20.07.2026, 10:00
Оқылды: 24

Сақтансаң, сақтайды!

Облыста ауа температурасының күрт жоғарылауынан су айдындарында төтенше жағдай санының өсуі байқалып  отыр. Бұл  туралы ӨКҚ алаңында  облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының міндетін  атқарушы Айбар Қамидуллиев  мәлімдеді.

4c169766-4b5a-467d-b5d0-707fb7a70a3a

Биыл су айдындарында төтенше жағдайлардың алдын алу жөнінде  іс-шаралардың кешенді жоспары  әзірленіп, бекітілді. Облыс әкімдігінің 2025 жылғы 31 шілдедегі №156 қаулысына сәйкес, су нысандары мен су шаруашылығы құрылысында бұқаралық демалыс, туризм және спорттық демалыс үшін 34 орын белгіленген. Олардың 13-і коммуналдық және 21-і жеке меншік жағажай.

– Ағымдағы жылдың 25 мамырынан бастап келіп түскен өтінімге сәйкес жағажайлардың түбін тексеру және тазарту жүргізілді. Қазіргі уақытта барлығы 22 жағажай (коммуналдық 9, жеке меншік 13) қаралды, 14 жағажайдың (3 коммуналдық, 11 жеке меншік) жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Ал 8 жағажайдың талапқа сәйкес келмеуіне байланысты жұмыс істеуіне рұқсат берілмеді. Рұқсат берілмеген жағажайлар қағидалардың талаптарына сәйкес  келген соң қайта түскен өтінімдерге сай қаралады.

Ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мақсатында білім басқармасы қызметкерлері су айдындарында адамдардың қаза болу статистикасы мен қауіпсіздік қағидаларының негізгі талаптары көрсетілген түбіртегі бар жадынамаларға қол қойғызып, табыстады. Оқушылардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жүзу дағдыларын қалыптастыру үшін облыста 5 жабық және  34 модульдік бассейн жұмыс істейді. Шомылу маусымында төтенше жағдайларға ден қою мақсатында департаментте 6 мобильді сүңгуір тобы, 80-нен астам құтқарушы, 30-ға жуық жүзу құралы, 14 аутомобиль және сүңгуір жабдықтарының 24 жиынтығы дайындалды, – деді облыстық ТЖД  өкілі  Айбар  Қамидуллиев.

Департамент қызметкерлері күн сайын бекітілген кестеге сәйкес су айдындарының қауіпті және жабдықталмаған учаскелерінде патрульге шығады. Сондай-ақ ТЖМ 20982-әскери бөлімінің 2 құтқару батальонының 10 әскери қызметшісі белгіленген 5 орында күнделікті кезекшілік атқарады.

– Биыл шомылу маусымы басталғалы бері төрт адам суға кетті, оның үшеуі – кәмелетке толмағандар. Былтыр осындай уақытта екі адам суға батып, жан тапсырды. Олардың екеуі  де  кәмелетке  толмаған  бала.

4-6 шілде аралығында ҚР ӘҚБтК-нің 412, 440-баптары бойынша жал­пы сомасы 469 262,5 теңгені құрайтын 31 әкімшілік хаттама толтырылды. Жыл басынан бері департамент қызметкерлері 141 адамға 2 млн теңгеден (2 184 799) астам айыппұл салды,  –  деді  Айбар  Хайдарұлы.

Гүлфия Азаматқызы,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале