22.07.2026, 10:00
Оқылды: 58

Сайлауға қатысу – әрбір азаматтың құқығы

Алдымызда үлкен саяси науқан Құрылтай депутаттарының  сайлауы келе жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарын сайлауды 2026 жылғы 23 тамызға тағайындағаны белгілі. Дауыс беру барысында бес жылдық өкілеттік мерзіміне Қазақстан Республикасының жаңа бір палаталы заң шығарушы органы – Құрылтайдың 145 депутаты сайланатын болады. Бұл ел тарихындағы белгілі бір белес қана емес, тарихи кезең. Осы сайлауға дайындық барысымен танысу үшін аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ерлан Қаржауовпен сұқбаттасқан едік.

WhatsApp Image 2026-07-20 at 15.18.05

- Ерлан Аманжолұлы, Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық жұмыстары қалай жүргізілуде?

- Сайлауға дайындық Қазақстан Республикасының Конституциясына және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес жүргізілуде. Аумақтық сайлау комиссиясы ашық, әділ, әрі заң талаптарына сай сайлау өткізуді қамтамасыз ету мақсатында барлық қажетті ұйымдастыру іс-шараларын жүзеге асыруда.

- Ауданда қанша сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады және сайлаушылар тізімі туралы не айтасыз?

- Аудан аумағында барлығы 33 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 15-і Ақсай қаласында, 18-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Барлық учаскелер қажетті жабдықтармен, байланыс құралдарымен және сайлау құжаттарымен уақтылы қамтамасыз етіліп, дауыс беру процесін ұйымдастыруға толық дайын болады. Сайлауға дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі – сайлаушылар тізімін нақтылау. Сайлаушылар тізімін азаматтардың тұрақты тіркелген жері бойынша жергілікті атқарушы органдар жасақтайды. Қазіргі уақытта оларды өзектендіру жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте бірнеше маңызды мәселеге тоқталғым келеді. Атап айтқанда, сайлаушылар тізімі қалай жасақталатыны, дауыс беру үшін қалай тіркелуге болатыны және сайлау күні тұрғылықты жерінен тыс болатын азаматтардың қандай әрекеттер жасауы керектігі жөнінде мынадай жайларды баса айтқым келеді. Ең алдымен, азаматтың дауыс беруі оның сайлаушылар тізімінен гізілген жағдайда ғана мүмкін болады. Тізімге дауыс беру күніне дейін 18 жасқа толған, белсенді сайлау құқығына ие және тиісті сайлау учаскесінің аумағында тіркелген азаматтар енгізіледі. Әрбір сайлаушыға өзінің сайлаушылар тізімінде бар-жоғын алдын ала тексеру ұсынылады. Егер деректеріңізде қателік анықталса немесе өзіңізді тізімнен таппасаңыз, уақтылы әкімдікке немесе учаскелік сайлау комиссиясына өтінішпен жүгіну қажет.Бұл сайлау күніне дейін туындауы мүмкін қателіктерді түзетуге мүмкіндік береді.

- Сайлау күні тіркелген мекен-жайында болмайтын азаматтар не істеуі керек?

- Егер азамат сайлау күні өзінің тұрақты тіркелген жерінде болмайтынын алдын ала білсе және басқа елді мекенде болатын болса, нақты болатын жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізу туралы жазбаша өтінішті алдын ала беруі қажет.Мұндай                                                                                                                                                өтініш                                                                                                                                                                                                                         сайлау заңнамасында белгіленген мерзімдерде нақты болатын жердегі жергілікті атқарушы органға     тапсырылады. Осыдан кейін азамат нақты болатын жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізіліп, тұрақты тіркелген жеріндегі тізімнен шығарылады. Бұл қайталап дауыс беру мүмкіндігін болдырмайды. Егер сайлау кезеңінде өзіңіз тұратын елді мекеннен тыс жерге шығуды жоспарласаңыз, бұл мәселені соңғы күнге қалдырмаңыз. Дауыс беру тәртібін, өтініш беру мерзімдерін және өзіңіздің сайлау құқығыңызды жүзеге асыратын сайлау учаскесінің мекен-жайын алдын ала нақтылап алыңыз. Белгіленген мерзімдерді сақтау сайлаушылар тізімінен ақты болатын жері бойынша енгізілудің міндетті шарты екенін есте ұстаған жөн.

- Сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту жұмыстары жүргізіле ме?

- Иә. Дайындық жұмыстарының басым бағыттарының бірі – сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту. Аудандық сайлау комиссиясы учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту жұмыстарын бастады. Өйткені сайлау процесі кезінде сайлаушылармен тікелей жұмыс жасайтын сайлау комиссиясы мүшелерінің сайлауға қатысты соңғы заңдылықтар мен өзгерістерді жақсы білуі және оны сайлаушыларға дер кезінде жеткізе білуі аса маңызды. Осы мақсатта сайлау заңнамасын қолдану, учаскелік комиссиялардың жұмысын ұйымдастыру, сайлау рәсімдерінің заң талаптарына сәйкес жүргізілуін қамтамасыз ету және азаматтардың сайлау құқықтарын қорғау мәселелері бойынша семинар-кеңестер өткізілуде.

- Сайлаудың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылдануда?

- Барлық сайлау рәсімдері қолданыстағы заңнама талаптарына қатаң сәйкес жүргізіледі. Байқаушылардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің және кандидаттардың сенім білдірілген адамдардың жұмысына барлық қажетті жағдай жасалады. Сайлау комиссияларының басты міндеті – сайлау процесіне қатысушылардың барлығына тең жағдай жасап, сайлау рәсімдерінің ашықтығын, жариялылығын және заңдылығын қамтамасыз ету.

- Осындай мемлекеттік маңызы бар үлкен саяси науқан алдында аудан тұрғындарына, нақтырақ айтқанда сайлаушыларға қандай үндеу айтар едіңіз?

- Сайлау – әрбір азаматтың өз өңірінің болашағын айқындауға қатысу мүмкіндігі. Сайлаушылардың белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігі ашық, әділ әрі демократиялық сайлаудың маңызды негізі болып табылады. Барша аудан тұрғындарын өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланып, сайлауға белсенді қатысуға шақырамын.

Сұқбатты жүргізген Дариға Нұрашова

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале