31.07.2026, 17:00
Оқылды: 11

«Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен»

Ақ Жайық өңірі тағы бір ірі спорттық додаға төрелік етуде. 26 шілдеден бастап шаһарда садақ атудан ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының шемпионаты өтіп жатыр. Байрақты бәсекеге Орал қаласының мергендерімен бірге Астана, Алматы, Шымкент қалалары, cондай-ақ Ақмола, Алматы, Жетісу, Павлодар, Түркістан, Қарағанды облыстарынан келген 260 спортшы қатысуда.

WhatsApp Image 2026-07-27 at 12.45.27 (3)
Шемпионаттың салтанатты ашылуы Жастар стадионында ұйымдастырылды. Оған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов, ҚР Ұлттық садақ ату федерациясының президенті Азамат Үсімбеков пен облыстық садақ ату федерациясының президенті Нұрлан Ақнұров қатысты. Өз кезегінде құрметті қонақтар қатысушыларға сәттілік тілеп, ел шемпионатының жоғары деңгейде өтетіндігіне сенім білдірді. Оған қоса халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын мықты мергендерді даярлаудағы маңызына ерекше тоқталып өтті.
Жарыстың басталуында спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер мен спорт жанкүйерлері де болды. Елдің түкпір-түкпірінен келген үздік мергендер бірнеше күн бойы өзара бақ сынап, классикалық және компаунд садақ ату түрлері бойынша жеңімпаз-жүлдегерлерді анықтайды. Үздік нәтиже көрсеткен отандастарымыз қыркүйекте Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарында Қазақстан намысын қорғайды. Осы уақыт аралығында көрермендер еліміздің үздік садақшыларының тартысты бәсекесіне куә болып, мергендердің шеберлігіне тәнті болмақ.
– Қазақстан шемпионаты – республикалық деңгейдегі ең маңызды сайыстардың бірі. Бұл додада спортшылар шеберлігін шыңдап қана қоймай, ұлттық құрама сапына енуге мүмкіндік алады. Сондықтан қатысушылар үшін әрбір ұпай мен әрбір дәл тиген жебенің маңызы зор. Жарыс бағдарламасына ересектер, жастар мен жасөспірімдер арасындағы жеке және командалық сындар енгізілген. Шемпионатта қатысушылар нағыз сұрмерген екенін, төзімділігі мен психологиялық дайындығын көрсетеді. Спорттық іс-шараның Орал қаласында өтуі өңірде садақ ату спортын дамытуға серпін беріп, жас спортшылардың осы спорт түріне қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар республиканың әр өңірінен келген спортшылар арасындағы тәжірибе алмасуға да мүмкіндік жасайды, – деді ҚР Ұлттық садақ ату федерациясының атқарушы директоры Еділ Темірбеков.
Тамыз айының басында аяқталатын шемпионаттың басты мақсаты – спортшылардың шеберлік деңгейін арттыру, сондай-ақ Азия ойындарына, әлем және Азия шемпионаттарына, Әлем кубогі кезеңдеріне, Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасына үміткерлерді іріктеу.
– Оралға бірінші рет келіп тұрған жоқпын. Бұған дейін қысқы жарысқа қатысып, жүлделі орын алғанмын. Сол кезде де жарыстың ұйымдастырылу деңгейі жоғары болды. Бұл жолы да шемпион атанып, жақсы нәтиже көрсетуге ниеттімін. Қарсыластарымның да дайындықтары жоғары. Олардың мергендігіне қарап, тартысты бәсеке болатынын аңғардым.
Жарыс күндері ауа райы бірде тұманды, бірде аптап ыстық болды. Соған қарамастан барымызды салып, жақсы нәтиже көрсетуге тырыстық. Жалпы біздің облыстан 28 спортшы келді. Әсіресе Шымкент қаласы мен Жетісу облысының құрамалары мықты. Дегенмен әр спортшының өз артықшылығы бар, сондықтан жеңіс үшін барлығы да аянып қалмайды, – деді Ақмола облысынан келген спортшы Райымбек Майқыбаев.
Шемпионаттың ашылуында садақ ату спортын дамытуға және оның бұқаралық сипат алуына үлес қосқан бірқатар азаматқа алғысхаттар мен марапаттар табыс етілді.
Ашылу салтанатының ең әсерлі сәті – садақшылардың бір мезетте түрлі-түсті жебелерді атқан көрінісі болды. Бұл көрініс көрермендерге жақсы көңіл күй сыйлап, ұлттық спорттың рухын аспандатты. Кеш қорытындысы шаһар өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, мерекелік отшашумен аяқталды.

Гүлфия Қолғанатова,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале