиғаның жай-жапсарын білуге барсам, шопан өлген қозыларды қақталған балық сияқты тізіп іліп қойыпты. Бұл жайтты директорға айтудың өзі қорқынышты еді. «Бәрі тышқақтан өліпті» деп акт жазғаным есімде, – деп өткенді есіне алды апай (суретте).

Жастайынан еңбекке араласқан Райгүл Сәбитқызы 1987 жылы Оралдағы ауыл шаруашылығы техникумында оқып, ветеринар мамандығын алып шығады.

«Ол кезде совхозда мал көп.  Бір ферманың алты-жеті нүктесінің әрқайсысында 120 ірі  қара, 1500 қой-ешкіден болатын. Біз алғаш еңбекке араласқан жылдары көлік тапшы еді. Әлі есімде, малды ауылдарға жазда ат арбамен, қыста ат шанамен қатынадық. Бірде қыс мезгілінде марқұм Амантай ағаймен ат шанамен келе жатқанда, жылқы әлденеден үркіп, шананы алып қашты. Екеуміз екі жаққа ұшып кеттік. Дәрі-дәрмектер, құрал-саймандар салынған сөмкеміз бір жақта қалды. Тағы бірде «Урал» мотоциклімен фермаға бара жатқанымызда салынып жатқан жолға үйілген топыраққа соғылып, ауып қалғанымыз бар. Оқу бітіріп келген жылдары ауылда раскол деген болған жоқ. Ол уақытта тұрғындарда тек екі-үш қана мал болатын. Қан аларда малды көшедегі бағанаға байлайтын. Қазір ғой ауылдарда, әр қожалықта раскол бар», – деп қайнаған жұмыс жылдарын есіне алды Райгүл апай.

Ветеринарлар қызмет барысында қауіп-қатермен де жиі бетпе-бет келеді. Жылдың қай мезгілі болса да, белгілі бір ауруға шалдыққан төрт түлікті тексеріп, ем-дом жасайды. Сібір жарасы, туберкулез, бруцеллез, қарасан секілді өзге де түрлі жұқпалы аурулармен күреседі. Ал бұл аурулар адам денсаулығына да қауіпті. Райгүл апай да талай рет қауіппен бетпе-бет келген. Ту сыртынан келген сиыр мүйізімен іліп алып, тік көтерген кезде әупірімдеп аман қалған. Расколға қамалған ірі қарадан қан алып жатқанда төрт саусағы қысылып, буындарын шығарып та алған. Күннің ыстық-суығында да малға ем-дом, күтім жасайды.

– Біздің жұмыс уақыт таңдамайды. Тұрғындар қай уақытта шақырса да көмек көрсетуге тырысамыз. Ветеринария саласындағы жұмыс өңірдегі эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етумен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға да бағытталған. Сондықтан мал дәрігерлеріне жыл сайын арнайы жоспар беріледі. Соның аясында мал ауруларына қарсы екпе салу, қан алу секілді маңызды іс-шаралар жүргіземіз. Қазір ауылда ветмамандар жеткілікті. Мал төлдерін бірдейлендіреміз, яғни бұзауларға, лақ-қошақандар мен боталарға сырға, құлындарға чип саламыз. Ауыл тұрғындарының малына ветеринарлық іс-шаралар жүргізерде алдын ала хабар береміз. Қазір ауылда мал соятын орын жоқ. Тұрғындар малды аудан орталығындағы мал соятын пунктке апарып сояды. Мал моласы ауылдан он шақырым жерде. Жаңа қызметтік көлігіміз бар. Ветеринарлық пункт салынып жатыр. Қазіргі кезде мал дәрігерлеріне алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалуда. Жас мамандар бұл саланың қыр-сырын жетік білуі үшін малдың арасында жүруі керек. Өйткені қан алу, екпе салу да мол тәжірибені қажет етеді. Кейінгі кезде тұрғындар асырап отырған малына ауруға қарсы екпе салуға мән бере бастады. Жалпы округтегі төрт түліктің саны жылдан-жылға артып келеді. Төлімен қоса есептегенде округте 8800-дей ірі қара, 7700-дей ұсақ мал, 50 шақты түйе және 4000 астам жылқы бар, – деді мал дәрігері. Бүгінде Райгүл Сәбитқызы аудандық ветеринарлық станса директоры Мирболат Теміров бастаған ұжыммен, әріптестері Айдарбек Қыдырғалиев, Нұртілек Уканов, Албина Алиповамен қоян-қолтық қызмет етіп жүр.

Талай жылдан бері мал шаруашылығында тапжылмай тер төгіп келе жатқан Райгүл Ибатова – асыл жар, абзал ана, ардақты әже де. Бүгінде бірге қызмет істейтін жұбайы Елтай Хайырұлы екеуі қос қызы мен ұлының қызығына кенеліп отыр. Тұрмысқа шыққан соң да қызметтен қол үзбеген кейіпкеріміз отбасына да көңіл бөліп, мамасына (енесі) да құрмет көрсеткен.

– Менің жұбайым отбасындағы кенже ұл болғандықтан, енеммен бірге тұрдық. Енем Бірғаным өте жақсы адам болды. Жарықтық, өте сабырлы еді. Маған «Бұл – ер адамның жұмысы ғой. Қалай шаршамайсың?» дейтін. Жұмыстан келгенде «Мына сиыр маған сауғызбады. Өзің шаршап келдің, бұзауын емізіп ал» деп, қамымды ойлап отыратын. «Үйінде қариясы бардың – ырысы бар» деп бекер айтылмаған. Бұл – ұрпақ сабақтастығын, тәрбие мен салт-дәстүрді жалғастыруға үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын. Жұбайым тоғыз ағайынды. Үлкен шаңырақта тұрғасын ұл-қыздардың бәрі біздікіне жиналатын. Әсіресе балалардың жазғы демалысында үй абыр-сабыр болып, берекесі арта түсетін еді. Тұңғыш қызымыз әжесінің бауырында өсті. Балаларға бірдеңе сатып әкелсек, енемнен рұқсат сұрап беретінбіз. Жұбайым Елтай да жұмысыма түсіністікпен қарап, қолдау көрсетіп келеді, – деп  ағынан жарылды Райгүл апай.

Ер-азаматтармен қатар еңбек етіп жүрген Райгүл Сәбитқызы қолы қалт еткенде түрлі торт, сан алуан дәмді тамақ пісіргенді ұнатады. Шағын кафесі де бар. Талай жылғы еңбегінің жемісін зейнетке шығып түйіндемек. Дұрысында, жұмысына жауапты маманның қызметтен ерте қол үзбеуін сала басшылары қалап отыр. Көп тілегі қабыл болғай.

Айна Имашева,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале