2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасының тарихында тұңғыш рет Құрылтай депутаттарын сайлау өтеді. Қазақстан Республикасында өтетін сайлау – елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға. Бұл науқан азаматтардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, демократиялық қағидаттардың нығаюына ықпал етеді. Құрылтай депутаттары бес жыл мерзімге сайланады. Құрылтай депутаттары жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады.

Сайлаушылардың тізімдерін жергілікті атқарушы органдар сайлаушылардың тұрғылықты жері бойынша тиісті сайлау учаскесінің аумағында тұрақты тіркелуі негізінде жасайды. Уақытша тіркелген азаматтар сайлаушылар тізімдеріне жергілікті атқарушы органға берген өтініші негізінде тұрақты тіркелген жері бойынша тізімнен шығарыла отырып, енгізіледі. Азамат тек бір ғана сайлаушылар тізіміне енгізіле алады.
Сайлаушыларға Теректі ауданы аумағындағы сайлау учаскелері бойынша жеке деректерін нақтылауға арналған CALL – орталық жұмыс жасауда. CALL – орталық телефоны – 8(71132) 21202.
Сайлаушы өзінің болатын жерін ауыстырған кезде дауыс беру күніне он бес күн қалғанда немесе 2026 жылғы 7 тамыздан бастап учаскелiк сайлау комиссиясына өз өтініші бойынша және жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде дауыс беру құқығын беретiн есептен шығару куәлігін ала алады.
Құрылтай депутаттарын сайлауда ауданда 1 аумақтық, 36 учаскелік сайлау комиссиялары жұмыс атқарады. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясында 7 мүше, учаскелік сайлау комиссияларында 214 мүше, барлығы 221 комиссия мүшелері жұмыс жасайды. Сайлау науқанының басты ерекшелігі – сайлаушылардың еркін таңдау жасауына қолайлы жағдай қалыптастыру, дауыс беру рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету және учаскелік сайлау комиссияларының кәсіби даярлығын арттыру. Осы мақсатта комиссия мүшелеріне арналған оқыту семинарлары өткізіліп, сайлау заңнамасындағы өзгерістер мен толықтырулар жан-жақты түсіндірілетін болады.
Сонымен қатар аудан аумағындағы барлық сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық дайындығы тексеріліп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасауға да ерекше көңіл бөлінуде.
Сайлау комиссиясының негізгі міндеті – әрбір азаматтың дауыс беру құқығын толық әрі кедергісіз жүзеге асыруына мүмкіндік жасау. Бұл ретте сайлаушылар тізімін нақтылау, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және сайлау процесінің барлық кезеңінде заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету басты назарда.
Әрбір сайлаушының белсенділігі мен азаматтық ұстанымы елдің демократиялық дамуына қосылған маңызды үлес болмақ.
Әркімнің дауысы маңызды!
А.Бисенгалиев,
Теректі ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы