Мемлекеттен заңсыз шығарылған активтерді прокуратура органдарының үйлестіруімен қайтару нәтижесінде қалыптасқан арнаулы қор қаражаты бүгінде ел игілігіне бағытталуда. Осы қаражат есебінен республика бойынша 480-нен астам әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысы қаржыландырылып жатыр. Олар мектептер, ауруханалар, спорт кешендері және сумен жабдықтау жүйелері.

Батыс Қазақстан облысында қайтарылған активтер есебінен жалпы құны 17 млрд теңгені құрайтын 27 нысан салу жоспарланған. Бүгінде соның 23-і пайдалануға беріліп, тұрғындар игілігіне қызмет етуде. Ауданда осы қаржы есебінен жалпы құны 800 млн теңгені құрайтын төрт фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Бүгінде олардың барлығы халыққа медициналық қызмет көрсетіп келеді.

Солардың бірі – өткен жылы пайдалануға берілген Жанабұлақ ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт. Заманауи талапқа сай салынған нысанда қабылдау, емдеу, вакцинация, туберкулезге қарсы, акушерлік кабинеттер, күндізгі қабылдау бөлмесі, жеке қорғаныс құралдарын ауыстыруға арналған бөлмелер, изоляциялық палата қарастырылған. Мұнда фельдшер, акушер, медбике және кіші қызметкер тұрақты еңбек етеді.

Акушер Айнагүл Имашеваның айтуынша, жаңа ғимаратта жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Медициналық мекеме заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда ауылда жеті жүкті әйел есепте тұр және олардың барлығы тұрақты медициналық бақылауда.

Ауыл тұрғыны Латифа Абдуллина да жаңа медициналық нысанның ауыл тұрғындары үшін маңызын ерекше атап өтті.
– Бұрын мұндай мүмкіндік болмаған еді. Қазір дәрігерлер сапалы қызмет көрсетеді, қажетті дәрі-дәрмек уақытында жеткізіледі, тұрғындардың денсаулығы тұрақты бақылауда. Осындай игі жұмыс жалғасын таба берсін, - дейді ауыл тұрғыны.
Қайтарылған активтерді әлеуметтік нысандар салуға бағыттау – мемлекет қаржысының халық игілігіне тиімді жұмсалып жатқанын көрсететін нақты қадам. Мұндай жобалар ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Айта кетелік, ауданда 2024-2025 ж.ж. салынған медициналық нысандар прокуратураның көмегімен заңсыз шығарылған активтерді кері қайтару есебінен салынды.
Азамат Қанапия
Ақжайық ауданы