ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінің (ҰОК) хабарлауынша, Индонезия астанасы Джакартада өтіп жатқан бокстан U19 және U23 жас санатындағы Азия чемпионатында финалдық бәсекелер басталды.

Фото: olympic.kz
Жарыстың алғашқы күні U19 санатында бақ сынаған әйелдер арасындағы ақтық сында үш қазақстандық спортшы алтыннан алқа тақты. Атап айтқанда, Камила Оспанова (70 келі) өзбекстандық Мафтуна Янгиеваны, Айдана Убайдуллақызы (80 келі) үндістандық Мегха Шеокандты, ал Зарина Толыбай (80 келіден жоғары) үндістандық Прачи Токасты жеңіп, чемпион атанды.
Қазіргі уақытта U19 жас санатында Қазақстан қоржынында 3 алтын және 5 қола медаль бар. Бұған дейін Мадира Жұмақан, Едіге Нұрғожа, Ақнұр Тұрсынғали, Айсұлу Мұхит және Жалғас Утебеков жартылай финалда сүрініп, қола жүлдені қанағат тұтқан болатын. Бүгін кешкі сессияда U23 санатындағы қыздар арасындағы финалдық кездесулер өтсе, ертең, 16 шілдеде ерлер арасындағы жеңімпаздар анықталады.