Қаратөбе ауданында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған волейбол, футзал және асық ату лигаларының кезекті маусымы өз мәресіне жетті. Төрт ай бойы ауданның спортсүйер қауымын бір арнаға тоғыстырған жарыстардың қорытындысы шығарылып, үздік спортшылар мен жеңімпаз командалар салтанатты түрде марапатталды.

Жабылу рәсімі спорттық маусымның ең жарқын сәттері топтастырылған бейнероликтен басталды. Экраннан төрт ай бойы өткен тартысты кездесулер мен әсерлі сәттер көрсетіліп, жанкүйерлер мен спортшыларға ұмытылмас естеліктер сыйлады.
Биылғы лигалар бұқаралық спортты дамыту, тұрғындарды салауатты өмір салтына баулу және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында өткізілді. Осы уақыт ішінде аудан бойынша 200-ге жуық тұрғын волейбол, футзал және асық ату жарыстарына тұрақты қатысып, спортқа деген қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетті. Лигалар тек жеңімпаздарды анықтап қана қойған жоқ, жаңа достықтың нығаюына, тәжірибе алмасуға және командалық рухтың қалыптасуына да ықпал етті. Ең бастысы – осы жарыстарда шыңдалған командалар облыстық жарыстарда Қаратөбе ауданының намысын абыроймен қорғап, жүлделі орындардан көрінді.
Салтанатты жиында Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Орынбасарұлы Сүйеуғалиев спортшыларды маусымның сәтті аяқталуымен құттықтап, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.
– Бұл лигаларда тек жеңімпаздар ғана анықталған жоқ. Ең бастысы – аудан тұрғындарының спортқа деген қызығушылығы артып, жастарымыз шыңдала түсті. Осындай жарыстарда тәжірибе жинақтаған спортшыларымыз бүгінде облыстық деңгейде ауданымыздың намысын лайықты қорғап жүр. Бұл – спортшылардың, бапкерлердің, ұйымдастырушылардың, демеушілер мен жанкүйерлердің ортақ еңбегінің нәтижесі. Алдағы уақытта да Қаратөбеде бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жобалар жалғасын табады, – деді аудан әкімі.
Шара барысында аудан спортының дамуына қолдау көрсетіп, спорттық лигалардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлес қосқан бірқатар кәсіпкерлер аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында «Дәмхана» кафесінің иесі Индира Низамова, «Kami's House» фастфуд желісінің иесі Наурызбек Шұқанов, «Бір жер» кафесінің иесі Мейрамбек Далабаев және «Мерей» дүкенінің иесі Еламан Оралов бар.

Биылғы маусымда волейбол лигасы жанкүйерлерге тартысты кездесулер сыйлады. Әр ойын жоғары қарқынмен өтіп, командалар жеңіс үшін соңына дейін күресті. Лига қорытындысы бойынша үздік ойыншылар арнайы аталымдармен марапатталды. Командалық есепте Қажым Жұмалиев атындағы мектеп-гимназия үшінші орынға ие болса, Спорт мектебі күміс жүлдені еншіледі. Ал тұрақты ойын өрнегін көрсеткен Қаратөбе спорт клубы лиганың чемпионы атанды.
Сонымен қатар Қаратөбе кубогі үшін өткен волейбол жарысында да тартыс жоғары деңгейде өрбіді. Аққозы мектебі үшінші орынға тұрақтаса, Қажым Жұмалиев атындағы мектеп-гимназия екінші орын алды. Ал кубоктың бас жүлдесін Спорт мектебі жеңіп алды.

Ұлттық мұрамызды дәріптеген асық ату лигасы да биыл ерекше қызығушылықпен өтті. Мергендік пен дәлдікті талап ететін додада тәжірибелі спортшылармен қатар жас ойыншылар да өз шеберліктерін көрсетті. Жарыс барысында ерекше көзге түскен ойыншылар арнайы аталымдармен марапатталды. Ал жекелей сынның қорытындысы бойынша Нұрдәулет Сәленұлы үшінші, Естай Абайұлы екінші орынға ие болса, Жасұлан Ерланұлы лига жеңімпазы атанып, бас жүлдені иеленді.
Қаратөбе футзал лигасы биыл да ең көп жанкүйер жинаған жарыстардың біріне айналды. Әр тур сайын тартысты ойындар өтіп, чемпиондық үшін күрес соңғы кездесулерге дейін жалғасты. Маусым қорытындысында үздік төреші мен үздік ойыншылар арнайы аталымдармен марапатталды. Командалық есепте Аудан әкімдігі құрамасы үшінші орынға ие болса, Өрт сөндіру бөлімі күміс жүлдені иеленді. Ал биылғы футзал лигасының чемпионы атанған Қаратөбе спорт клубы тағы бір мәрте өзінің мықтылығын дәлелдеді.

Футзалдан Қаратөбе кубогі де тартысты өтті. Кубок үшін болған бәсекеде Шөптікөл мектебі үшінші, Спорт мектебі екінші орынға ие болды. Ал финалда үздік ойын өрнегін көрсеткен №18 өрт сөндіру бөлімі кубок иегері атанды.
Осылайша, төрт ай бойы жалғасқан Қаратөбе спорттық лигалары тағы бір табысты маусымын қорытындылады. Жарыстар жүздеген тұрғынды ортақ мақсатқа жұмылдырып, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырды, жаңа таланттардың танылуына жол ашты. Ең бастысы, бұқаралық спорттың дамуына тың серпін берген бұл жоба Қаратөбеде салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызды алаңына айналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта да дәстүрлі спорттық лигалар жалғасып, аудан спортының дамуына өз үлесін қоса береді.