15.07.2026, 16:00
Оқылды: 10

Талдыбұлақтың қарбызын жеуге дайынсыз ба?! 

Сырым ауданы, Талдыбұлақ ауылындағы ескі бақшаның тор қақпасы қайта ашылып, тоқыраған топырағына күрек тиді.

IMG_2418

Талдыбұлақтың тумасы, бүгінде Орал қаласында тұратын кәсіпкер Мархабат Меңдешов ауылына деген махаббатын туған даласына дән қылып екті. Бүгінде 4 га алқапта қияр, қызанақ, асқабақ түйнек байлап, қауын мен қарбыз жапырақ жайып жатыр.

IMG_2430

Кеңес үкіметі кезінде жоспарлы еңбектің бір саласы - бақша шаруашылығы еді. Жұмыс күші, техника, көкөніс сақтау қоймасы - бәрі де орталықтандырылған болатын.

IMG_2427

Талдыбұлақтағы бақша да - бір кездері бір ауылдың несібесін айырған құтты еңбек орыны, өз тарихы бар мекеме былай айтқанда. Шамасы талдыбұлақтың әр баласы күнінде ауылдың шетіндегі бақшаның шарбағының ашық жерінен тығылып кіріп, қияр, қызанақ ұрлап, қыста тоғайдан қоян қуған шығар. Ол балалар бүгін есейді, елге тұтқа болды.

Мархабат әскерден келгеннен кейін “Көктөбе” ЖШС жұмысқа тұрды. Ол дәурен - “Көктөбенің” комбайндарының сары теңізде “жүзіп” жүрген уақыты.

IMG_2403

Мархабаттың әкесі Мыңжасар да, анасы Клара да - Талдыбұлақтың өз адамдары. Көп жыл бойы жаңағы серіктестікте еңбек етті.

- Кейпін Төлегеновтің іскерлігі, еңбекті ұйымдастыру, табысты жолды таңдаудағы менеджерлігі бәрімізге сабақ болды. Шаруашылықтың шарапаты ауылға тиіп еді. - дейді ол даладан дәріс тыңдап жүрген кездерін еске алып.

Бүгінде Мархабат Меңдешов көпсалалы кәсіппен айналысады. Жүк тасымалы, мал шаруашылығы, сауда. Мәкең биыл тәуекел деп тас жұтып, туған ауылына келіп бақша салды. Жуырда округ әкімі Азамат Абдрашевпен еңбек тынысын көріп қайттық.

Мархабаттың айтуынша, жерге түрен түскенше де жасайтын іс табылды. Алқаптарды шөп басқан. Шауып, отамаса, бырт етіп жұлына қоймайды. Бұл бақшаның ерекшелігі - су бұлақтан келеді. Бұлақтың жолын, арықтарды тазартып, суару жүйесін қалпына келтіру де уақыт алды. Бұл уақытта Мархабаттың қала маңындағы жылыжайында тұқымдар көктеп тұрған. Бірер аптада бәрі бері қарай тасымалданып, Талдыбұлақ топырағына тамыр жайды.

IMG_2396

Қазіргі таңда көрші інісі Сағынғали бар, басқа да жігіттер бар бақшаның басында жүр. Кәсіп - нәсібі, үй - жайы қалада болса да, Мархабат та екі күннің бірінде осы жерден табылуға тырысады. Себебі, ең маңызды науқан басталды. Қиярлар өнім беруде. Күнделікті жинап алмаса болмайды. Әрі қарай қызанақ, асқабақ кезектерін күтіп тұр. Жұмыс күші болса, азаңдау. Сондықтан, санаулы адамға уақытпен санаспай еңбек қылуға тура келеді:

- Биыл бақша саласындағы алғашқы тәжірибеміз. Бірақ, тәжірибе деп жүрдім - бардым қарамай, мамандар әкеліп, жоғары сапалы тұқымды ектік, барлық технологияларды сақтаудамыз. Жасыл өскін көңіл қуантады. Қиярға ауызымыз тиді. Жиын - терін басталды. Қарбыз бен қауынның екі сортын еккенбіз. Бұйырса, Талдыбұлақтың қарбызын жеуге дайындалыңыздар! - деген Мархабат сөзін:

- Қиярлар пісті. Қалғандары да көп ұзамай теруге келеді. Теріп аламын десе, халыққа да ерік беріп қойдық. “Елде болса ерінге тиеді” - деген. Ауылдың бақшасынан бүкіл ауыл дәм татуға құқылы. Біздің бақша - халықтың ырыздығы. - деп жалғады. Қазіргі таңда бақшаға жұмыс күші жетіспей жатқаны бар. Егу бір бейнет болса, піскен - өскен көкөністі бабында жинап алу - жауапты шаруа.

Бақтың шыға берісінде тұрып:

- Бақшаға қанша миллион қаражат жұмсадыңыз?! Ақталады деп ойлайсыз ба?! - деп сұрадық.

IMG_2401

- Ақталса да, ақталмаса да мен ұтып тұрған адаммын. Бақ салып, туған ауылымдағы шаруаның жүруіне сәл де болса үлес қосудамын. - деді Мархабат мырза.

Иә, туған жерге деген махаббаттың шығынын есептеуге болмайды.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале