3.08.2026, 9:00
Оқылды: 8

Ұрпағына 700-ден астам кітап қалдырған әке

 

Кей адамдар баласына мал қалдырады, кейбірі зәулім үй салады. Ал Ақжайық ауданы,  Алғабас ауылдық округіне қарасты Өлеш қыстағының тұрғыны болған марқұм Уәлиолла Әжім ақсақал өз  ұрпағына ғұмыр бойы жинаған кітаптарын  аманаттап кетіпті. Жеті жүзден астам кітап сақталған қарашаңырақты  көруге біз де асықтық.  Қасымызда жол бастап жүрген Алғабас ауылдық округіндегі кітапхананың кітапханашысы Шынар Болатова. Бұл үйге келмес бұрын біз баратын шаңырақ, кітап жинаған  ата, ол үйдегі қатталған кітаптар туралы майын тамызып, бізге қызықтырып айтып қойған еді.  Міне, енді сол үйге де келіп жеттік. 

DSC07181

Уәлиолла  ақсақалдың ұлы Рамис Әжім Жаңажол ауылының шетінде, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында салынған қарапайым ғана үйде тұрады екен. Сырт көзге өзгеден ерекшеленбейтін сол шаңырақтың ішіне енген жан  бірден кітаптың иісін сезер еді. Ескі мұқабалардың өзіне тән жұпар исі, сарғайған беттердің сыбдыры, жылдар табы сіңген журналдар мен қойын кітапшалар... Бәрі де осы үйдің иесінің кім болғанын үнсіз айтып тұрғандай. Өмір бойы мал соңында жүрсе де, кітапты айнымас серік еткен Уәлиолла Әжімовтің қара шаңырағында қатталған кітаптар бізді сонау жылдарға жетелеп кетті.

Уәлиолла қарияның бала-келіндері  бізге әкелері тастап кеткен асыл қазынаны асықпай қарауға рұқсат беріп,  ол туралы естеліктерімен бөлісті. Парағы сарғайған кітаптардың бірінші бетіне қай жерден, қай жылы, қай күні алынғанына дейін таңбалап, мұқият жазылыпты. Ұлдарының айтуынша, ол ұзақ жыл  қой бағып, мал өсірген. Кеңес дәуірінде совхоздың жұмысын адал атқарды. Бірақ кеш түсе салысымен, қолына қамшы емес, кітап алатын. Бір кітапты бастап кетсе, соңына жетпей орнынан тұрмайтын  болған.  Жарықтық  жайлауға бара жатса да, қасына міндетті түрде бір кітап ала шығатын көрінеді. Түліктер аялдаған сәтте өзі де кітап оқып, демалады екен.

DSC07193

Бүгінде көпшілік «Ауылда кітап оқитын адам аз шығар» деп ойлауы мүмкін. Бірақ  біз  әр кітапты парақтап отырып, Уәлиолла ақсақал үшін кітап – уақыт өткізу құралы емес, өмір сүру салтына айналғанын ұғындық.

DSC07202

– Ол газет-журнал, кітаптың  бір парағын да жыртқызбайтын. Кітаптарға қоса, жергілікті мерзімді газет-журналдарға да жазылып, нөмірлеп жинайтын. Әрқайсысын оқып, көңіліне қонған ойларды арнайы қойын дәптеріне көшіріп жазатын. Кейде теледидардан бір тарихи дерек айтылса, кітаптан оқығанымен салыстырып отыратын еді.  Әңгіме үстінде қай кітаптың қай бетінен қандай ой оқығанын жаңылмай айтып беретін. Әкеміз бізге өнегелі ісімен үлгі болды, – дейді қара шаңырақты ұстап қалған Рамис Уәлиоллаұлы (суретте).

Кітапты жанындай жақсы көрген Уәлиолла ақсақал  бір кітаптың мұқабасымен-ақ, оның қай сөреде тұрғанын, қашан, қайдан алғанына дейін айтып бере алады екен. Оның сондай зерек, парасаты биік адам болғанын әңгімелеп берген қарашаңырақтағы келіні Айгүл Әжімова қайын атасы мен енесіне жиырма жылдай қызмет көрсетіп, бар бабын жасауға тырысыпты.

