15.07.2026, 11:30
Оқылды: 9

Ақ Жайықта дәстүрлі әннен жаңа рекордқа дайындық басталды

Таяуда «Атамекен» өнер ордасында филармония әртістері, дәстүрлі әншілер Хатимолла Бердіғалиев пен Қайрат Кәкімовтің дәстүрлі  ән айтудағы рекордтық көрсеткішті  жаңарту  мақсатында дайындық іс-шарасы өтті. 

DSC07894

Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармониясының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, фольклортанушы ғалым, эпик-жыршы Берік Жүсіпов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Бекжан Әшірбаев арнайы қатысты.

Баспасөз мәслихатында Берік Жүсіпов бұл бастаманың Қазақстандағы дәстүрлі ән өнерінің тарихындағы маңызды  оқиға  екенін  атап  өтті.

– Осы уақытқа дейін елімізде бір орындаушының сахнада жүзден астам дәстүрлі ән орындап, ресми рекорд орнатуы болған емес. Бұл игі бастама алғаш рет Абай елінде, Семей өңірінде жүзеге асып, онда 101 ән орындалды. Алдағы уақытта Тараз қаласында бұл көрсеткіш 114 әнге дейін жаңартылады деп жоспарланған. Батыс Қазақстан облысының әншілері осы бастаманы қолдап, үшінші болып рекорд орнатуға ниет білдірді. Әншінің деңгейі, ең алдымен, оның репертуарымен өлшенеді. Жүзден астам әнді бір сахнада орындау – үлкен өнер мен қажыр-қайраттың көрсеткіші. Сондықтан мұндай жетістікке жеткен өнерпазды нағыз кәсіби әнші деп бағалауға толық негіз бар, – деді Берік Жүсіпов.

DSC07956

Ғалымның мәлімдеуінше, Батыс Қазақстандағы рекордтық жобаның өзіндік ерекшелігі де бар. Биыл Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармония өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтуде. Мұндай рекорд орындаушының тек дауыс мүмкіндігін ғана емес, физикалық төзімділігін, психологиялық дайындығын және ең бастысы, репертуарлық байлығын  айқындайды.

Алдағы рекордтық концерт барысында Хатимолла Бердіғалиев пен Қайрат Кәкімов жүзден әлдеқайда көп дәстүрлі ән орындап, жаңа тарихи межені бағындыруға талпыныс  жасамақ  ниетте.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале