ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясында «Маңғыстаудың жерасты мешіттері және олармен сабақтас нысандар» Бүкіләлемдік мұралар тізіміне ресми түрде енгізілді.

Фото: madenietaqparat
Бұл ауқымды бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес жүзеге асты.
Сериялық нысанның құрамына Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан епе және Бекет ата сынды бес киелі кешен біріктіріліп отыр. Комитет аталмыш орындардың сопылық дәстүр мен көшпелі мәдениеттің сабақтастығы негізінде қалыптасқан ерекше құндылығын жоғары бағалады. Әрбір кешен жерасты мешіттері, көне қорымдар, зиярат жолдары және киелі құдықтарды қамтып, ғасырлар бойы үзілмеген рухани дәстүрді бүгінге дейін сақтап келеді.

Барлық бес кешен мемлекет қорғауында болып, республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарына кіреді. Оларды ұзақ мерзімге қорғау және келушілер ағынын реттеу мақсатында 2027-2032 жылдарға арналған кешенді басқару жоспары әзірленуде.