24.07.2026, 15:30
Оқылды: 11

Қарбыз пісті ме?

Жаздың шіліңгір ыстығында асыға күтетін көкөністің бірі – қарбыз.  Дүкен сөрелері мен базардағы көз қызықтырар қарбыздардың әрқайсысының артында диқандардың ақ-адал маңдай тері, заманауи агротехнологиялар және  айлар бойы  атқарылған  еңбек  жатқанын көпшілік ескере бермейді. 

Халиуллин Жасұлан

– Батыс Қазақстан облысында биыл бақша дақылдары жалпы 642 гектар алқапқа егілді. Оның ішінде 470 гектары – қарбыз. Одан 16,5 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Мемлекеттік қолдау аясында минералды тыңайтқыштар мен пестицидтерді сатып алу шығындары субсидияланады, сондай-ақ шаруаларға жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай (ЖЖМ) беріледі. Өңірде қарбыз өсірумен негізінен Ақжайық, Теректі, Қаратөбе және Бәйтерек аудандарының шаруашылықтары айналысады. Батыс Қазақстан облысының климаты қарбыз өсіруге қолайлы. Оңтүстік өңірлермен салыстырғанда, табиғи тәуекелдер жоғары болғанымен, тамшылатып суару технологиясын қолдану, ерте пісетін сұрыптарды пайдалану арқылы гектарына 30-35 тоннаға дейін өнім алуға мүмкіндік бар.

Облыста өңірдің топырақклиматтық жағдайына бейімделген ерте және орташа ерте пісетін қарбыз сұрыптары мен будандары өсіріледі. Солардың ішінде «Бонта F1», «Каристан F1», «Топ Ган F1», «Леди F1», «Продюсер» және «Кримсон Свит» сияқты жоғары өнімді сұрыптар мен будандар кеңінен қолданылады. Бұл сұрыптар ерте пісуімен, жоғары өнімділігімен, тасымалдауға төзімділігімен және өңірдің табиғи-климаттық жағдайына жақсы бейімделуімен ерекшеленеді, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин.

Жаз мезгілі – жаңа піскен көкөністер мен жеміс-жидектің молайып, дастарқанның түрленетін шағы. Алайда сыртқы көрінісі әдемі, балғын болып көрінген әр өнімнің адам денсаулығына қауіпсіз екеніне ешкім кепілдік бере алмайды. Әсіресе өнімдердің құрамындағы нитраттардың шамадан тыс мөлшері адам денсаулығына кері әсер етуі әбден ықтимал. Сондықтан жаз айларында өнімді дұрыс таңдап, тұтыну қауіпсіздігіне ерекше назар аудару керек.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Керееваның мәліметінше, ерте піскен өнім әрдайым пайдалы деген пікір шындыққа сай келе бермейді. Керісінше, мерзімінен бұрын сатылымға шыққан жеміс-көкөністердің құрамында нитрат мөлшері жоғары болуы ықтимал. Сол себепті өнімді табиғи пісу кезеңінде сатып алған жөн. Бұл зиянды заттардың ағзаға түсуін азайтып, денсаулықты қорғауға  сеп болады.

Нитраттар – өсімдіктердің өсуіне қажетті азотты қосылыстар. Ағзаға көп мөлшерде түскен жағдайда нитраттар улануға себеп болып, бас ауруы, әлсіздік, жүрек айну және басқа да жағымсыз жағдайлар туындатады.

Гүлдана Кереева

– Ерте көктемде сатылымға шығатын қарбызды таңдағанда сақ болған жөн. Себебі табиғи мерзімінен бұрын пісіп жетілген өнімдердің құрамында нитрат мөлшері жоғары болуы мүмкін. Сондықтан қарбыз-қауынды табиғи пісетін мерзімінде, яғни шілде-тамыз айларынан бастап тұтынған дұрыс. Ал басқа да бақша өнімдерін жаздың екінші жартысы мен күз мезгілінде пайдалану қауіпсіздеу. Нитраттармен уланудың алдын алу үшін бау-бақша дақылдарын тек ресми сауда орындарынан сатып алған жөн. Сондай-ақ өнімді тұтынар алдында ағын сумен мұқият жуып, қажет болған жағдайда қабығын аршып пайдалану керек. Қарапайым сақтық шараларын сақтау денсаулыққа төнетін қауіптің алдын алуға сеп, – деді Гүлдана Қайыржанқызы.

Жаз мезгілінде қауын-қарбыздың рұқсат етілмеген орындарда, көшелер мен жол бойында сатылуы жиілейді. Мұндай жерлердегі өнімге шаң-тозаң мен зиянды заттар қонатындығы шүбәсіз. Соған қарамастан кейбір адам оларды жумастан тұтынады.  Г. Кереева өз сөзінде түрлі жағдайға тап болып, улану деректері орын алған кезде қайда шағымдану керегін білмейтін азаматтардың бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, департаментке түскен әрбір арыз мұқият тексеріледі. Дегенмен, ең бастысы – әр адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы. Сондықтан мамандар тағам өнімдерін таңдауда мұқият болып, сапалы әрі қауіпсіз өнімдерді тұтынуға кеңес береді.

Орал қаласында қазіргі тілмен айтқанда, хит болған, әлеужеліде көпшіліктің назарын аударған кәсіпкер – Мирболат Исмағұлов (суретте). Ол арнайы тоңазытқышы орнатылған «ГАЗель» көлігімен салқындатылған қарбыз сату ісін жолға қойған. Мұндай сипаттағы сауда тәсілі Қазақ-станда әзірге кең таралмаған ерекше  бастамалардың  бірі.

мирболат қарбыз

– 2011 жылы такси қызметімен айналыса бастадым. Кейін досымның қарбыз сату ісіне көмектесіп жүріп осы саланы таңдадым. Содан бері «Исмагулов» жеке кәсіпкерлігін ашып, шамамен 16 жылдай осы кәсіппен айналысып келемін. Отбасымды да осы еңбектің арқасында асырап отырмын. Бұрынғыдай далада шаң басып, күннің астында қарбыз сату қазір өзгерді. Біз қарбызды шамамен бір ай көлемінде Шымкенттен әкелеміз, кейін өзі-міздің Тайпақ өңірінің өнімі піседі. Өнім сапасы жақсы, дәмді, сондықтан сұраныс та жоғары. Баға да тұрақты емес, әр кезде әрқалай өзгеріп   отырады.

Бір кездері 15 жыл тойда музыкант болып та жұмыс істедім, екі істі қатар алып жүрдім. Бірақ «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» демекші, кейін толық осы кәсіпке бет бұрдым. Қазір тұрақты тұтынушыларым бар, солардың алғысын алып жүрмін. Сауданы жаңаша деңгейге көтеру үшін «ГАЗель» көлігін сатып алып, арнайы тоңазытқыш орнаттым. Жалпы алғанда 18 миллион теңге инвестиция құйып, өнімді сап-салқын, таза күйінде ұсынып отырмыз, – дейді кәсіпкер Мирболат  мырза.

Гүлфия Қолғанатова,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале