Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қ. Мендіғалиевтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Отырыстың негізгі мәселесі – жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қалыптасқан ахуалды, сондай-ақ осы бағытта бейінді басқармалар, департаменттер, аудан әкімдіктері, Орал қаласының әкімдігі және үкіметтік емес ұйымдар тарапынан атқарылып жатқан шаралардың сапасын талдау болды.

Баяндамашылар балалардың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігі ересектердің тұрақты назарында болуы тиіс екенін атап өтті. Табиғат аясында, саяжай алқаптарында, үйде, қала сыртындағы лагерьлерде, қала жағдайында өзін-өзі ұстау қағидаларын үнемі түсіндіріп, сақтауды қамтамасыз ету, сондай-ақ цифрлық кеңістіктегі қауіп-қатерлерді де естен шығармау маңызды екені айтылды. Отырыс барысында қатысушылар өңірде жауапты органдардың «Қауіпсіз жаз – 2026» ведомствоаралық акциясы аясындағы іс-шараларды іске асыру барысын жан-жақты қарастырды.

Балалардың жазғы кезеңдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету су айдындарының маңында болу, жолдағы қауіпсіздік, терезеден, шатырдан құлау, ашық кәріз құдықтарына түсіп кетудің алдын алу, өрт қауіпсіздігі және басқа да негізгі қауіп-қатерлерге кешенді бақылауды талап етеді.

«Осы кезеңде кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілік толықтай ересектерге, яғни қауіпсіз жағдай жасауға уәкілетті бізге және ата-аналарға жүктеледі», – деп атап өтті Қ. Мендіғалиев өз сөзінде. Сонымен қатар ол жауапты мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктерге нақты тапсырмалар берді.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі