ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ескі және апатты үйлерді реновациялау жұмыстары мен халықты баспанамен қамту шаралары талқыланды.

Ведомствоның Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаевтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар тек ескі үйлерді сүрумен шектелмейді, сонымен қатар қалалық инфрақұрылымды жаңғыртып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Президент тапсырмасына сай, 2029 жылға дейін елімізде 40 мыңға жуық меншік иесі жаңа баспанамен қамтамасыз етіледі. Биыл елімізде 224 көппәтерлі үйді бұзу жоспарланса, бүгінде соның 44-і бұзылып үлгерді.
Реновация кезінде азаматтардың мүддесі «бөлмеге – бөлме» қағидаты бойынша қатаң қорғалады. Сондай-ақ салада Бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторының кепілдігіне негізделген жаңа нарықтық тетік енгізіліп, бұл жеке инвестицияларды тартуға және мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Баспасөз конференциясында «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Исламбек Қайырбеков компания кепілдігімен салынған үйлерден баспана алуға жол ашатын «Орда Аймақ» ипотекалық бағдарламасын таныстырды. Бұл бағдарламаның шарттары бойынша сыйақы мөлшерлемесі 15,9%-ды құраса, бастапқы жарна 20%-дан басталады, ал несие мерзімі 20 жылға дейін беріліп, қарыз сомасы 75 млн теңгеге дейін жетеді. Мұндай компания кепілдігі тұрғындардың қаржысын қорғап қана қоймай, құрылыс салушыда қиындықтар туындаған жағдайда да нысанның уақытында аяқталуын қамтамасыз етеді.