17.07.2026, 18:15
Оқылды: 14

Бәйтерек ауданында Құрылтай сайлауына дайындық қарқынды

ХХІ ғасырдың бірінші ширегі Қазақ елі үшін біркелкі даму кезеңі болғаны анық. Бұған 1995 жылғы референдумда қабылданған Конституция негіз болды. Қоғамның әр саласы замана ағымына орай дамып, Тәуелсіздік тұғыры беки түсті. Жыл өткен сайын күрделене түскен геосаяси жағдай мен әлемдік державалар арасындағы тереңдеп кеткен дипломатиялық ахуал, сондай-ақ әлемдік деңгейде құндылықтар теңгерімінің өзгеруі елдің даму стратегиясын қайта қарауды күн тәртібіне шығарды.

image-17-07-26-05-35

Керуен көшін көпшілікпен кеңесе отырып бағыттаудың тың тәсілдері осынау алмағайып тұстарда өз нәтижесін беріп, қоғам ынтымаққа ұйысты. Оған дәлел, биылғы 15 наурызда өткен референдумда қабылданған жаңа Ата Заңның күшіне енуі. Мемлекет беріктігінің негізгі тірегіне айналған жаңа Конституция заман талабына толық жауап бере алатындай мәтінде түзіліп, халықтың кең талқысымен қабылданды. Жаңа Конституцияның негізгі өзегі мемлекеттік басқару жүйесінің қайта құрылымдалуы. Қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтайдың бекітілуі. Халық Кеңесінің құрылып, Вице-Президент лауазымының енгізілуі. Осының бәрі – елді демократиялық дамытудың әбден екшелген, терең ойластырылған, халық қолдаған қадамдары болмақ. Осы орайда, ел тарихында алғаш рет өтетін Құрылтай сайлауына әр азаматтың атсалысуы аса маңызды.

Ата Заңға сәйкес, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 1 шілде күні «Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауын тағайындау туралы» №1338 Жарлығына қол қойды. Жарлыққа сәйкес Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауы 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалды. ҚР Орталық сайлау комиссиясы «2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауды дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіту туралы» №26/41 қаулысын қабылдады.

Бәйтерек ауданы бойынша ҚР Құрылтайының сайлауында 1 аудандық аумақтық және 54 сайлау учаскесінің 335 комиссия мүшесі жұмыс жасайды. Учаскелік сайлау комиссияларының жұмысы ағымдағы жылдың 2 тамызында басталады. Жұмыс уақыты сағат 09.00-18.30, үзіліссіз және демалыссыз.  Аудан сайлаушылары учаскелік сайлау комиссияларының құрамдары, орналасқан жері мен сайлау учаскелерінің шекаралары туралы мәліметпен аудандық «Ауыл тынысы» газетінің 2026 жылғы 14 шілдедегі №29 санынан таныса алады. Сондай-ақ, бұл ақпараттар Бәйтерек ауданы әкімдігінің ресми сайтына да жарияланған.  Аудан азаматтары 2026 жылдың 7 тамызынан өздерінің тұрғылықты жері бойынша құрылған учаскеден сайлауға қатысуға құқығы бар сайлаушылар тізіміндегі өзі туралы деректермен таныса алады. Сонымен қатар, аудан тұрғындары өздерінің сайлаушылар тізіміне енген-енбегенін анықтау үшін аудан әкімдігінің бірыңғай байланыс (call-орталық) орталығының  8(71130)22-556, 8(71130)23-490 телефондарына қоңырау соғып, сайлауға дейін тексеру мүмкіндіктері бар.

image-17-07-26-05-35-1

Учаскелік сайлау комиссиялары сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтарға шақыру парақтарын таратады. Құрылтай сайлауы жазғы уақытқа белгіленгендіктен ерекше ескеретін жағдайларға тоқталғым келеді. Жаз, әсіресе еңбекқор Бәйтерек ауданының тұрғындары үшін шаруаның қайнаған кезі болғандықтан азаматтардың сайлау күні өз үйінен, тұрғылықты мекен-жайынан жырақта болулары әбден мүмкін.  Сондықтан аудан сайлаушылары 23 тамыз күні тұрғылықты жері бойынша дауыс беруге қатыса алмайтыны белгілі болса есептен шығару куәлігін ала алады. Есептен шығару куәлігі 7 тамыздан бастап 22 тамыз сағат 18:00 дейін өзінің тіркелген сайлау учаскесіне жазбаша өтініші негізінде жеке басын куәландыратын құжатын көрсеткенде беріледі. Есептен шығару куәлігін сенімхат бойынша өкіл арқылы да алуға болады. Сенімхатты нотариаттық куәландыру талап етілмейді. Сондай-ақ есептен шығару куәлігі бір елді мекен шегіндегі басқа сайлау учаскесіне дауыс беруге қатысқысы келетін сайлаушыларға берілмейді.

Ерекше қажеттіліктері бар мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсету мақсатында сайлау кезінде барлық 54 сайлау учаскесінде мүмкіндіктері шектеулі азаматтар арналған дауыс беру кабиналары және арнайы бұрыштар жасақталады.

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы облыстық аумақтық сайлау комиссиясымен бірге 23 тамызға тағайындалған сайлауды ұйымдастыру және өткізудің құқықтық негіздері бойынша учаскелік сайлау комиссияларына ағымдағы жылдың 6, 7 тамыз күндері оқыту семинарларын өткізу жоспарлауда.

Аудан сайлаушыларын ҚР Құрылтайының сайлауында белсенділік танытып, өз құқығын пайдаланып, 23 тамыз күні сағат 07.00-20.00 аралығында елдің жаңаруы үшін өз таңдауын жасауға шақырамыз.

 

Радик Ихласов,

Бәйтерек ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале