24.03.2017, 14:15
Оқылды: 22

Теректіліктер Наурыз мейрамын қарсы алды  

 

Теректіліктер жерімізге көктем лебін, күн шуағының жылуын ала келген, жаратылыс біткенге жан бітіріп, көңілімізге мейірімділік ұялатқан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын жоғары деңгейде атап өтті.

Сахна шымылдығын Қыдыр ата ашып, барша халыққа Жаңа жылдың ақ таңы атқанын, бұл күні ақ пен қара, қараңғы мен жарық, жамандық пен жақсылық, суық пен жылу бірін-бірі жеңуге тырысатынын, күн мен түннің теңелетінін айтты.

Содан соң көктеуге көшіп келген ақсақалдар Ұлыстың ұлы күнімен бір-бірін құттықтап, төс қағыстырып, тілектерін айтты. Осы мезетте тағы бір көштің қарасы көрінді. Елдің назарын өзіне аударған көш тарихтан ерекше орын алған ежелгі сармат ақсүйек әйелі – Алтын ханшайымға тиесілі екен. Қасындағы батырларының бойынан сезілген қазақы рух әп-сәтте тұла бойымызды жаулап алды. Жігіттер Алтын ханшайымды төрге шығарған соң, тоқшылық пен берекенің белгісі – тайқазанды ортаға әкелді. Соңғы көшті жалғастырушы - көктеммен бірге күлімдеген әжелеріміз бен қыз-жігіттер еді. Қолдарында домбыралары бар. Өте көңілді. Әзілдері де жарасқан. Арасында айтысып та алады. Қай жағынан да бір-біріне дес бермеген бозбала мен бойжеткендер «Қара жорға» биін билеп, думанды қыздыра түсті.

Жастардың өнерін тамашалап болған соң, ауылдың көнекөз қариясы маңындағыларға немересін алғаш рет атқа отырғызғысы келетінін жеткізді. Барлығы бір ауыздан құптады. Тақымын бірден мықтап ұстаған жеткіншекке үлкендер ақ батасын беріп, тілектерін жаудырды. Әжелер болса, шашу шашып, жиналған жұртқа наурыз көже ұсынды.

Осы сәтте алаңға жүргізушілер шығып, теректіліктерді Жаңа жылмен шын жүректен құттықтады. Аудан әкімі Мұрат Мұқаев та тұрғындарды атаулы мерекемен құттықтап, бір жыл бойына дәл бүгінгідей көтеріңкі көңіл-күймен жүруді тіледі.

Мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әннен, күмбірлеген күйден шашу шашты.

«Қол күресі», «асық ату», «қой көтеру», «арқан тарту» және «гір тасын көтеру» сынды ойындардан сайыстар  ұйымдастырылып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ әр тұрғын киіз үйлерден дәм татып, мәз-мейрам боп үйді-үйлеріне тарқасты.

Аягөз АЙБАРҚЫЗЫ

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале