«Jaiyq press» медиахолдингінде «Облыстағы байланыс және мобильді интернет сапасын жақсарту жұмыстары» атты баспасөз конференциясы өтті. Онда облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрғиса Қамашев өткен алты айдағы атқарылған жұмыс пен алдағы міндеттерге тоқталды.

Облысымызда ауылдық елді мекендердің әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында қарқынды жұмыс жүргізілуде. Соның бірі – байланыс және мобильді интернет желісінің сапасын жақсарту.
Аймақта 405 ауылдық елді мекен бар. Оның ішінде 372-сі (92%) интернет желісіне қолжетімді. Ал дыбыстық қоңырау үшін ұялы байланыспен 376-сы (93%) қамтамасыз етілген, – деді басқарма басшысы.
Басшының айтуынша, өткен жылы 21 ауыл мен екі аутомобиль өткізу пунктіне жаңа базалық стансалар орнатылса, 202 ауылдың қолданыстағы базалық стансаларына жаңарту жұмыстары жүргізілген. Биыл Билайн және Кселл байланыс операторларымен 10 ауылға жаңа базалық станса орнату және сегіз ауылдың қолданыстағы база стансаларын жаңарту жоспарланған.
Өңіраралық байланыс инспекциясы байланыс операторлар қызметінің сапа көрсеткіштеріне сәйкестігін тексеру мақсатында жоспардан тыс 14 тексеру жүргізген. Оның барысында байланыс операторларына 30 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салғанын баса айтты. Сондай-ақ интернетке кең жолақты қолжетімділікті ұйымдастыру, «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы туралы сөз қозғады. Басшының сөзінше, 2025 жылы «Қазақтелеком» АҚ өңірдің тоғыз ауданында оптикалық инфрақұрылым кеңейту жұмыстарын жүргізген. «Тазарту» жобасы аясында ескірген мыс желісінен 3333 абонент жоғары жылдамдықты оптикалық байланысқа көшіріліп, 130 шақырым оптикалық желі және 3000 оптикалық порт салынған.
– Ұлттық жоба аясында 2027 жылға дейін 220 ауылды талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу жоспарланды. Оның ішінде 24 ауылға «Қазақтелеком» АҚ «Транстелеком» АҚмен бірлесіп «Starlink» спутниктік терминалдарын орнатты. Сондай-ақ, халық саны 50-ден төмен елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы «Jusan Mobile» АҚ-мен 24 ауылға, 2026 жылы халық саны 20-дан төмен 8 ауылға OneWeb спутниктік технологиясының стансасы орнатты. Ұлттық жобасы аясында Кселл байланыс операторы Орал қаласында 5G стандартында 90 базалық стансасын орнатты, – деді басқарма басшысы Баяндамашы халықтың сертификатталмаған ұялы байланыс күшейткіш құрылғыларын (репитер) қолдануы мобильді интернеттің сапасының төмендеуіне әсер ететініне назар аударды. Сонымен қатар кейбір тұрғындардың радиофобиясы бар екенін ескеріп, санитариялық-эпидемиологиялық талапқа сай орнатылған базалық стансалар халықтың денсаулығына қауіп төндірмейтінін айрықша атап өтті.
Перизат Тілегенқызы,
«Орал өңірі»