Ресейдің Омбы қаласында ХХІІ Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Алқалы жиынға қазақстандық ресми делегация құрамында облыс әкімі Нариман Төреғалиев та қатысты.

Дәстүрлі форум 23 жылдан бері екі ел қалаларында кезекпен ұйымдастырылып келеді. Биылғы басқосу тақырыбы логистика инфрақұрылымы, химия өндірісі, су көлігі, өңдеу өнеркәсібі сияқты маңызды салаларды қамтыды.
Жастар форумы мен іскерлік кездесулер өткізілді. Панельдік сессияларда логистикалық экожүйе, көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіптік байланыстар мен кооперацияларды дамыту мәселелері талқыланды.
Форум аясында аймақ басшысы Нариман Төреғалиев Ресейдің Самара облысы Үкіметі төрағасының орынбасары, Самара облысының Экономикалық даму және инвестициялар министрі Павел Финкпен кездесті. Қос тарап өңіраралық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Кездесуде 2018 жылғы 5 қарашадағы ҚР БҚО әкімдігі мен РФ Самара облысы Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Сондай-ақ БҚО-да электр жабдықтарын шығару бойынша бірлескен кәсіпорындар ашу және ветеринария саласында байланыстарды нығайту жөнінде келіссөздер жүргізілді.
Айта кетейік, екі күнге жоспарланған өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық сессиясына қос ел Президенттері қатысты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі