
(қаз-қалпында)
Жылқы десе тұратұғын елеңдеп,
Жылқыжанды қазақ жайлы өлең көп.
«Ер қанаты – ат» дегенді пір тұтып,
Ес білгеннен жылқы қамын келем жеп...
Бала кезде көрген, естіген, сезінген кейбір жайттар адам жадында ұзақ сақталып, тіпті өмірлік серікке айналып кететіндері де болады екен. Біз қазір жылқы жылында ғұмыр кешіп жатырмыз ғой. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде жылқының алған орны ерекше болғаны белгілі. Жылқы түлігінің пірі Қамбар атаға сыйына отырып, Шұнақ деп аталып кеткен жүйрік туралы есімде қалғандарды арада көп жыл өткенде қағазға түсіріп отырмын. Яғни естелік – баланікі, жазба – бабанікі.
Соғыстан кейінгі жылдар болатын. Тасқала ауданындағы «Киров» колхозының тұрғындары кезінде Нарын құмынан еріксіз көшірілген бөкейліктер еді. Шаруашылықтан қан майданға аттанған қырық ер-азаматтың оншақтысы ғана шаңырақтарына оралғанын бала болсақ та көре қалдық. Солардың бірі көршіміз Нұрғазы болатын. Ол көп кешікпей немере апамызға үйленіп, жезде болып шыға келді. Қара танитындай сауаты болғандықтан, бригадир ме, есепші ме, қоймашы ма, әйтеуір, әлжуаз колхоздың бір «тұтқасын» ұстады.
Колхозда техника дегеніңіз өте тапшы еді. Барлық жұмыс өгіз, ат, түйе күшімен атқарылады. Сабан, тырма, кәшелге (косылка) жегілген малдың оң жамбас тұсы соғылған қамшы салдарынан түгінен жұрдай болып, терісі жалаңаштанып шып-шып қан шығып тұрады.
1948 жыл ма, әлде 1949 жыл ма, әйтеуір сол шамада жазға салым Нұрғазы жездеміз үйіне бір қылқұйрықты жетектеп келді. Ат әбден арыған. Қабырғалары арса-арса. Арқасы жауыр. Оның үстіне екі иық тұсы жарадан сынасып тұр. Ат басын салбыратып, «шықпа, жаным, шықпа» дегендей, ілби қозғалады. Кейінірек естіп-білгеніміздей, Шұнақ колхоз егістігінде тырмаға жегілген жануар екен. Ауыр жұмыстан ыңғыршағы айналып, өлімші болуға таяғанда, жылқыжанды жездеміз Шұнақты тура және жанама мағынасында «ажал қамытынан» босатып, «өлсе, бостандықта өлсін» деп үйіне алып келіпті. Мүмкін, ішкі бір себебі болған шығар...
Шөкімдей ауылдың «қарасирақтарына» ермек табылды. Біздер, балалар Шұнақты қызықтап, қасынан кетпейміз. Нұрғазының колхоз жұмысынан кейінгі шаруасы Шұнақты баптау болды. Күйбеңдеп, соны төңіректеп жүреді. Іргедегі өзенге жетектеп апарып суарады. Ауыл сыртындағы еркекшөп қалың өскен алқапқа Шұнақты тұсап жібереді. Үйде жүріп те, жайылыстағы аттан көз жазбайды. Иә, күз түсе өзеннен қамыс шауып әкеліп, Шұнаққа ұядай шарбақ жасады. Нұрғазы қанша мәпелесе де, Шұнақтың қалыпты жағдайға келуі ұзаққа созылды. Жыл өткенде әрең түлеп, біртебірте мүсінденіп, әдемі тобылғыторы атқа айналып келе жатты. «Ат арыса – тулақ» деп халқымыз қалай дәл айтқан. Тырма тірлігінен титықтаған Шұнақты көзімен көргендер, қазіргі түріне таңғалмай тұра алмайтын. Тек шұнтиған қос құлағы кемеліне келген бесті аттың сынына сәл-пәл көлеңке түсіргендей әсер қалдыратын. Қаңтардың сақылдаған сары аязында енесінің құрсағынан шыққан құлынның құлақтарын үсік шалып, осылайша шұнтиып қалған болатын.
Аты оңалғасын Нұрғазы жездемізде желік пайда болды. Ымырт үйіріле Шұнақты жайдақ мініп, белгісіз бағытқа жортып бара жатады. Таңертең ұйқыдан оянып, көрші үйге көз салғанда, қамыс шарбақта жусап тұрған әдеттегідей бұйығы Шұнақты көреміз.
Сабырлы, салмақты деген сөздер адамға қаратып айтылады ғой. Мінезі тез өзгеретін кісіні жылқы мінез дейміз. Қалай болғанда да, түліктің басқа түрлерімен салыстырғанда, жылқы малы ұшқалақтау, шыр біте бастаса, оқыс «мінез» танытатыны шындық қой. Бір ғажабы, Шұнақ өзгермеді. Елең-құлаң етпейді. Басын тұқыртып, үнемі ауыр ой ықпалында жүргендей әсер қалдырады.
Нұрғазы жездеміздің түнгі «жортуылы» жалғаса берді. Ауылдың үлкендері аузынан Шұнақтың денесі таралып, тұрқы ұзарып, мүсіні сұлуланып бара жатқаны жайлы естіп қалып жүрдік. Қалай болғанда да, Шұнақ жұмбақ ат күйінде қалып, кезі келгенде күтпеген жаңалықпен жарқ ететіндей әсер қалдыратын...
1950 жылдың көктемі жақындап келе жатты. Жеңіске – бес жыл! Аудан көлемін қамтитын той өткізуді жоспарлапты жоғары жақ. Шаруасы шалқып жатпағанмен, жері жазықтық, яғни атжарысқа қолайлы болғандықтан, той өтетін нүкте «Киров» колхозы боп белгіленсе керек. Сол бір жылдарда сирек болатын той-домалақтар ел еңсесін көтеру мақсатында ауылдарда кезектестіріліп өтуші еді. Ауданда бір совхоз, он бес шақты ұсақ колхоз бар. Ауылдағы тойдың негізгі қызығы – бәйге ғой. Әрбір шаруашылықтан ең кемі бір-екіден ат қосу керектігі қатаң ескертілсе керек. №500 совхоз бен тағы екі-үш колхозда жылқы қарасы молырақ болатын. Олар бәйгеге үш-төрт аттан қосуға құлшынып отырған сыңайлы. Ал той өтетін «Киров» колхозында атжарысқа түсетін қылқұйрық жоқ-ты. Бар болғаны екі-үш үйір жылқының «баскөтергені» колхоздың күнделікті шаруасына жегілген болатын. Колхоз төрағасының басы қатып, не істерге білмей, пұшайман халге түседі. Ойда жоқта, көмекке Нұрғазының келмесі бар ма? «Солай да, солай Шұнақтың тегін қылқұйрық еместігін байқап жүретінмін. Сойында бірдеңе бар. Тырма тірлігінен құдай оңдап аман қалды. Бір жылдан астам уақыт баптап, қалыпты жағдайға келтірдім. Жілік майы толысты. Жұрт көзінен жырақта жарата бастағаныма біршама уақыт болды. Қолтық еттері сөгілді. Ащы терден ада болды. Бірде желге қарсы, бірде ыққа қарай шауып, тынысын кеңейттім. Бәйгеге қосып көрейік. Ұятқа қалдырмасына сенімдімін» деп Нұрғазы колхоз төрағсын көндіріп тынады.
Той болатын күн де келіп жетті. Ертең атжарыс деген түнде Нұрғазы қамыс шарбақтан шықпады. Біздер, балалар төңіректеп жүрміз. Шұнақ сол баяғы мізбақпайтын сабырлы-салмақты қалпында. Бәйгеге түсетін ат ұйықтамауға тиіс екен. Нұрғазы Шұнаққа қарама-қарсы жайғасып алған. Шұнақ қалғып кеткендей қалып байқатса, сәл-пәл ысқырғандай дыбыс шығарады. Шұнақ бүріскен құлақтарын қайшылап, иесінің «сигналын» қабылдағанын білдіргендей болады. Біздер, балалар түн ортасы ауғанда ұйқы қысып, үйлерімізге тарқадық.

Ерте оянған жұрт сәскеге таман ауыл шетінен басталатын жазықтыққа шоғырланып жатты. Аудан орталығы мен алыс-жақын ауылдардан келген адамдар қарасы молырақ екен.
Тойды етжеңді, орта жастағы орыс ашып, оң қолын сермелеп, жігерлене сөйледі. Түсінсін, түсінбесін жұрт қол шапалақтап жатыр. Алдымен күрес, жамбы ату, балалардың жаяу жарысы сияқты спорттық ойындар оздырылды. Халық бәйгенің басталуын асыға күтулі еді. Міне, жиналған көпшіліктің алдына қолында қызыл жалаушасы бар жігіт шығып, бәйгенің басталатынын хабарлады. Жарыс алаңы сегіз шақырымды құрайтыны айтылды. Бес айналым – қырық шақырым.
Қызыл жалауша алға сермеліп қалғанда, сап түзеп тұрған жүйріктер құйғыта жөнелді. Біздер, ауыл балалары Шұнақтан көз алмаймыз. Атшабар Темірғали бозбала Шұнақтың үстінде тұйғындай тастүйін болып отыр. Екеуі бірігіп тұтас бұла күшке айналғандай.
Жарыс алаңын айнала шапқан аттар алыстаса да, көзден таса болмады. Бұлдыраған сұлбалары анық байқалуда еді. Бірінші айналымда аттар құйрық тістесіп дегендей, бір-бірінен ұзай қоймады. Екінші айналымда үш түйдек айқындалды. Арақашықтықтары онша алшақ емес. Жүйріктер жұрт алдынан өтіп жатқанда, бәйгеге ат қосқандар өз қылқұйрықтарын демеп, қиқулап жатты. Біздер, үлкенді-кішілі кировтықтар келісіп қойғандай, Шұнақ, Шұнақ, Шұнақ деп үш мәрте айғайға басамыз. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген сөз осындайда айтылған болар, сірә.
Айтқали Нәріков,
Қазақстанның құрметті жазушысы