Орталық коммуникациялар қызметінің дерегінше, Қазақстанда соңғы үш жылда қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім білдірген азаматтардың қатары тұрақты түрде өсіп келеді.

Фото: istockphoto.com
Бұл туралы ҚР ДСМ Трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығының директоры Айдар Ситказинов аталған алаңда өткен дөңгелек үстелде мәлімдеді. Егер 2023 жылы мұндай шешімді шамамен 4,8 мың адам қабылдаса, биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 16,1 мыңға жеткен. Дегенмен донорлықтан бас тартқандар саны да 33 мыңнан 156 мыңға дейін артқан. Айта кетейік, бұл ретте әрбір азамат өз шешімін дербес қабылдайды.
Бүгінгі таңда елде ағза ауыстыруды күтіп жүргендердің саны аз емес. Нақтырақ айтсақ, 2026 жылғы 21 мамырдағы мәлімет бойынша, трансплантацияға мұқтаж 4 739 пациент (оның ішінде 125 бала) кезекте тұр. Олардың басым бөлігіне бүйрек, бауыр, жүрек немесе өкпе ауыстыру қажет. Мәселен, кезектегі азаматтардың шамамен 80%-ы – гемодиализ қабылдап жүрген бүйрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысындағы науқастар. Науқастарды тізімге енгізу мәселесін арнайы мультидисциплинарлық комиссиялар шешеді, ал оларға тірі немесе қайтыс болғаннан кейінгі донордың ағзасы егілуі мүмкін.
Орталық басшысы бұл бағытта халықты ақпараттандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, журналистерге арналған семинарлар ұйымдастырылып, үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жобалар, бейнероликтер мен деректі фильмдер түсіріледі. Сонымен қатар діни конфессия өкілдерімен, атап айтқанда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен кездесулер өтіп, бұл мәселе жан-жақты талқыланған.