БҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Тасқала ауданында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында «Мөлдір бұлақ» республикалық акциясының екінші кезеңі ұйымдастырылды.

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен, БҚО әкімдігінің қолдауымен өткен шараға вице-министр Жандос Сәлімов, облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз, «Қазсушар» кәсіпорны мен Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясының мамандары, «Жасыл ел» сарбаздары мен еріктілер қатысты.


Жиында Нұрділдә Ораз аймақта «Таза Қазақстан» аясында атқарылған жұмыстарға тоқталып, санитарлық-экологиялық айлық кезінде 85 мыңнан астам адамның қатысуымен 17 мың гектар аумақ тазартылғанын, 36 мыңнан астам ағаш отырғызылғанын мәлімдеді. Өз кезегінде ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов экологиялық шараға бір кісідей атсалысқан аудан тұрғындары мен белсенді азаматтарға ризашылығын білдірді.



Сонымен қатар қазіргі уақытта Тасқала ауылында Деркөл өзенінің арнасын кеңейту және Жайықбай арнасын қайта жаңғырту қолға алынған.


Экологиялық шара аясында 130-дан астам қатысушы Тасқала ауылы маңындағы шағын бұлақты қоқыстан тазартып, ағаш түптерін әктеді. Айта кетейік, жалпы ұзындығы 176 шақырым болатын Деркөл өзені осындай жерасты бұлақтардан бастау алады.









