Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде Үкімет ірі кәсіпорындардың айналасында тұрақты ШОБ желісін құруды көздейтін кәсіпкерлікті дамытудың жаңа моделін қалыптастыруда. Тауарлар мен жиынтықтауыштарды өндіруге, қызметтер көрсетуге және сервис жасауға қатысы бар өңірлік бизнесті дамытуға басты назар аударылып отыр. Бұл тәсіл өндірістік кооперацияны кеңейтеді, ел ішінде қосымша құнды локализациялауға және құруға ықпал етеді - деп жазды primeminister.kz.

Мұндай экожүйені қалыптастыру үшін мемлекет бизнесті қолдаудың қаржылық құралдарын жетілдіруде. Негізгі тетіктердің бірі – 2025 жылы іске қосылған «Өрлеу» жеңілдікпен қаржыландыру бағдарламасы. Ол жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейтуге, кәсіпорындарды технологиялық жаңғыртуға және өңдеуші өнеркәсіп, агроөңдеу, логистика, білім беру, сондай-ақ денсаулық сақтауды қоса алғанда, экономиканың басым секторларында жаңа инвестициялық жобаларды іске қосуға бағытталған.
2025 жылы «Өрлеу» бағдарламасы аясында 588 млрд теңге сомасына 2 278 жоба қаржылай қолдау алды. Бағдарламаның жинақталған портфелі ірі индустриялық-экономикалық орталықтар мен индустриалды дамыған өңірлерде ең жоғары белсенділік көрсетті. Тартылған қаражат көлемі бойынша Алматы қаласы (104 млрд теңгеге 319 жоба), Астана қаласы (90 млрд теңгеге 268 жоба), Алматы облысы (56 млрд теңгеге 150 жоба) және Шымкент қаласы (52 млрд теңгеге 182 жоба) көш бастап шықты. Қаржының едәуір көлемі Қостанай (30 млрд теңге), Қарағанды (29 млрд теңге) және Ақтөбе (23 млрд теңге) облыстарына бағытталды.
2026 жылдың басынан бастап «Өрлеу» бағдарламасы аясында 23 млрд теңге шамасында тағы 131 жоба қаржыландырылды. Биыл қаражаттың ең көп көлемін Ақтөбе облысы тартты, онда ірі бастамаларды жүзеге асыру есебінен 7,4 млрд теңгеге 12 жоба қаржыландырылды. Жоғары қарқын Астана (4 млрд теңгеге 24 жоба), Алматы (3,7 млрд теңгеге 21 жоба) және Шымкент (1,4 млрд теңгеге 12 жоба) қалаларында, сондай-ақ Қарағанды (0,7 млрд теңгеге 8 жоба) және Абай (0,7 млрд теңгеге 10 жоба) облыстарында сақталып отыр.
Қаржы екінші деңгейлі банктер мен «Даму» қорының біріге қаржыландыру шарттары арқылы ұсынылып отыр, бұл ретте түпкі қарыз алушы үшін мөлшерлеме 12,6%-дан аспайды. Қаржыландырудың максималды көлемі инвестициялық жобалар үшін 7 млрд теңгеге және айналым қаражатын толықтыру үшін 3,5 млрд теңгеге жетеді.
Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет 2025 жылдың соңында бекіткен «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендердегі, аудан орталықтарындағы және шағын қалалардағы микро және шағын кәсіпкерлік жобаларына қолдау көрсетіліп келеді. Жергілікті өндіріске, ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуге, қолөнерге және аймақтық қосылған құн тізбегін құратын басқа да бағыттарға басымдық берілген. Қызметтің басым түрлерінің тізбесін әкімдіктер аумақтардың мамандануын ескере отырып айқындайды.
Кәсіпкерлерді қолдау несиелерді субсидиялаудан және инженерлік желілерге қосылудан бастап үй-жайларды, жер учаскелерін беруге және оқытуға дейінгі қаржылық, инфрақұрылымдық және консультациялық шараларды қамтиды. Осы жылдың шілде айының соңындағы жағдай бойынша мамандар 127 аудан мен 16 қалаға 146 рет барып, кәсіпкерлерге 1,8 мыңнан астам кеңес берді. Бағдарламаны жүзеге асыруға 2026 жылы 24 млрд теңге қарастырылған, бұл 5 мыңға жуық жаңа жобаны қолдауға мүмкіндік береді. Тамыз айының басында жалпы сомасы 18 млрд теңге болатын 266 жоба қолдау тапты.
Қабылданып жатқан шаралар ірі кәсіпорындардың айналасындағы отандық жеткізушілердің желісін кеңейтуге, сондай-ақ өнімді, сервисті және мердігерлік жұмыстарды локализациялауға ШОБ тарту үшін жағдай туғызады. Бұл өндірістік кооперацияны дамытуға, өңірлерде жұмыспен қамту мен бизнес табысының өсуіне, сондай-ақ экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді.