Бастауыш сыныптарда өзгеріс болады. Қазақстанда 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап бастауыш сынып оқушыларының оқу жетістіктерін бағалау жүйесі өзгереді. Бұдан былай 1-4-сыныптарда бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) өткізілмейді. Оның орнына оқушылардың білімі жас ерекшеліктеріне сәйкес келетін бағалау нысандары арқылы анықталмақ - деп жазды baq.kz.

Сурет: сайт архивінен
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген жауабында хабарлады.
Шешім не себепті қабылданды?
Министрліктің мәліметінше, бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесінің тиімділігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп жан-жақты зерделенген.
Талдау бірнеше бағыт бойынша жүргізілген. Атап айтқанда:
* ата-аналардың өтініштері;
* педагогтердің ұсыныстары;
* білім беру ұйымдарының тәжірибесі;
* 4-сынып оқушыларының оқу жетістіктерін бағалау мониторингінің нәтижелері;
* бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшеліктері ескерілген.
Жүргізілген зерттеу нәтижесінде бөлім бойынша және тоқсандық жиынтық бағалау әрдайым оқушының білім жетістігін толық әрі объективті бағалауға мүмкіндік бере бермейтіні анықталған.
Сонымен қатар бұл жүйенің балаларға қосымша оқу және эмоционалдық жүктеме түсіретіні де белгілі болған.
Осыған байланысты министрлік 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап бастауыш сыныптардағы бағалау тәсілдері мен бағалау нысандарын қайта қарау туралы шешім қабылдаған.
БЖБ мен ТЖБ-ның орнына не келеді?
Министрліктің түсіндіруінше, жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушыларының оқу бағдарламасын меңгеру деңгейі дәстүрлі бағалау түрлері арқылы анықталады.
Атап айтқанда:
* диктант;
* мазмұндама;
* бақылау жұмыстары;
* практикалық жұмыстар;
* шығармашылық жұмыстар.
Ведомствоның ақпаратынша, мұндай тәсіл:
* пәндік білімді неғұрлым объективті бағалауға;
* оқу және жазу сауаттылығын дамытуға;
* функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға;
* сыни ойлау қабілетін жетілдіруге;
* коммуникативтік және когнитивтік дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді.
Министр қазіргі бағалау жүйесінің кемшілігін атады
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қазіргі бағалау жүйесін қайта қараудың негізгі себептерін түсіндірген болатын.
Министрдің айтуынша, қолданыстағы жүйеде тоқсандық жиынтық бағалау тоқсандық бағаның 50 пайызын құрайды. Ал қалған 50 пайызы күнделікті қалыптастырушы бағалау мен бөлім бойынша жиынтық бағалау нәтижелерінен қалыптасады.
Осыған байланысты оқушы тоқсан бойы барлық тапсырманы орындап, сабаққа тұрақты қатысып, БЖБ-дан жақсы нәтиже көрсеткенімен, ТЖБ-дан төмен балл алса, оның тоқсандық бағасы төмендеп кетуі мүмкін.
Біздің ойымызша, бұл әділетті емес. Өйткені бастауыш мектепте басты мақсат – баланы бағалау емес, оның білімге деген қызығушылығын қалыптастыру, өзіне деген сенімін нығайту. Сондықтан біз балалар үшін қолайлы, әділ әрі дамытушы бағалау жүйесін қарастырып жатырмыз, – деген еді Жұлдыз Сүлейменова.
Мұғалімдер бір жылда 4 мың парақ жұмсайды
Министр жаңа жүйеге көшудің тағы бір себебін де атаған болатын.
Оның айтуынша, бір ғана бастауыш сынып мұғалімі БЖБ мен ТЖБ өткізу үшін жыл сайын шамамен 4 мың ақ парақ пайдаланады.
Ал осы жұмыстарды тексеруге 112 сағатқа жуық уақыт кетеді.
Министрдің сөзінше, жаңа бағалау тәсілі қағазбастылықты азайтып қана қоймай, оқушылардың қолмен жазу дағдысын дамытуға және олардың когнитивтік қабілеттерін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, қазіргі уақытта бағалау жүйесін өзгертуге байланысты қолданыстағы №125 бұйрыққа өзгерістер енгізіліп жатыр.
Бұл мәселе жақында Астанада өткен бастауыш сынып мұғалімдерінің республикалық жиынында да талқыланған.
Министрдің мәліметінше, кездесуге қатысқан педагогтердің басым бөлігі БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау жөніндегі министрліктің ұсынысын қолдаған.
Бағалау жүйесін жетілдіру жұмысы жалғасады
Оқу-ағарту министрлігі жаңа бағалау жүйесінің басты мақсаты – бастауыш сынып оқушыларының білім деңгейін әділ бағалау ғана емес, олардың оқу мотивациясын арттыру екенін атап өтті.
Ведомствоның мәліметінше, енгізілетін өзгерістер балалардың жас ерекшеліктеріне сай бағалау жүйесін қалыптастыруға, функционалдық сауаттылықты дамытуға және оқу процесінің сапасын арттыруға бағытталған.