24.07.2026, 14:30
Оқылды: 21

Нарынның нар ұлы еді

Өтеміс!

Ел-жұртыңды азалы еттің,
Көктен түскен жасындай қаза жетті.
Адамның абзалы едің,
Кір жұқтырмай,
Таза келіп, өмірден таза кеттің.

Қайрат Жұмағалиев

92476c22-c030-44ff-a7ab-7b515ea9c668

Қоғамдық өмірдің қай саласында да, Ақ Жайық топырағы дарындарға кенде болып көрген емес. Арғы-бергі ел басқару ісінде де, оның мақтан тұтар ұлдары жетерлік. Солардың қатарына марқұм Өтеміс Мырзағалиевтің есімін де қосуға болады. Оның бойындағы жақсы қасиеттердің бірі – қарапайымдылығы дер едім. Үлкен-кішімен ортақ тіл табыса білетіні, бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбайтыны Өтеміс Уәлиұлының келбетін одан әрі көріктендіріп тұрғандай әсер қалдырушы еді. Қызметтес болып бір облыста қатар жүрген аз ғана жыл ішінде мен Өтеміс Уәлиұлымен сыйластық қарым-қатынаста болғанымды бүгінде толғана еске алып отырамын. Оның тұла бойында бекзаттық бітім-болмыс, тектілік, ар тазалығы мен жан жомарттығы аңғарылып тұрушы еді. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол» деп хәкім Абай айтқандай, ол сүйінерге, мақтан тұтуға тұрарлық өңірдің абзал азаматтарының бірі еді», – деп Өтеміс Уәлиұлымен қызметтес болған қоғам қайраткері, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында басшылық қызмет атқарған Нұрлан Асқарұлы Өтақаң туралы естелік кітапқа қолтаңбасын қалдырған еді.
Өтеміс Уәлиұлы 1956 жылы 12 қазанда Гурьев облысындағы Теңіз ауданының Балқұдық совхозы, Лобай ауылында дүниеге келген. Ата-анасы Уәли мен Күнзираның тұңғыш ұлдары 1945 жылғы дүниеге Жеңіс балаларынан кейін араға 11 жыл салып тұрақтаған сәби екен. Түсініктірек етіп айтқанда, соғыстан кейінгі қиын заманда ағасы Жеңіске дейін де, Жеңістен кейін де бірнеше сәби шетіней береді. Өтеміс сол ерте үзілген перзенттерден кейін дүние есігін ашыпты.
Үлкендер қазақтың байырғы ырымын жасап, сәбиді нағашылары Құрмаш атай мен Уәкила шешейге «сырттай сатып», терезеден өткізіп, бір қап тезекке айырбастап, есімін ырымдап Өтеміс (өткен қиындықтары өтелді, тоқтады деген мағынада) деп қояды. Баланың тегі де мектепке барғанша Құрманғалиев болып жазылған екен.
Жаратушының рақымымен бұл ырым қабыл болып, Өтеміс әулеттің құт-берекесіне айналды. Соңынан Тоқтамыс, Гүлбану, Мира, Мирболат атты іні-қарындастарын ертіп, үлкен азамат болып өсті. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ М. Горький атындағы орта мектепте салмақты, сабаққа зерек, ұстамды мінезімен, кішілерге қамқорлығымен көзге түсті.
Есімі аймақ тарихында қалған азаматтардың бірі Өтеміс Уәлиұлының ғұмыр жолы да бүгінгі ұрпақ үшін үлкен мектеп... Оның өскен ортасын айтқанда, арда азаматты өсірген әке-шешесінің ел алдындағы зор беделін де баяндай кеткен жөн. Әкесі Мырзағалиев Уәли (Уәкең) ұзақ жыл бойы Теңіз, Орда аудандарында түрлі шаруашылық басқарған, ауылдық кеңес төрағасы болған. Қайран, Нарынның тарихын, рулардың шежіресін терең білетін парасатты ақсақал еді. Анасы Күнзира партия кабинетінде, кітапханада меңгеруші болған, Орда тарихи музейінде қызмет іс қылған. Екеуі де аудан тарихын бес саусақтай білген адам. Өтеміс осындай асыл жандардан тектілік пен парасаттылықты бойына қатар сіңірсе керек.

3ef402bb-7c71-4c7b-9919-20676b08dc05
1964 жылы Сейтқали ауылында орта мектеп табалдырығын аттап, кейін Орда ауылындағы М. Горький атындағы орта мектепті 1974 жылы тәмамдаған. Әрі қарай Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының зооинженерлік факультетіне оқуға түседі. 1979 жылы институтты жақсы бітіріп, туған жеріне жас маман болып оралды. Көп ұзамай №4 фермаға аға зоотехник қызметіне тағайындалды. Шаруашылықты атқа салт мініп, жатпай-тұрмай аралайтын да жүретін. Сол алқаусыз еңбегінің арқасында 1983 жылы әке жолын қуып, сол ферманың меңгерушілігіне тағайындалыпты.
1985 жылы аудан басшылығы білікті маман ретінде Өтеміс Уәлиұлын Темір Масин атындағы жылқы совхозына аға зоотехник жұмысына жұмсады. Кейін бас зоотехник қызметіне тағайындалып, шаруашылық жылқысының саны 4000-нан 8000-ға жетіп, Бейсенбі Ғұбашев, Абухан Сисенғалиев, Есет Габдуллин, Қитанов Қуаныш ағаларымыз сияқты тәжірибелі басшылардан тәлім алған еді.
«1985 жылы совхоздың жұмысына ауысты. Жұмыс бабымен барғанда, кез келген мәселені шеше білді. Осы жұмысты атқарып жүріп, совхоз партия ұйымының хатшылығына тағайындалды. Партия жұмысын да жауапкершілікпен атқара білді, халық арасында жоғарғы ұйымдардың қабылдаған қаулы-қарарларын насихаттауда үгіт-насихат жұмысын жүргізе отырып, партия қатарының өсуіне ықпал етті. Мені де 1989 жылдың қараша айында партия қатарына өткізген болатын» деп досы Нағим Тәжімұратов еске алады.
Өтеміс қандай қызметті мойнына алса да, істің нәтижесіне көңіл бөліп, сан қумай, сапалық көрсеткішке жетуді ғана діттейтін. Әсіресе, жылқы саны алты мың басқа жеткен шаруашылықта мал тұқымын асылдандырып, үйірлерді өз төлі есебінен өсіруді ол өз алдына басты мақсат етіп қойды. Сол ойын іске асыру үшін Өтеміс «Красногор» жылқы зауытынан, Ақтөбе облысының «Мұғалжар» жылқы зауытынан айғырлар алып келіп, будандастыруды жүйелі түрде қолға алды. Көшім жылқысының тұқымын жақсарту, салмағын өсіру үшін селекциялық сұрыптау жұмыстарын жүргізді. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, белгілі атбегі-маман Алтай Зинуллиннің ғылыми жетекшілігімен жасалған осынау практикалық шаралар көп ұзамай жемісін берді де, совхоздың негізгі көрсеткіштері жақсара түсті. Ауылға бие сауу аппараттарын алып келіп, әуелі, жиырма биені желіге байлап, ауыл тұрғындарын, орталық аурухананы шипалы қымызбен қамтамасыз ете бастады. Бұған қоса «Аңқаты» совхозынан қазақтың атақты ақбас сиырының бұқаларын және Жаңақала аудандық «Бірлік» совхозынан еділбай қойының қошқарларын арнайы әкеліп, ірі қара мен ұсақ мал тұқымын асылдандыруға біраз тер төкті. Бас зоотехник бола тұра, кеңседе сарылып отырмай, үне-мі малшылардың арасында жүрді. Қой малы тұқымын жақсартып, өнімділігін арттыру мақсатында қарапайым еңбек адамдарымен ақылдасып, іс-тәжірбиелеріне құлақ түрді, үнемі ізденісте болды. Соның арқасында ол ісін жетік білетін, ұжымдастарымен еркін тіл табыса алатын кішіпейіл, кеңқолтық басшы, ақ адал, алғыр маман ретінде қалыптасып, шыңдала түсті. Арада көп уақыт өтпей, тәжірибелігі мен құзыреттілігі ескеріліп, ол аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды. Көп ұзамай Орда ауданы әкімі аппараты басшысы қызметіне тағайындал-ды. 1989 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жолдамасымен бір топ партия, кеңес қызметкерлері Литваның астанасы Вильнюс қаласына екі жылдық оқуға жіберілді. Олардың арасында ордалық Өтеміс те бар еді. «Ол өзінің ақжарқын мінезімен, адал көңілімен партия мектебіне келген қыз-жігіттерді өзіне бірден баурап алды. Шіркін, өзінің түрі де, жаратылысы да, тіпті қимыл-қозғалысы да ешкімге ұқсамайтын еді ғой. Кім-кімге болса да көмектесуге әзір тұратын Өтемістің алғырлығы, азаматтығы мен өмір сүйгіштігі, не нәрсеге де мойымайтын, боркеміктенбейтін ішкі ұстанымы бәрімізді тәнті етті. Ол қашанда кісілікті кетіретін немқұрайлық пен тоғышарлықтан бойын аулақ ұстай білді. Мен курстас досымның қазіргі номенклатуралық кадрлардың бойынан табыла бермейтін қарапайымдылығын, достықты қатты қастерлейтіндігін, ағайын-туғанға қамқор бола білген, қашанда әділдік пен имандылықты ту еткен адамгершілігі мол азамат екенін айтқым келеді», – деп еді бізге Вильнюс және Мәскеу жоғары партия мектептерінде бірге оқыған досы Қиялбаев Жеткен ағамыз еске алған бір сәтінде.
Партия мектебін тәмамдап, елге оралып, Орда ауданы әкімі орынбасары қызметінде жұмысын жалғастырды. Кейіннен Атырау облысы мемлекеттік мүлік аумақтық комитетінің бөлім басшысы қызметіне ауысады. Ол бір естелігінде: «Атырау қаласында өткен өңіраралық бір үлкен жиналыста сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Абат Қадемұлы Есенғалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевқа мені «Елдің азаматы» деп таныстырды. Сол жерде Қырымбек Елеуұлы: «ел азаматтары елге қызмет жасағандарың дұрыс», – деп ақылын айтып, осы кездесудің нәтижесінде Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас инспекторы лауазымына ауыстым» – деп Ақ Жайыққа қалай оралғанын айтқаны есімізде.
Қырымбек Елеуұлы басқа қызметке ауысқаннан кейін де ұзақ уақыт жақсы қарым-қатынаста болған көрінеді.
Мемлекеттік қызметке ерте араласып, аудан әкіміне дейінгі жолды осылайша абыроймен жүріп өткен ол 2003 жылы Бөкей ордасы ауданы әкімі болып тағайындалды. Оның Орда өңіріне әкім болған жылы тоқыраудан кейінгі қайтадан өрлеп қалыптасу кезеңімен тұспа-тұс келіп, инфрақұрылымы тозған, қараусыз қалған әлеуметтік нысандарды қайта түлетуге мәжбүр болды. Өтеміс Уәлиұлы айтып отырушы еді: елдің ниетіне сай, елдің азаматтары бұздыртпай, иесіз қалған ғимараттарды сатпай, алып қалғанының арқасында қайтадан ел иілігіне пайдалану мүмкіндігі туған. Ішіндегі дүние-мүлкі тоналып, қаусап бос тұрған аудан орталығындағы жетпіс бес орындық «Гүлдер» балабақша ғимаратын күрделі жөндеуен өткізіп, ішін жаңаша жабдықтап, сыртына ойын алаңын ұйымдастырды. Балабақша қайта жұмыс істеп, бөбектер мен тұрғындар шексіз қуанышқа бөленді. Сондай-ақ бұрынғы ПМК және ауыл шаруашылығы техника ғимараттары мемлекетке қайтарылып, нысандарда кәсіби мектеп-коледжі ашылып, ауылға қажетті мамандар сол мектепте білім алуға мүмкіндік алды. Бос тұрған бұрынғы тұрмыстық қамту комбинатының екі қабатты ғимараты қайта күрделі жөндеуден өтіп, мемлекеттік мекемеге берілді. Бұрын, аудан қайта құрылған кезде аудандық партия комитеті мен атқару комитеті орналасқан интернат үйі жөнделіп, оқу бөліміне, кейін саз мектебіне берілді. Коммуналдық мекеме мен екі қатарлы қонақүй нысандары да жөнделіп, балалар спорт мектебіне және мемлекеттік мекемелердің кеңсесіне айналдырылды. Сонымен қатар аудан орталығындағы және ауылдардағы мектептер, Саралжын ауылындағы он жыл бұрын құрылысы тоқтап қалған мәдениет үйі қайтадан қолға алынып, пайдаланылуға берілді. Мәдениет мекемелері, аурухана, фельдшерлік пункттер күрделі жөндеуден өткізіліп, халыққа қызмет ете бастады. Аудан көлемінде тұрғын үй құрылысы қарқынды қолға алынып, ол үйлер баспанасыз жүрген, аз қамтылған жанұялар мен жас отау иелеріне берілді.

cece74dc-f6ca-46fb-917f-d16ae6e1d28d
Өтеміс ауданға газ әкелуге көп жұмыстанды. Алдымен, оның техникалық, экономикалық жобасы жасалды. Республикалық бюджеттен қаржыландырылды. Осындай тынымсыз еңбектің арқасында Жәнібек ауданының Қайрат кеңшарынан Мұратсайға дейін газ құбырының құрылысы басталып кетті. Аудан орталығындағы М.- С.Бабажанов атындағы орта мектептің құрылысы жүріп жатты. Қазірде ауданда қазақ және орыс мектептері бірдей жұмыс істеп, оқушылар білім алып жатыр.
«Өтемісті алғаш рет 2007 жылдың жазында кездестірдім. Мен дәл осы кезде Елбасы Жарлығы бойынша Батыс Қазақ-стан облысының әкімі болып тағайындалдым. Жаңа қызметіме кіріскеннен кейін облыс аудандарының жай-күйімен танысқанды жөн көрдім. Бұл сапарды қасиетті де киелі мекен Бөкей ордасы ауданынан бастауға көңілім ауды да тұрды. Өтеміс Мырзағалиев осы ауданның әкімі екен. Ол мені бірден елгезек, кішіпейіл, қарапайым мінезімен баурап алғандай көрінді. Елге, жерге, сол елдің тұрғындарына жаны ашитын, олардың мұң-мұқтаждарына ортақтаса біле-тін азамат екенін аңғардым. Оған мынандай сұрақ қойдым: «Өтеміс, Орда еліне қазіргі жағдайда ең керегі не? Соны айтшы?..». Ол іркілместен: «Табиғи газ», - деді.
Сол алғашқы сапарда байқағаным, Бөкей ордасы ауданында көмірдің бағасы аспандап тұр екен. Шамамен центнері бір сиырдың құнына тең болса, осылай демегенде қайтеміз. Ошаққа көмір салып, күл шығару машақаты өз алдына бөлек әңгіме. Ендеше, «Халықты жина, әңгімелесейік, пікірлесейік», – дедім мен Өтеміске. Сол жиында мен бөкейордалықтарға таяу уақытта аудан аумағына газ келетінін айттым. Бұл сөзіме көптеген тұрғын күмәндана қалғандай көрінді. Аты-жөні есімде қалмапты, бір үлкен кісі: «Қарағым, Бақтықожа, сіз Ордаға көп кешікпей газ құбыры келеді дегенді ет қызумен айтып тұрған жоқсыз ба?» – деп қалды. Мен ақсақалға жауап ретінде бұл шын сөзім екенін жеткіздім. Міне, Қайрат – Мұратсай – Сайқын газ құбыры жобасы қысқа мерзімде осылайша қолға алынып еді. Бұл жерде басты айтайын дегенім маған қамшы болған Нарын еліне газ тартудың қажеттілігі мен қисындылығы жөніндегі Өтемістің тұжырымды, байламды әрі батыл пікірі еді.
Бөкей ордасына екінші рет барғанымда оған: «Тағы не қажет?» – деген сауал тастадым. Бұл жолы Өтеміс тағы да нақты дәлелдерге сүйене отырып, аудан орталығын абаттандыру және мектеп құрылысы мен балабақшаға қаражат қажеттілігіне көзімді жеткізді. Оның осынау ойлы пікіріне тағы да түсіністік танытып, құлақ асуға тура келді. Осындай келісімнен кейін тұрғызылған Бөкей ордасы ауданы орталығындағы орта мектеп ғимараты республикада баламасы жоқ айрықша сәулетімен ерекшеленеді», – деп еске алады ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары болған Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұханбетов.
Алайда мемлекеттік қызметтің заңы мен талабы бар. Ауқымды құрылыс қарқын алып, көгілдір отын желісі Сайқынға небәрі 10 шақырымдай қалғанда, 2008 жылы облыс басшылығы Өтеміс Уәлиұлының тәжірибесін жоғары бағалап, оны Тасқала ауданының әкімі қызметіне шұғыл ауыстырады. Басталған ұлы істі соңына дейін жеткізіп, лентасын қию бақыты Бөкей ордасына Өтеміс ағадан кейін әкім болып келген Рахман Каринге бұйырды.
Орда халқы құм ортасына тартылған осы жылу мен жарықтың, үлкен жобаның іргетасын қалап, институт деңгейіндегі құжаттарын реттеп, алғашқы шақырымдарын өз қолымен жүргізген Өтеміс Мырзағалиев екенін ешқашан ұмытпайды. Бүгінде Сайқын мен оның шалғай ауылдарында жанып тұрған әрбір ошақтың көгілдір отынында жүрегі жұртым деп соққан іскер азаматтың ерен еңбегі мен Нарынға деген шексіз махаббатының жылуы бар екені даусыз.
Бөкей ордасындағы бес жылдық жемісті қызметінен кейін, облыс басшылығының шешімі бойынша Тасқала ауданының әкімі болып тағайындалады. Бұл – алғыр азаматтың мемлекетшілдік қарымы мен ұйымдастырушылық шеберлігін тағы бір қырынан сынаған үлкен белес еді. Тасқала топырағына келген күннен бастап ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық тынысына қан жүгіртіп, халықтың мұң-мұқтажын шешуге білек сыбана кірісті. Өтақаң бір қарағанда тәкаппар болып көрінгенімен, досқа көңілі ақ, ешкімді сыртынан жазғыруды білмейтін.
Өтеміс Мырзағалиев – Тасқала ауданында аз уақыт қызмет істеп, көп іс тындырған басшының бірі. Атап айтар болсақ, көптен шешімін таппай келе жатқан, кеңестік кеңшардан қалған балабақша ғимаратын аз ғана уақытта күрделі жөндеуден өткізіп, іске қосты. «Сәулет» мектеп-лицейінің құрылысын жедел аяқтауға біраз тер төкті. Сонымен қатар жоспарда болмаған музыка мектебінің жаңадан салынып, пайдалануға берілуі – тікелей сол кісінің іскерлігінің арқасы. Ол ешқашан асығыс шешім қабылдамайтын, не болса да ойланып, жеті рет өлшеп, бір рет кесетін. Сөзге шешендігі, халықты аузына қарата білетін айрықша қасиеті ел басқарған кезінде ерекше байқалды. Сөзді ретімен айта да білетін, адамдарды тыңдай да білетін.
Аудан орталығы мен іргелес ауылдарда тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Көп жыл бойы шешімін таппай келген әлеуметтік нысандардың, соның ішінде жастар мен жас отбасыларға арналған баспаналардың бой көтеруіне тікелей мұрындық болды. Аудан ішіндегі және ауылдар арасындағы жолдардың сапасын жақсарту, көшелерді абаттандыру мен жарықтандыру жұмысын тікелей қадағалады. Оның тұсында Тасқаланың келбеті едәуір өзгеріп, заманауи кейіпке енді. Кәсіби зооинженер ретінде мал шаруашылығының мәселесін терең түсінетін әкім жергілікті шаруа қожалықтарының аяқтан тұрып кетуіне, асыл тұқымды мал басын арттыруға және жайылымдық жерлерді тиімді пайдалануға жағдай жасады. Суландыру жүйеле-рін ретке келтіріп, Тасқаланың егін және мал шаруашылығы әлеуетін жаңа деңгейге көтерді.
Өтеміс Уәлиұлының халықтың қамын жеке мүддесінен жоғары қоятын, ел басына күн туғанда ықпалды шешім қабылдай алатын қайсар басшы екені 2011 жылғы алапат су тасқыны кезінде анық көрінді. Көктемде Деркөл өзені тасып, Тасқала ауданының бірнеше ауылы мен үйлерін су басу қаупі төнгенде, ол шұғыл түрде аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі штабты басқарды.
Түн ортасы болсын, таң сібірлеп атып келе жатсын, аяғына резеңке етігін киіп, су ортасында жүрген әкімді тасқалалықтар әлі ұмытқан жоқ. Ол бөгеттерді бекіту, қауіпті аймақтардан халықты көшіру және материалдық көмек ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрді. Адам шығынына жол бермей, апаттың зардаптарын қысқа мерзімде жою бағытындағы бұл қажырлы еңбегі үшін Өтеміс Уәлиұлы жергілікті жұртшылықтың ғана емес, облыс, республика басшылығының да алғысына бөленді.
Өтеміс Уәлиұлының мамандығы – зооинженер. Еңбек тәжірибесі мемлекеттік қызметте өрілгенімен, оның жаны өнерге етене жақын, сезімтал, әдебиетті сүйіп оқитын, поэзияның құдіретін түсінетін және қазақтың дәстүрлі ән-күй өнерін шексіз қадірлейтін. Бойындағы бұл қасиет Нарын құмының, Бөкей ордасының қасиетті топырағынан, сондай-ақ музей саласында ұзақ жыл еңбек еткен аяулы анасы Күнзирадан дарығаны сөзсіз. Ауданды басқарған жылдарында ол мәдениет саласының дамуына барынша көңіл бөлді.
Сөзімізге дәлел, Өтеміс Уәлиұлының тікелей қолдауы бойынша Бөкей ордасы ауданында тұңғыш рет халық аспаптары оркестрі құрылып, оның кәсіби деңгейде қалыптасуына барлық жағдай жасалды. Ол жас дарындардың қанат қағуына жол ашқан балалар саз мектебінің ашылуын және оның материалдық-техникалық базасының заманауи үлгіде жабдықталуын басы-қасында жүріп өзі қадағалады. Мәдениет үйі ұжымдарының шығармашылық әлеуетін көтеріп, олардың «Халықтық өнер ұжымы» атты жоғары атаққа ие болуына да тікелей мұрындық болды.

f3d7b1d8-38bd-420a-a07c-ee37b0cb02ed
Ұлтжанды басшы ел тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың есімін ардақтауды парыз санады. Ол Кеңес Одағының Батыры Садық Жақсығұловқа Тасқала ауданы орталығында еңселі ескерткіш орнатуға себепкер болған. Бұл іс-шара жай ғана ескерткіш ашу емес, өңірде үлкен патриоттық және мәдени сілкініс тудырған ауқымды оқиғаға айналды.
Өтеміс Уәлиұлы шығармашылық зиялы қауым өкілдерін – ақындарды, жазушыларды, тарихшылар мен өлкетанушыларды ерекше құрметтей білді. Ол Бөкей ордасы мен Тасқаланың талантты қаламгерлерінің кітаптарының жарық көруіне, олардың облыстық және республикалық деңгейде шығармашылық кештерінің өтуіне мемлекеттік әрі азаматтық тұрғыдан да демеушілік көрсетті. Өнер адамдары оның қабылдауына еш кедергісіз кіріп, рухани қолдау табатын.
Өтеміс Уәлиұлы – қазақы қарапайым қалпын мансап биігіне айырбастамаған, достықтың ұлы заңын қадірлеген, жолдасына адал серік бола білген адам. Замандастарының естеліктерінде кейіпкеріміздің осы бір парасатты болмысы ерекше сағынышпен суреттеледі.
«Өтеміс Уәлиұлының бойындағы ең басты ерекшелік – оның ешкімге ұқсамайтын қарым-қатынас мәдениеті еді. Ол ешқашан лауазымына мастанып, шіренбейтін. Керісінше, қарапайым жұмысшымен де, облыс, республика басшыларымен де бірдей деңгейде, салмақты әрі сыйласа сөйлесетін. Оның мінезіндегі ұстамдылық кез келген адамды мұқият тыңдай білетін сабырлылығы айналасына өзіне деген шексіз құрметті ұялататын», – деп еске алады әріптесі, кейін Тасқала ауданының әкімі болған Қуат Мусин.
Өтеміс Уәлиұлы ғұмырының соңына дейін Тасқала ауданын басқарып, әр істің нәтижесіне көңіл бөлетін, санмен емес сапамен өлшейтін сарабдал басшы ретінде аймақ тарихында қалды.
... 2011 жылы тамыздың 30-ында көктемде іргесі қаланған үйлерді иелеріне тапсырып, 1 қыркүйек күні мектептің бітіруіне арналған мерекелік жиын өткізіп, аудан көлеміндегі іс-шараларды да ыңғайлап, облыс орталығынан бет алғанда аяқ астынан жол апатына ұшырады. Өкінішсіз өлім болмайды, ал Өтемістің өлімі ағайын-тума, жолдастары мен қызметтестердің есінен еш кетпейтін мезгілсіз өкінішті қаза еді.
Сол кезде облыс әкімі Б. Ізмұхамбетов, орынбасарлары, аппарат қызметкерлері, мекеме басшылары Өтемістің отбасына, ағайын-туысына көңіл айтып, орны толмас қайғыларына ортақтасты. Соңғы сапарына шығарып салуға түгелдей қатысты. Өтемістің мүрдесін тікұшақпен Ордаға жеткізіп, жерлеуге қатысып, топырақ салды. Өтемісті жерлеуде Бақтықожа Салахатдинұлы тек басшы емес, нағыз асыл азамат екенін көрсете білді.
Өтеміс 4 қыркүйек күні жерленді. Тасқаладан шығарылды. Тасқалалықтардың Өтемісті қалай қадірлейтінін сол күні көрдік. Табиғат та өз ұлын жоқтап жылағандай кейіп танытып, сібірлеп жаңбыр жауды. Ол жаңбыр екі тікұшақпен Өтемісті мәңгілік орнына қойып, қайтып келгенше басылмады.
Өтеміспен қоштасу Тасқала аудандық мәдениет үйінде өтті. Тоқтаусыз жауған жаңбырға қарамай жасы да, кәрісі де, орысы да, қазағы да залға лық толды. Бәрі де қабырғасы қайыса бірге қайғырды. Қоштасуға ұлғайған жасына қарамастан армян халқының қызы, қазақтың келіні, Совет Одағының Батыры Садық Жақсығұловтың жары да ақ таяғына сүйеніп келді.
Қоштасудан кейін Өтемісті екі тікұшақ Ордаға алып кетті. Мұнда Бөкей орда, Жәнібек, Казталов ауданының азаматтары күтіп алып, қаралы жиын өткізіп, Бабай Сады бейітіне әке-шешесі мен інісінің қасына жерледі. Осы топыраққа қатты науқастанып, әл үстінде жатқан ағасы Жеңіс те көп кешікпей орналасты.
«Жақсы әйел – ырыс» дейді қазақ. Ер-азаматтың ел алдында еңселі, атқарған ісі берекелі болуы – оның сенімді тірегі, шаңырағының шамшырағы асыл жарының ақылымен өлшенеді. Өтеміс Уәлиұлының өмірі мен мемлекеттік қызметтегі кемелдігін сөз еткенде, оның өмірлік серігі, көркіне ақылы, тегіне заты сай болған аяулы жары Әсем Қанатбайқызының бейнесін бөле-жара атау ләзім. Бұл – жай ғана неке емес, Нарын өңіріндегі екі бірдей белгілі, еңбекқор әрі текті әулеттің тағдырлы тоғысуы-тұғын.
Әсем Мырзағалиева бұл шаңыраққа жай ғана келін болып келген жоқ, ол әулеттің бағын еселеген берекесі болып енді. Өтеміс ағаның бауырлары мен немере інілері дәл осы Өтеміс пен Әсемнің шаңырағында өсіп тәрбиеленді, отау тігіп, босағаларын бекітті. Жеңгенің бауырмалдығы мен ұқыптылығы, үй тіршілігі мен қызметті қатар алып жүрген іскерлігі айналасындағы әрбір жанды тәнті ететін.
Оның шынайы адамгершілігі мен жүрегінің жұмсақтығы Уәли әкенің жары, аяулы анамыздың өмірінің соңғы, сырқатты күндерінде анық көрінді. «Келін қайын ененің топырағынан» деген сөздің шынайы үлгісін көрсеткен Әсем жеңгей, анамыздың қас-қабағын бағып, соңғы деміне дейін қасынан табылды. Бұл қасиеті үшін үлкендердің ақ батасын алып, әулеттің анасына айналды.
Өтеміс Уәлиұлы Бөкей ордасы мен Тасқала аудандарында басшылық қызмет атқарғанда, Әсем Қанатбайқызы оның сенімді серігі ғана емес, сол өңірлердің «ел анасы» бола білді. Ол – өзінің биязы мінезімен, ішкі парасатымен, әйелдік көркем болмысымен ұлттық келіндік дәстүрдің озық үлгісін көрсеткен жан. Олар қызмет еткен аймақтың халқы бүгінге дейін бұл қос тұлғаны зор құрметпен сағына еске алады.
Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші, Өтеміс пен Әсемнің махаббатынан жаралған, олардың ақылы мен мейірімін көріп өскен үш ұлы бүгінде ата-ана есімін биікке асқақтатып, ұрпақ сабақтастығын, әулет өнегесін жалғап отыр.
Мирас – (інісі Тоқтамыстың ұлы. Тағдырдың қатал жазуымен Тоқтамыс бауыры ерте дүниеден озғанда бауырының артында қалған жалғыз тұяғын Өтеміс аға мен Әсем жеңгей бауырларына басады) – подполковник шеніндегі әскери ұшқыш, Астана қаласындағы Ұлттық ұлан офицері. Бүгінде екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отағасы.
Азат – «Болашақ» бағдарламасының түлегі, АҚШ-та білім алған жоғары деңгейлі маман. Бүгінде Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстазы әрі республикалық ауқымдағы ірі жобаның менеджері. Сондай-ақ ғылым жолында ізденіп, докторантурада оқиды. Бір ұл, екі қыздың әкесі.
Мейрамбек – жеке кәсіпкер, «Химинвест» ЖШС-ның аға жоба менеджері. Ол екі ұл, бір қыз өсіріп жатыр.
Бүгінде үш ұлынан тараған немерелері – Өтеміс пен Әсемнің артына қалдырған ең үлкен мұрасы, жарқын жалғасы.
Ажал айтып келмейді. Өкінішке орай, келбеті, жү-ріс-тұрысы, сөз саптауы мен кісіге қарым-қатынасы ерек, болмысы бөлек Әсем Қанатбайқызы да аяулы жарының соңынан көп ұзамай өмірден өтті. Қос асылдың қазасы туыстары үшін ғана емес, бүкіл Батыс өңірі, Орал мен Атырау жұртшылығы үшін орны толмас ауыр соққы болды. Биыл осы қимас жандардың мәңгілікке бірге аттанғандарына 15 жыл толып отыр. Артында қалған дүйім елі, бауырлары мен ұлдары ас беріп, рухтарына Құран бағыштамақ ниетте естелік жазып жариялауды қолға алған болатын.
Жандары жәннаттың тө-рінде шалқып, рухтары шат болғай!
Қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева Өтеміс Уәлиұлының мемлекетшілдік болмысы мен мәдениетке деген ерекше құрметін жоғары бағалай келіп, өзінің жүрекжарды естелігінде былай деп толғанады:
«Өтеміс Уәлиұлы – лауазымды қызметтің буына пісіп, халықтан ажырап қалған шенеунік емес, Нарынның құмынан жаралған бекзат болмысты, ұлттық рухы биік азамат еді. Ол Бөкей ордасы мен Тасқала аудандарын басқарған жылдарында өңірдің тек экономикасын ғана емес, руханиятын, мәдениеті мен тарихын тірілтті. Хан ордасының халықаралық деңгейде ұлықталуына, Мұхаммед-Салық Бабажанов сынды арыстардың есімін қайта жаңғыртуға өлшеусіз еңбек сіңірді. Оның парасаты мен кішіпейілділігі, өнер адамдарына деген ілтипаты біздің жадымызда мәңгі қалды. Өтемістей азаматтар – елдің мақтанышы, рухани тірегі».
Осы бір ойды белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғайсағали Сейтақ өзінің естелік жазбаларында одан әрі тереңдетіп, Өтеміс ағаның достыққа адалдығы мен адамгершілік қырларын ерекше суреттейді. Қаламгердің айтуынша, Өтеміс Уәлиұлы – қандай биік мансапта жүрсе де, қарапайымдылығынан айнымаған, сөзі мен ісі бір жерден шығатын уәдеге берік тұлға.
Ғайсағали ақын бұл мезгілсіз ауыр қазаны жүрегі сыздай отырып, арнау өлеңінде былай деп жырлайды:
Ініңмен құрдас болып күн кешкенім,
Есімде ең соңғы рет тілдескенім…
Ақиқат алдан шығар ағамдайын,
Жарқылдап, тірі болсаң, жүрмес пе едің!?

Қызуы кетпей бойдан от-намыстың,
Жасыңнан жүйрік мініп, топқа түстің.
Қимасың ерте кетіп бұл өмірден,
Мирасын адам еттің Тоқтамыстың.

Тағдырдың жолы қандай тайғанақ бұл,
Төгілмес Күннен – сәуле, Айдан – ақ нұр.
Қасымда ешкім жоқта басу айттың,
Басына іс түскенде Айболаттың.

Дұшпандар көрсете ме тасадан бой,
Жалынан ұстатпайды қашпаған ой.
Қайтемін, өтер бәрі, даусың естe:
«Әйтеуір бас аман ғой, бас аман ғой…».

Артынша дүниеден Өзің көштің,
Салмағын зіл-қайғының сезінбес кім!?
Оянбас елдің асыл азаматы,
Жоя алмас жүректегі сөзіңді ешкім.

Тоқтаусыз жардың жасы төгілді ме,
Өзіңнен қалған қайран өмір, міне.
Бақ тайып, бастан дәурен көшкен сәтте
Қасқайып қарсы алдың ба өлімді де!

Бұл Нарын ұмытпайды бәрін-бәрін,
Тізесі бүгілмеген нар ұлдарын.
Солардың қатарында Сен де барсың,
Айналып кеткен алыс сағымға бір…

Лауаз Уәлиев

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале