ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру — еліміздің мәдени, білім беру және ақпараттық саясатындағы басым бағыттардың бірі.

Фото: istockphoto.com
Осы мақсатта кітапханаларды жаңғырту, кітап қорын толықтыру және баспа ісін дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінде Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерге қызмет көрсететін 300-ден астам кітапхана жұмыс істейді, олардың қорында 7 миллионнан астам кітап жинақталып, тұрақты оқырмандар саны 1,7 миллионнан асқан.
Кітапханалардағы оқырман сұранысы балалар әдебиетіне деген қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын аңғартады. Жас оқырмандардың ең сүйіп оқитын шығармаларының қатарында Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» және «Балалық шаққа саяхат», Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі», Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала», сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» туындылары бар. Осы сұранысты өтеу мақсатында ағымдағы 2026 жылы кітапханалар қорын балалар мен жасөспірімдерге арналған 42 мың жаңа кітаппен толықтыру жоспарланып отыр.
Балалар әдебиетіне деген үлкен қызығушылық кітапханалармен ғана шектелмейді, мәселен, жыл басынан бері кітап дүкендерінде балаларға арналған 200 мыңнан астам кітап сатылған.