Румынияның Бухарест қаласында өткен Халықаралық лингвистика олимпиадасында (IOL 2026) Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Шыңғыс Қарасаев қола медаль иеленді, деп хабарлайды мектептің баспасөз қызметі.

Фото: Оралдағы НЗМ баспасөз қызметі
Биылғы халықаралық білім додасына әлемнің 40-тан астам елінен 220-дан аса оқушы қатысты. Қатысушылар лингвистикалық заңдылықтарды анықтауға бағытталған күрделі тапсырмаларды орындап, логикалық және аналитикалық ойлау қабілеттерін сынға салды.
Айта кетейік, беделді халықаралық лингвистика олимпиадасы (IOL) 2003 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Оның басты ерекшелігі – олимпиада тапсырмаларын орындау үшін белгілі бір шет тілін алдын ала білу талап етілмейді. Қатысушылар берілген тілдік деректерді талдап, олардың құрылымы мен заңдылықтарын логикалық және аналитикалық ойлау арқылы анықтайды.