15.07.2026, 9:30
Оқылды: 84

Еңбекке лайық құрмет

ҚР Ветеринария қызметкерлері  күніне  орай  облыстық  ветеринария  басқармасында сала мамандарын  құттықтауға  арналған  іс-шара өтті. Мерекелік кездесуге  облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов,  басқарма  басшысы  Абзал  Бралиев,  сондай-ақ  шаруа қожалықтардың жетекшілері мен сала ардагерлері  қатысты.

DSC_3644

Баршаңызға белгілі, шілде жұлдызының екінші жексенбісінде малшылар күні, ал 10 шілдеде ветеринарлар күні аталып өтіледі. Кәсіби мерекеге орай әріптестерді құттықтаймын! Бұған дейін Астанада өткен ауыл шаруашылығы және ветеринария қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған республикалық салтанатты жиында Батыс Қазақстан облысының бірқатар маманы жоғары мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, облыстық ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиев пен ҚР Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясының тамақ өнімдері қауіпсіздігі бөлімінің бас маманы, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы Бибігүл Шамғонова ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің алғысхатымен марапатталды. Сонымен қатар «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі «Хамиджан» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің шопаны Болат Тажимов пен «KazMeat Ақжайық» ЖШС құрама жем цехының операторы Нұрболат Үмбетәлиевке табысталды. Ал «Ахмет» шаруа қожалығының басшысы Жеңісбек Ахметов ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасына лайық деп танылды, – деді облыс әкімінің орынбасары  Қалияр  Шадиярұлы.

Қалияр Шадиярұлы Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасы өңір үшін стратегиялық басымдық екенін атап өтті. Осы мақсатта мемлекеттік қолдау тетіктері тиімді пайдаланылып, инвестициялық жобалар іске асырылып, өндірісті жаңғырту, суармалы егіншілікті дамыту, мал шаруашылығы өнімдерін арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылды. Сондай-ақ саланы қаржыландыру жыл сайын артып келетінін тілге тиек етті. Оның баяндауынша, биыл облыстың ветеринариялық қауіпсіздігіне 6,7 млрд теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 39%-ға жоғары. Мамандардың мобильділігін арттыру үшін соңғы үш жылда бюджет есебінен 1,3 млрд теңгеге 149 жаңа аутокөлік беріліп, барлық ауылдық округ толық қамтылған. Инфрақұрылымды дамыту да басты назарда. Өткен жылы облыс аумағында 29 пункт пен 29 мал қорымы салынса, 2026-2027 жылдары 4 млрд теңгеге 5 ветеринариялық станса, 75 пункт және 89 мал қорымы салынады.

Нәтижесінде өңірдің ветнысандармен қамтылу деңгейі 90%-ға жетеді.

Салтанатты жиында ауыл шаруашылығы мен ветеринария саласының дамуына үлес қосқан бірқатар еңбек озаты мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.

ҚР Премьер-министрінің алғысхаты Бөрлі ауданындағы Қарағанды ауылының жеке тұрғындарының мал бақташысы Жаңабай Мұрзагереевке және Бәйтерек ауданы Шалғай ауылдық округінің жеке тұрғындарының мал бақташысы Жеткен Набановқа табысталды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі Сырым ауданының ардагері Искак Күрпелдисовке, Жаңақала ауданындағы «Кердері» шаруа қожалығының басшысы Марат Темірбековке және ветеринария саласының ардагері Серік Нұрмағанбетовке берілді.

«Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен Бөкей ордасы ауданындағы «Шалқар» шаруа қожалығының малшысы Ринат Әбдірешев, Ақжайық ауданындағы «Мансур» шаруа қожалығының бақташысы Әнуарбек Сейітқалиев және Сырым ауданындағы жеке тұрғындардың мал бақташысы Дәулетқали Мырзағалиев марапатталды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасын Қаратөбе ауданындағы «Аманбол» шаруа қожалығының малшысы Ізбасар Төлегенов, Жәнібек аудандық ветеринариялық стансасының ветеринары Раушангүл Айтқалиева және Сырым аудандық ветеринариялық стансасының ветеринары Света Шакенова  иеленді.

Министрліктің алғысхаты Тасқала ауданындағы «Дәурен» шаруа қожалығының көмекшісі Жандос Нұрмағанбетовке және Қаратөбе ауданындағы «Мақсат» шаруа қожалығының жетекшісі Ғабит Махановқа берілді. Сондай-ақ облыс әкімінің алғысхатымен ауыл шаруашылығы мен ветеринария саласында еңбек етіп жүрген 13 маман марапатталды. Олардың қатарында шаруа қожалықтарының малшылары мен бақташылары, аудандық ветеринариялық стансалардың директорлары, ветеринария дәрігерлері, ветеринариялық пункт меңгерушілері және ауыл шаруашылығы  бөлімдерінің  мамандары бар.

Іс-шарада облыстық ветеринария қызметкерлері кәсіподағы бірлестігінің төсбелгісі де бес үздік маманға бұйырды. Марапат иелерінің қатарында Жәнібек ауданындағы Күйгенкөл ауылдық округі ветеринариялық пунктінің меңгерушісі Раушангүл Айтқалиева да жарқырай көрінді. Ол ветеринария саласында 12 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Айтуынша, таңдаған мамандығына ешқашан өкінген  емес.

– Адам өз ісін сүйсе, жұмысы да өнімді, көңілі де орнықты болады. Малдың саулығы мен амандығына жауап беру – міндет. Мектеп бітірген соң, мемлекеттік грант негізінде оқуға түсіп, кейін осы мамандықтың қыр-сырын меңгере бастадым. Әрине, бұл оңай кәсіп емес, бірде алғыс естисің, бірде сынға қаласың. Соған қарамастан, бүгінде ветеринария саласы қарқынды дамып, мамандарға қолайлы жағдай жасалып жатыр. Бұрын әйел ветеринарлар

некен-саяқ болса, қазірде бұл қалыпты жағдай. Үш жылдан бері ветеринариялық пунктке жетекшілік етіп келемін. Атқарып жүрген еңбегімді мақтан тұтамын, – дейді  Раушангүл  Айтқалиева.

DSC_3590

Саладағы өзекті мәселелердің  бірі туралы Жаңақала ауданындағы Жаңажол ауылының тұрғыны,80 жастағы  Марат Темірбеков те сөз қозғады. Оның айтуынша, ауылдағы ең өзекті мәселелердің бірі – ветеринар мамандарының  жетіспеуі.

– Шаруашылығымызда 300-ден астам ірі қара бар. Біз үшін қиындық – су тапшылығы. Жеріміз құмды болғандықтан, құдық суын пайдаланамыз. Бұған қоса, ветеринар мамандары тапшы. Ауданға қарасты барлық ауылдық округке үш маман қызмет көрсетеді, олардың үшеуі де зейнет жасында. Сондықтан қолдан келгенше бір-бірімізге жәрдемдесеміз. Мал бағып жүргеніме біраз жыл болды, осы уақыт ішінде олардың көп ауруын өзім де ажыратып, танып үйрендім, – деді Марат Темірбеков.

Ернар Жақып,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале