Қаратөбе ауданында «Жаңа Конституция: Құқықтық мәдениет және әділеті қоғам» шеңберінде облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ бастамасымен, Қаратөбе және Сырым аудандары әкімдіктерінің қолдауымен және «Тұғырым» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қоғам мәдениеті мен отбасы құндылықтарын нығайту» – атты тағылымды іс-шара оздырылды.

Отбасындағы ананың мейірімі мен әкенің беделін дәріптеу, олардың шаңырақтағы айрықша рөлін айқындау, ана – отбасының жылуы мен берекесінің бастауы, әке – отбасының тірегі, қорғаны әрі ақыл-парасат иесі екендігін қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараны Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Ғабит Ғазиев алғысөзімен ашып, аталмыш семинардың күн тәртібімен таныстырды.

Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов бірлігі жарасқан көршілес екі ауданның өкілдері бас қосқан алқалы жиынның жұмысына сәттілік тілеп, семинарды ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді.
Семинарда Батыс Қазақстан облысы әкімдігі Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының кеңесшісі, облыстық аналар кеңесі төрайымының орынбасары – Жамал Ихсанова, «Қоғам мәдениеті мен отбасылық құндылықтарын дәріптеу» Орал қалалық аналар кеңесінің төрайымы, білім беру саласының ардагері – Тамара Сейтақова «Тәрбие анадан – Әйел мен ананың отбасындағы рөлі» тақырыптарында, «Жаңа Конституция: «Цифрландыру және жасанды интеллект» - туралы Батыс Қазақстан облысы әкімдігі ҚДБ «Қоғамдық келісім» бөлімінің медиаторы – Жиенбай Мирамбаев, Қаратөбе аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы – Мәулен Қожахметов «Қаратөбе ауданы ақсақалдар кеңесінің жұмысы туралы», Сырым ауданының аналар кеңесінің төрайымы – Гүлбақша Ерғалиева «Сырым ауданы аналар кеңесінің жұмысы туралы» баяндап, күн тәртібіне сай мәселе бойынша өз ойларын ортаға салды.

Қос аудан өкілдерінің басқосуы ашық диалог алаңы: сұрақ – жауап форматында өтті.

Басқосуға қатысқан аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының теолог-маманы Әмірбек Жәнібеков пен қосқөлдік қоғам белсендісі, еңбек ардагері Бейбіт Жұмақай ғаламторды тиімді бағытқа пайдалану және әлеуметтік желілердің кейбірінің кері әсеріне және келешек жас ұрпақтың тәрбиесіне кеңінен тоқталып, өз пікірлерін ортаға салды.

Аудан әкімінің орынбасары Ғабит Ғазиев іс-шараға қатысушы қонақтарға аудан ақыны Ертай Бимұхановтың кітабын табыстады.
Ерболат Райсов,
Казталов ауданы