20.07.2026, 12:00
Оқылды: 21

Арманына адал жас

Студент – ізденістің, үміттің, болашаққа деген сенімнің иесі. Бүгінгі кейіпкеріміз Асыланбек Мақсұт та сондай ізденімпаз, арманына адал жастардың бірі. Ол 2005 жылдың 30 наурызында Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласында өмірге келген. Туған жеріндегі Есбол Өмірбаев атындағы жалпы білім беретін мектепте 11 жыл білім алады. Мектеп қабырғасында жүріп түрлі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. «Жетістіктерімнің бәрі – отбасымның қолдауы мен сенімінің арқасы» дейді өзі.

WhatsApp Image 2026-04-15 at 12.12.53 (1)

– Отбасым – ең үлкен тірегім. Менің әжем, әкем және төрт бауырым бар. Анамнан алты жасымда айырылдым. Сол кезден бастап әжемнің тәрбиесінде болып, мейіріміне бөленіп өстім. Әжемнің алақаны менің балалық шағымның ең жылы естелігі деп айта аламын. Әкем – өте қарапайым, ашық мінезді жан. Ол Түпқараған ауданындағы су жүйесі мекемесінде ұзақ жыл еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлікке шықты. Әкемнің қамқорлығы мен ақ батасы – мен үшін әлі күнге дейін ең үлкен күш. Әр қадамымды қолдап, бағыт-бағдар беріп отырады. Сонымен қатар әкемнің қарындасы Жеміс апайымыз да бізге әрдайым жанашыр болып, қиын сәттерде қасымыздан табылып келеді. Осындай отбасының ортасында өскенім – мен үшін үлкен бақыт, – дейді кейіп-керіміз.

Ол мектептегі ұстаздарының өмірінде ерекше орын алғанын айтады. Кітапқа деген қызығушылығы да мектеп кезінен басталған.

– Ұстаздарымның маған бергені тек білім емес. Олар бағыт көрсетті, сенім артты. Сол сенім мені алға жетеледі. Мектепте кітап оқу жарысына қатысып, велосипед ұтып алғаным есімде. Шарт бойынша екі кітап оқып, Instagram желісіне пост жазу керек болатын. Сол жарыс маған үлкен мотивация берді. Ең бастысы, кітап оқу әдетін қалыптастырдым, – дейді студент.

Мектеп бітірген соң Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне «Өнеркәсіптік экология» мамандығы бойынша грантқа түседі. Бұл таңдауды саналы түрде жасаған.

– Бұл мамандықты мен жүрек қалауымен таңдадым. Себебі өзімді дәл осы салада елестете аламын. Қоршаған ортаға пайдам тисе, табиғатты қорғауға өз үлесімді қоссам деген ой мені осы бағытқа алып келді. Қазір елімізде ең өзекті мәселелердің бірі – қалдықтар. Бұл – экология ғана емес, болашақтың да мәселесі. Қалдықтар көбейген сайын табиғатқа зиян келіп, экожүйе бұзылып, ауа ластанып жатыр. Сондықтан бұл бағытта жұмыс істеу – мен үшін жауапкершілік, – дейді студент.

Осы қызығушылығы оны ғылыми ізденіске жетеледі. Бүгінде ол ғылыми жетекшісі Эльмира Ақкереевамен бірге осы тақырыпта мақалалар жазып, зерттеу жұмыстарымен айналысып жүр.

– Білімге деген ынтам мен жаңаны білуге деген құштарлығымның арқасында мен 2025 жылдың сәуір айында Есенов шәкіртақысының иегері атандым. Бұл жетістік оңай келген жоқ. Оның артында маңдай тер, олимпиадалар, үздіксіз ізденіс пен еңбек жатыр. Кейде шаршайсың, кейде күмәнданасың, бірақ тоқтамауға тырысасың. Сол еңбектің нәтижесін көрген сәттегі сезім ерекше, – дейді ол.

Бір жыл бойы ай сайын берілген 70 000 теңге шәкіртақыны студент босқа жұмсамаған. Әр теңгені өз дамуына бағыттаған.

– Бұл қаражат мен үшін мүмкіндік болды. Ағылшын  тілін үйренуге, түрлі дайындық курстарына қатысуға  жұмсадым. Тіпті Еуропа елдеріне саяхаттауға да мүмкіндік туды. Бұл сапарлар менің дүниетанымымды кеңейтіп, өзіме деген сенімді арттырды, – дейді кейіпкеріміз.

Оның айтуынша, университет тарапынан да белсенді студенттерге үлкен қолдау көрсетіледі. Бұл қолдау оның алға жылжуына ықпал еткен.

– Оқу барысында тек теориямен шектелмей, тәжірибе жинауға тырыстым. 2-курста Алматы қаласындағы ҚазҰАЗ  университетінде жазғы практикадан өттім. Бұл мен үшін алғашқы үлкен тәжірибелердің бірі болды. Бұдан бөлек, Шымкент қаласында өткен экологиялық пәндік олимпиадаға қатысып, командамен бірге II дәрежелі орын алдық. Бұл үлкен мотивация берді. 3-курста Астана қаласындағы ЕҰУ университетінде өткен олимпиадаға қатыстым. Әр сапар, әр жарыс – мен үшін жаңа деңгей, жаңа тәжірибе, – дейді ол.

Осылайша теория мен тәжірибені қатар алып жүрген студент үшін әр мүмкіндік өзін дәлелдеудің, алға жылжудың баспалдағына айналған.

– Болашаққа жоспарым нақты. Ең алдымен, өз мамандығым бойынша магистратураға түсіп, білімімді тереңдеткім келеді. Кейін университетте дәріс оқып, жинаған тәжірибем мен білімімді студенттермен бөліссем деймін. Бірақ алдағы бес жылда өзімді бортсерік ретінде де сынап көргім келеді. Бұл – кейін пайда болған арманым. Әлемді көру, жаңа адамдармен танысу, үнемі қозғалыста болу – осының бәрі маған жақын. Бұл сала мені жаңа мүмкіндіктерге жетелейді деп сенемін, – дейді студент.

WhatsApp Image 2026-04-15 at 12.12.53

Оның сөзінен ізденіс пен батылдық қатар сезіледі. Бір бағытпен шектелмей, өзін әр қырынан сынап көргісі келетін жас екені байқалады.

– 2025 жылы Германияның Kemlitz қаласында практикадан өтіп, қосымша жұмыс істедім. Бұл – менің өмірімдегі ең есте қаларлық кезеңдердің бірі. Сүт фермасында еңбек еттім. Сол жерде неміс халқының тәртібін, тазалығын, жұмысқа деген жауапкершілігін өз көзіммен көрдім. Бұл тәжірибе менің еңбекке деген көзқарасымды өзгертті. Сонымен қатар жаңа тіл үйреніп, түрлі елден келген адамдармен танысып, жаңа ортаға бейімделуді үйрендім, – дейді ол.

Шетелдегі тәжірибе оның дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, өз-өзіне деген сенімін де арттырған.

– Жалпы Еуропаның алты елінде, он бес қаласында болдым. Германия, Франция, Италия, Польша, Бельгия, Чехия елдерін араладым. Әр елдің өз мәдениеті, өз ерекшелігі бар. Бірінде тәртіпке таңғаласың, бірінде адамдардың ашықтығына, бірінде өмір сүру деңгейіне назар аударасың. Ұлттық тағам­дарын татып, күнделікті тіршілігін көріп, әр сапардан өзіме жаңа ой түйдім. Бұл мен үшін ұмытылмас тәжірибе болды, – дейді Ғалиассаламның Асыланбегі.

Оқу мен ізденістен бөлек, ол белсенді өмір салтын ұстанады.

– Бос уақытымда спортпен айналысамын. Фитнеске барып, волейбол ойнаймын. Спорт маған жалын-жігер, күш-қуат береді. Қазіргі уақытта өзімді дамытуға ерекше көңіл бөліп жүрмін. Соның ішінде ағылшын тіліндегі кітаптарды оқуға басымдық бердім. Негізгі мақсатым – оқу дағдымды жетілдіру, мәтін­ді еркін түсініп, ойды терең қабылдау. Ал қазақ әдебиеті – мен үшін әрдайым бөлек әлем. «Қызыл жебе», «Жылқы атылған жаз», «Ұшқан ұя», «Махаббат қызық мол жылдар» секілді шығармаларды оқып, әрқайсысынан өзіме ой түйдім. Сүйікті ауторларым – Мұхтар Мағауин, Мұқағали Мақатаев және Агата Кристи.

Әрқайсысы өз стилімен, өз шындығымен әсер етеді, – дейді ол.

Өзін жан-жақты дамытуға ұмтылатын жас болашаққа да үлкен үмітпен қарайды.

– Ең үлкен арманым – отбасымның амандығы, еліміздің тыныштығы. Қай салада жүрсем де, өз ісімді адал атқарып, елге де, отбасыма да пайдамды тигізетін маман болғым келеді, – дейді талапты жас.

Иә, бүгінгі кейіпкеріміздің арманы айқын, мақсаты нақты. Осындай жанарында от лаулаған жастар барда елдің ертеңіне деген сенім де нық.

Ерке Мереке,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале