Қаратөбе ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі және «Тұғырым» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қаратөбе» спорт клубында ардагерлер арасында «Белсенді өмір салты – ұзақ ғұмыр кепілі» атты аудан біріншілігі өтті.

Айтулы жарыстың ашылу салтанатында Жусандыой, Аққозы, Егіндікөл, Қаратөбе, Саралжын, Ақтайсай және Сулыкөл ауылдарынан келген спортшы ардагерлер командалары сап түзеп, Мемлекеттік гимн орындалды. Аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев аға ұрпақ өкілдерін сайыстың басталуымен құттықтап, бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып жүрген ардагерлердің бұл қадамы көңіл қуантатынын жеткізіп, сәттілік тіледі.


Турнир барысында ардагер спортшылар шахмат, дойбы, үстел теннисі және асық атудан бақ сынады. Тартысты өткен сайыс қорытындысында асық атудан жусандыойлық Салауат Айғожин топ жарса, екінші орынды Рыспай Боранбаев, үшінші орынды қаратөбелік Нұрлан Оразов иеленді. Ал үстел теннисінен ақтайсайлық Ғабиден Гумаров пен Мереке Әбден бірінші және екінші орындарды өзара бөлісіп, үшінші орын аққозылық Қайрат Ахметжановқа бұйырды. Шахмат бәсекесінде қаратөбелік Сайлау Сарестеков қарсылас шыдатпай, бірінші орынды жеңіп алса, жүлделі екінші орынды О. Сәндібек, ал үшінші орынды Шөптікөл ауылының тұрғыны Қанат Абдрахманов еншіледі. Сонымен қатар дойбыдан егіндікөлдік Қадырбек Баубеков жарыс жеңімпазы атанып, екінші орынды Л. Құмарғалиев, үшінші орынды саралжындық Берік Опиев қанжығасына байлады.

Жарыс соңында үздік өнер көрсеткен ардагер спортшылар дипломдармен, медальдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімін аудан әкімінің орынбасары Ғабит Ғазиев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Салахадден, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин салтанатты түрде жүргізді.
Ерболат Мырзағұлұлы,
Қаратөбе ауданы