– Байқағаным, кітап оқыған адамның әңгімесі бөлек болады. Ол кісі әңгімені өте жақсы айтатын еді. Әрі есте сақтау қабілеті керемет еді. Бұл да кітапты көп оқығанның бір пайдасы болар деп ойлаймын. Қонақтықтарға
барғанда да елді ұйытып, әңгіме айтатын болып тұр ғой. Мектепте жасайтын мұғалім достарыма дейін «Сенің атаңның әңгімесі күшті. Шайын құйып, әңгімесін тыңдап отыра бергіміз келеді» деп айтатын еді. Ол кісі тек ағайын-туысқа ғана емес, ауылға сыйлы адам болды, – деп еске алды келіні Айгүл Әжімова.

Бір қызығы, Уәлиолла ақсақал ұл-қызына оқыған шығармаларындағы кейіпкерлердің есімдерін қойған. Ол қазақ әдебиетіне қоса, әлем әдебиетін де көп оқығанға ұқсайды. Өйткені тұңғышының есімі – Жора, одан кейін Рамис, Никар, Алтай, Жетіс, Жона, Мұрат. Қыздарының есімдері де кездейсоқ қойылмаған. Арна, Гүлсан, Гүлзада, Шаттық... Бір өкініштісі, ұл-қыздары өз есімдері туралы әкелерінен көзі тірісінде тәптіштеп сұрай қоймаған. «Қай есімнің қай шығармадан алынғанын түгел біле бермейміз. Бірақ әкеміздің бәрін кітаптан қойғаны анық» – дейді Рамис Әжім.

DSC07197

Ол немере-шөберелері дүниеге келер алдында бірнеше қағазға түрлі есімдерді жазып, ұзақ ойланып жүретін болған. Соңында екі-үш конвертке салынған есімдердің біреуін таңдап, «Осы болады» дейді екен. Оның таңдауына ешкім қарсы келмеген. Тіпті шөберелеріне Сүйеніш, Ақұлпа секілді есімдерді өзі таңдап қойған.

Шынында да, адамның өмірде қандай адам болғанын артында қалған өнегелі ісінен аңғару қиын емес. Той-жиындарда Уәлиолла ақсақалдың әңгімесін тыңдау үшін ауыл адамдары арнайы ертерек жиналатын көрінеді. Өмірде оқыған-тоқығаны көп қария бір кесе шайдың үстінде  тарихтан сыр шертіп, кейіпкерлер тағдырын әңгімелегенде отырған жұрт уақыттың қалай өткенін байқамай қалады екен. Көкірегі ояу, көзі ашық қариямен өткізген әдемі күндерін ауыл адамдары да сағына еске алады.

– Әкеміз көзі тірісінде ағайынмен жақсы араласты, барымен бөлісті. Дүние жинаған жоқ. Малға да, ақшаға да қызыққан адам емес еді. Жинағаны кітап. Білгенін елге айтатын. Жетімге де, жесірге де қолынан келген көмегін аямайтын.  Өзі «Мал да қалады, дүние де қалады. Адамның артында қалатыны – білімі мен жасаған жақсылығы» деген ұстаныммен өмір сүрді. Бұл кітаптар бізге әкеміз қалдырған асыл мұра секілді. Әкеміз өмірден өткен соң, кітаптарды санағанымызда 700-ден астам болды.  Барынша көзіміздің қарашығындай сақтауға тырысамыз. Өйткені әр кітапта әкеміздің қолының табы бар ғой, – дейді ұлы Рамис Уәлиоллаұлы.

Әжімовтер әулетінің төрінен орын алған сарғайған кітаптар бұл күндері әкеге деген сағынышты басатын киелі орынға айналғандай. Олар әке қолының табы қалған кітаптарды парақтап, мал соңында жүрсе де, бар ғұмырын білімге арнаған ғазиз жанды еске алады. Уәлиолла ақсақалдың ұрпағы үшін әке қалдырып кеткен 700-ден астам қатталған кітап – әке  байлығы, әке еңбегі, әке аманаты...

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале