24.07.2026, 16:15
Оқылды: 13

Шыңғырлауда үздік ардагер спортшылар анықталды

Шыңғырлау ауданында ардагерлер арасында дәстүрлі аудандық спартакиада өтіп, ел ағаларының спортқа деген сүйіспеншілігі мен белсенді өмір салтын ұстанатынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде ұйымдастырылған бұл дода 30–31 шілде күндері Орал қаласында өтетін облыстық ардагерлер спартакиадасына қатысатын аудан құрамасын анықтайтын іріктеу кезеңі ретінде ерекше маңызға ие болды.

image-23-07-26-05-03 (2)

Жарысқа ардагерлерден құралған командалар қатысып, тоғызқұмалақ, дойбы және волейбол спорт түрлері бойынша өзара бақ сынады. Жылдар жүгін арқалаған ардагерлердің әр кездесуі олардың өмірлік тәжірибесімен қатар, спорттық дайындығының да жоғары екенін көрсетті. Әсіресе ұлттық зияткерлік ойын – тоғызқұмалақ пен дойбыдағы тартысты бәсекелер және волейбол алаңындағы қызу ойындар көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.

image-23-07-26-05-03 (1)

Спартакиаданың ашылу салтанатында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынғали Имашев қатысушыларды жарыстың басталуымен құттықтап, мұндай спорттық шаралардың аға буын өкілдерінің денсаулығын нығайтуға, белсенді өмір салтын қалыптастыруға және өзара достық қарым-қатынасты арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

image-23-07-26-05-03 (6)

Спартакиада қорытындысында үздік өнер көрсеткен спортшылар мен командаларды аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олжас Сейтимов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынғали Имашев марапаттады. Олар жеңімпаздарды құттықтап, алдағы облыстық спартакиадада Шыңғырлау ауданының намысын абыроймен қорғауға сәттілік тіледі.

 

С.Ешмат

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале