Білім мен мәдени руханияттың алтын ордасы – Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапханасының 155 жылдығына орай Жаңақала аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен облыстық әдеби-сазды жыр кеші өтті.

Тағылымды шара Жұбан саябағында бастау алып, БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім бас маманы Дана Қайратқызы мен Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Закария Жүсіпқалиұлы құттықтау сөз сөйледі. Жиналған қонақтар мен ақын-жазушылар ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
Мерекелік шара кітапхана ғимаратында қазақы дәстүрмен жалғасып, қонақтарға ақ дәм ұсынылды. Кітапханашы Салтанат Тұрарбекқызы жерлес ақындардың өмірі мен шығармашылығына арналған «Ақын - елдің арқауы, жыры бөлек жауһарлы» кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады.
Одан әрі облыстық филармония залында өткен «Әуенге өрілген жыр» атты акустикалық кеште елімізге танымал қаламгерлер мен ақындар Өмірзақ Тұрақбайұлы, Закария Жүсіпқалиұлы, Амангелді Ғұбайдоллаұлы, Мұнайдар Мұхамбетжанұлы, Абдул Ғабитұлы және Меңдібек Нұрболатұлы жүрекжарды жыр оқып, естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ жерлес ақындардың әндері жанды дауыста шырқалып, көрермендерге ерекше рухани көңіл күй сыйлады.

Кеш соңында Жұбан Молдағалиевтің өміріне арналған композициялық қойылым көрсетілді. Жаңақала аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Нұрғалиқызы аудан әкімінің атынан кітапхана директоры Шолпан Қуанышқалиқызына құттықтау хат пен естелік сыйлық табыстады. Өз кезегінде Шолпан Қуанышқалиқызы БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қ. Мұханғалиевтің атынан алғысхат табыстап, бірлескен іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Шара барысында “Тыңда, жүрек” үйірмесінің мүшелері ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, өнерпаздар әсем әндерді шырқады. Бұл рухани басқосу Жұбан жырының мәңгілік мұрасын дәріптеп, әдебиет пен өнерді ұлықтаған айтулы оқиғаға айналды.
Ақерке Ғабдуллина,
Жаңақала ауданы