Авиация Төтенше жағдайлар министрлігінің төтенше жағдайларға жедел ден қою жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан ТЖМ авиациясы 1488 рейс орындады. Оның ішінде 707 рейс төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мақсатында жүзеге асырылды. Бұл өңірлердегі жедел ахуалды мониторингтеуді және төтенше оқиғаларға уақтылы ден қоюды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, - деп жазады Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі.

Санитарлық авиация бағыты бойынша 287 рейс орындалып, 283 пациентке шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Ауыр науқастарды медициналық ұйымдарға тасымалдау, сондай-ақ дәрігерлер бригадаларын әуе көлігімен жеткізу жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтың өңірлерде 20 авиациялық-құтқару бөлімшесін құру жөніндегі жоспарына сәйкес құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жаңа нысандар бой көтеруде. Бүгінде ведомствоның авиациялық паркі заманауи ұшақтар мен тікұшақтарды қоса алғанда, 45 әуе кемесінен тұрады. Бұл еліміздің барлық өңірлеріндегі төтенше жағдайларға жедел ден қоюды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Авиацияның негізгі міндеттеріне құтқару және іздестіру-құтқару операцияларын жүргізу, санитарлық авиацияның қызметін қамтамасыз ету, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға авиациялық мониторинг жүргізу, орман және дала өрттерін сөндіруге қатысу, сондай-ақ мамандар мен техниканы оқиға орындарына жедел жеткізу жатады. Бұдан бөлек, авиациялық бөлімшелер су тасқыны қаупі бар аумақтарға, орман алқаптарына және табиғи өрт ошақтарына тұрақты түрде әуеден мониторинг жүргізеді. Бұл ықтимал қауіптерді уақтылы анықтауға, төтенше жағдайлардың алдын алуға және жедел шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Қазақстан ТЖМ авиациясы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың салдарын азайту және халыққа уақтылы көмек көрсету бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда. Министрліктің кәсіби ұшқыштары мен авиация мамандары кез келген күрделі міндеттерді орындауға дайын.