24.07.2026, 15:15
Оқылды: 9

47 593 адам сауда саласында қызмет атқарады

26 шілде – Сауда қызметкерлері күні

 

Сауда – халық шаруашылығының және күнделікті тұрмыс-тіршіліктің күретамыр бір саласы, әрі нарықтың қозғалтқыш күші.  Ал осы күретамырға қан жүгіртіп, оны үзіліссіз жұмыс  істетіп отырған – сауда қызметкерлері.  Олар өндіруші мен тұтынушы арасындағы алтын көпір іспетті. 

жп базар (12)

Сауда қызметкерлері қажетті тауарды жеткізіп, өнімді өткізумен айналысады. Алайда тауар қаншалықты сапалы болса да, оны тұтынушыға тиісінше таныстыратын, жеткізетін сауда мамандары болмаса, өндіріс тоқтап қалады. Мысалы, мерчендайзер немесе тауартанушы тауарлардың сапасын, жарамдылық мерзімін тексеріп, олардың сөрелерде маркетинг талаптарына сай тартымды орналасуын қадағалайды. Ал қоймашы келген тауарларды қабылдауды, сақтауды, сұрыптауды және сауда залына уақтылы жеткізуді қамтамасыз етеді. Сауда өкілі белгілі бір аумақта немесе серіктес дүкендерде компания өнімдерін өткізуді ұйымдастырып, жаңа келісімшарттар жасайды. Менеджер болса, сауда орнының жұмысын басқарып, қаржылық есепті жүргізеді. Бүгінде дәстүрлі дүкендермен қатар, электронды коммерция, маркетплейстер мен онлайн платформалар қолданысқа енді. Бұл ретте мыңдаған онлайн менеджер тәулік бойы жұмыс  істейді.

жп базар (7)

Аналар мен балалардың киімкешегін, жүкті аналарға қажет тауарлар сататын жеке кәсіпкер Әйгерім Қамбетова төрт адамды  жұмысқа  алған.

– Сатушылар жұмысқа миын тынықтырып, демалып келгені дұрыс. Олар жұмыста шаршап-шалдығып отырмауы керек. Себебі олар тұтынушыға жылы қабақ танытып, ықылас-ілтипатпен қызмет көрсетуі тиіс. Сатып алушыдан қандай зат керек екенін сұрап, соған сай тауарларды ұсынады.

Әр тұтынушымен әрқалай сөйлесуге тура келеді. Сондықтан сатушылар да психолог секілді. Әрине, сатып алушылардың да түртүрі бар. Кейбірінің көңіл күйі болмайды, тіпті дөрекілік танытатындар да ұшырасады. Сатушылар кез келген жағдайда сыпайылық сақтайды. Алайда қызметкердің жеке басына тіл тигізіп жатса, тиісінше жауап беруге тура келеді, – дейді Әйгерім  Нұрланқызы.

Бүгінде Орал қаласындағы «Мирлан» базарында 800-дің үстінде  сауда қызметкері нәпақа тауып жүр. Осы базардың әкімгері Нұрлан Кубаевтың айтуынша, мұндағы кәсіпкерлерге қолайлы жағдай  жасау  басты  назарда.

Нұрлвн (1)

– Қазіргі уақытта базар жаңғыртылып жатыр. Енді сауда қызметкерлері жылы, жарық, санитарлық-гигиеналық, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай орындарда еңбек ететін болды. Олар тұтынушыларға жылы жүзбен қарап, олардың риза болуына мүдделілік танытуы керек. Яғни сатып алушының осы жерге қайтадан келіп сауда жасауына жағдай жасағаны жөн. Бүгінде бір байқағаным, жастар саудаға бейім емес. Бұл жерде сауда-саттық жасап тұрғандардың көпшілігі зейнеткерлік жаста. Базардағы жұмыстың да өз тәртібі бар. Бір күн сауда жасап, келесі күні үйде жатуға болмайды, – деді базар әкімгері.

Сауда нысандарымен тығыз байланыста жұмыс істейтін мемлекеттік құрылымның бірі – БҚО Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті. Мекеме басшысы Эльмира Қиматова айтып өткендей, елде базарларды жаңғырту 10 жыл бұрын басталды. Соған сәйкес жол картасы бекітілді. Бұл жұмысты аяқтауға түпкілікті мерзім ретінде 2026 жылдың 1 қаңтары белгіленді. Өңірде 14 базар жаңғыртылуы тиіс. Алайда облыста әлі де жаңғыртылмаған бірнеше базар бар.

Бұл базарларға тексеру жүргізіп, басшыларына нұсқама берілген.

Кәсіпкерлер нұсқаманы бекітілген мерзімге дейін орындамаса, базарлардың жұмысын тоқтату туралы талап-арыз сотқа жолданады.

Эльмира

– Бөлшек сауда желілерінің тауар өндірушілермен тікелей байланыс орнатуына мүдделіміз. Департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына бақылау жасайды. Ал тауар бағасы неге көтеріледі? Егер жергілікті тауар өндіруші өнімді сауда орнына тікелей өзі апармай, көтерме сауда жасаушы жеткізсе, баға өседі. Себебі жеткізуші де, сауда орны да тауарға өзінің бағасын қосады. Осылайша баға шарықтайды. Заңнамада белгіленген сауда үстемесінің шекті мөлшерін арттырғандарға тиісті шара қолданылады. Яғни ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 204-4-бабы (Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің шекті мөлшерін арттыру) бойынша айыппұл салынады.

Жыл басынан бері 97 шағын және орта, ірі бизнес нысанына айыппұл салынды. Сондай-ақ тоғыз дүкен мен сауда желілеріне тауардың құнын көрсетпей сатқаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды, – деді Эльмира Нұрқызы.

Біз сауда саласында  жұмыс істейтіндерге шолу жасап көрдік. ҚР Ұлттық статистика бюросының БҚО бойынша департаментінің мәліметінше, алғашқы үш айда облыста бұл салада 47 593 адам жұмыс істеген. Оның 19 328-і ер адам болса, 28 265-і – әйелдер. Осы 47 мыңның 33 000-нан астамы – жалдамалы қызметкер.

Биылғы I тоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстанда жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі бұрынғыдай көтерме және бөлшек сауда, автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу саласына тиесілі. Мұндай деректі ҚР Стратегиялық  жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы ресми парақшасында (www.gov.kz) ұсынып отыр. Соған сүйенсек, сауда саласында 1 млн 571 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының – 16,7%-ы.  Елдегі жастарға қатысты талдауда да дәл осы сала ең ірі жұмыспен қамту бағыты ретінде көрінеді. Мәселен, finprom.kz сайтының мәліметінше, биылғы бірінші тоқсанда Қазақстанда 15 пен 28 жас аралығындағы 341 мың адам көтерме және бөлшек сауда, сондай-ақ аутожөндеу салаларында жұмыс істеген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,4%-ға артық. Соңғы он жылда (2015-2024 жылдар) осы салада 228 мың жаңа  жұмыс  орны  құрылған.

Халықаралық еңбек ұйымының (www.ilo.org) ақпаратына қарасақ, әлемдік сауда секторы шамамен 465 миллион адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның жартысынан көбі Азия мен Тынық мұхиты аймағының үлесінде. Аталған ұйымның «Жұмыспен қамту және әлеуметтік саланың 2026 жылға дейінгі үрдістері» баяндамасы бар. Онда сауда, әсіресе экспортқа бағдарланған салалар дамушы және орташа табысты елдерде лайықты жұмыспен қамтудың негізгі қозғаушы күші делінген. Олар еңбекақыны өсіріп, бейресми жұмыспен қамтуды қысқартады, сонымен қатар әйелдер мен жастарға көбірек жұмыс мүмкіндігін  ұсынады.

Ясипа Рахимқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале