ҚТФ баспасөз қызметінің хабарлауына қарағанда, Астанада Президент кубогы сериясы аясында өтіп жатқан World Tennis Tour M15/W15 Asu Open халықаралық турнирінде жартылай финалға шыққан спортшылар анықталды. Бұл сында қазақстандық үш теннисші жүлде үшін күресті жалғастырады.

Фото: ktf.kz
Ерлер арасындағы M15 санатында 18 жастағы Заңғар Нұрланұлы ширек финалда израильдік Дэн Брандты 6:7 (4:7), 6:4, 6:1 есебімен ұтып, ересектер арасындағы ITF жарыстарында алғаш рет жартылай финалға шықты. Ол ақтық сынға шығу үшін ресейлік Григорий Щебкинмен ойнайды. Сондай-ақ Дамир Жалғасбай отандасы Әмір Омархановты (6:1, 6:2) жеңіп, келесі кезеңде ресейлік Петр Бар-Бирюковпен кездесетін болды.
Әйелдер арасындағы W15 турнирінде 16 жастағы Ева Корышева Инкар Дүйсебайды басым түсіп (6:3, 6:4), үздік төрттікке енді. Енді ол финал жолдамасы үшін ресейлік Эдда Мамедовамен таласады. Ал Асылжан Арыстанбекова мен Айя Нұпбай ширек финалда қарсыластарына есе жіберіп, жарысты аяқтады. Жартылай финалдық кездесулер 1 тамыз күні «Beeline Arena» Ұлттық теннис орталығында өтеді.