27.07.2026, 17:00
Оқылды: 9

Балық сатып аларда нені ескеру керек?

Маман сапасыз балықтың белгілерін атап, өнімді сатып аларда неге назар аудару керектігін түсіндірді. Астана қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айгүл Шағалтаева сапалы әрі қауіпсіз балық өнімін қалай таңдау керектігін айтып, тұтынушыларға маңызды кеңес берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

A selection of fresh seabass, mackerel, and sea bream is showcased on a white cutting board against a gray kitchen table, highlighting their healthy, protein-rich profiles and Omega-3 content.

Сурет: istockphoto.com

Балық пен теңіз өнімдері адам ағзасына пайдалы тағамдардың бірі саналады. Дегенмен оның пайдасы өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сондықтан сатып алу кезінде тек сыртқы көрінісіне ғана емес, сақтау және сату талаптарының сақталуына да мән беру қажет.

Балық пен теңіз өнімдері – адам ағзасына қажетті ең пайдалы тағамдардың бірі. Олардың құрамында жеңіл сіңетін ақуыз, Омега-3 май қышқылдары, А, D және В тобының дәрумендері, сондай-ақ йод, фосфор, кальций мен селен сияқты маңызды микроэлементтер бар. Сондықтан бұл өнімдерді тұрақты тұтыну жүрек-қан тамырлары жүйесінің саулығын сақтауға, иммунитетті нығайтуға және ағзаның қалыпты жұмысын қолдауға көмектеседі. Алайда олардың пайдасы ең алдымен өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне байланысты екенін ұмытпау керек, – деді Астана қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айгүл Шағалтаева.

Сапасыз өнімді сатуға жол берілмейді

Қолданыстағы санитариялық талаптарға сәйкес, бұзылу белгілері байқалатын, жағымсыз иісі бар, түсі өзгерген, сондай-ақ қауіпті токсиндермен немесе паразиттермен залалданған балық өнімдерін сатуға болмайды. Бұдан бөлек, ерітілгеннен кейін қайта мұздатылып сатылымға шығарылған өнімдерді өткізуге де тыйым салынған.

Балық сатып аларда оның сыртқы түріне ғана емес, қандай жағдайда сақталып, сатылып жатқанына да назар аудару қажет. Балық өнімдерінің қауіпсіздігі олар өндірілген сәттен бастап тұтынушыға жеткенге дейінгі барлық кезеңде қамтамасыз етілуі тиіс. Өндірушілер мен жеткізушілер Кеден одағының «Балық және балық өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» КО ТР 040/2011 техникалық регламентінің талаптарын сақтауға міндетті. Бұл талаптар өнімді тиісті температуралық режимде тасымалдауды, қауіпсіз қаптаманы пайдалануды, сондай-ақ көлік құралдары мен контейнерлерді тұрақты түрде жуып, дезинфекциялауды қамтиды, – деді маман.

Балықты қайдан сатып алған дұрыс?

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің айтуынша, балық пен теңіз өнімдерін тек тоңазытқыш жабдықтарымен қамтамасыз етілген мамандандырылған дүкендерден немесе ресми сауда орындарынан сатып алған жөн.

Кездейсоқ сауда орындарынан немесе тиісті құжаттары жоқ өнімдерді сатып алу тағамнан улану мен жұқпалы ауруларға шалдығу қаупін арттырады.

Балғын балықты қалай ажыратуға болады?

Маманның сөзінше, балық таңдағанда оның сыртқы белгілеріне ерекше назар аудару қажет.

Балғын балықтың денесі тығыз әрі серпімді болады, қабыршағы жылтыр келеді, желбезектері ашық қызыл немесе қызғылт түсті, ал көздері мөлдір әрі шығыңқы болады.

Керісінше, жағымсыз иіс, қарайған желбезектер, бұлыңғыр көздер және жұмсарған консистенция өнім сапасының төмендегенін көрсетеді. Егер мүмкіндік болса, тірі балық сатып алу – оның балғын екеніне көз жеткізудің ең сенімді жолы.

Қаптамадағы ақпаратты тексеруді ұмытпаңыз

Айгүл Шағалтаева өнімнің қаптамасындағы таңбалануға да мән беруге шақырды.

Тұтынушылар өнімнің қаптамасындағы өндіруші туралы мәліметке, өндірілген күніне, жарамдылық мерзіміне, сақтау шарттары мен құрамына міндетті түрде назар аударуы керек. Қаптамасы бүлінген немесе таңбалануы жоқ өнімдерді сатып алмаған дұрыс. Балық пен теңіз өнімдерін таңдауда қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау тағамнан уланудың алдын алып, отбасыңыздың денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді. Әрбір тұтынушының саналы таңдауы – қауіпсіз әрі пайдалы тамақтанудың маңызды кепілі, – деді Астана қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале