7.08.2026, 10:30
Оқылды: 4

Жүйелі жұмыс пен нақты нәтиже керек

Бәйтеректе аудан әкімі Марат Тоқжановтың төрағалығымен алдағы 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысын пысықтауға бағытталған жиын өтті. Онда коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік мекемелерінің қысқа әзірлігі, оқушыларды мектепке тасымалдау қауіпсіздігі мен «Мектепке жол» акциясының ұйымдастырылуы сияқты бірқатар өзекті мәселелер қаралды.

image-06-08-26-10-00-5

Күн тәртібіндегі бірінші сұрақ бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Аслан Даубаев баяндама жасады. Оның сөзінше, аудандағы 132 қазандық арқылы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер жылумен қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, білім беру саласындағы 64 нысанның 55-і, денсаулық сақтаудағы 47 нысан толықтай, мәдениет саласындағы 84 нысанның 27-сі газбен жылытылады. Әрі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша 2 нысан қазандықпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, 2025 жылы Қаражар негізгі мектебіне модульдік қазандық орнатылса, 2025-2026 жылдары 33 жаңа автономды газ қазандығы іске қосылған. Баяндамада дайындық паспорттарын алу жұмыстары 15 тамыздан бастап «Elicense» порталы арқылы жүзеге асырылатыны айтылды.

Өз кезегінде аудан басшысы Марат Тоқжанов тек сандарды тізбей, әрбір қазандықтың тозу деңгейін, жөндеу жұмыстарының жүргізілу барысын және нақты проблемаларды ауылдық округ әкімдерімен тығыз байланыста отырып анықтауды талап етті. Әсіресе, бұған дейін демеушілер немесе бюджет есебінен орнатылған қазандықтардың қысқа дайындығын жан-жақты тексеру қажеттігін ескертті.

image-06-08-26-10-00-2

Жиын барысында бірқатар мектептердегі қазандықтарды жөндеуге қажетті бюджеттік өтінімдердің тым кеш берілгені сынға алынды. Мәселен, Январцев, Егіндібұлақ және Новенький елді мекендеріндегі қазандықтарға қатысты 19 млн теңгенің өтінімі сәуір-мамыр айларында емес, шілде айында жолданған. Аудан әкімі мұндай жауапсыздық пен уақыт созудың соңы қыс ортасында балалардың тоңып, әлеуметтік нысандардың жылусыз қалуына әкеп соқтыратынын айтып, тиісті сала басшыларына хат жазып, облыстық деңгейде мәселені жедел шешуді тапсырды. Жұмысты дұрыс үйлестіре алмаған жауапты тұлғаларға тәртіптік шара қолданылатыны қатаң ескертілді.

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айнагүл Баянова 2026-2027 оқу жылына дайындық, балаларды мектепке тасымалдау және «Мектепке жол» акциясы бойынша есеп берді. Жаңа оқу жылында аудан бойынша 22 елді мекеннен 728 оқушыны 15 мектепке күнделікті тасымалдау жоспарланған. Бұл мақсатқа 17 арнайы автокөлік (3 ПАЗ, 8 автобус, 2 газель және 4 УАЗ) бөлінген. Бұған қоса, 4 интернатқа апталық тасымалдау ұйымдастырылады.

Бәйтерек ауданында да 1 тамыздан бастап дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы бастау алды. Қазіргі таңда жалпыға бірдей міндетті білім беру қорынан бір балаға берілетін төлем мөлшері 50 851 теңгені құрайды. Бүгінгі күнге 55 балаға жалпы есеппен 2 796 805 теңге аударылған. Дегенмен, аудан басшысы бұл жұмыстың созбалаңға салынып жатқанын ескертті. Өткен жылы бұл акциямен 436 бала қамтылған болатын. Марат Лұқпанұлы оқу басталғанша бұл бағыттағы жұмыстарды тиянақтауды тапсырды. Себебі, ата-аналар сабақ басталғанша балаға қажетті киім-кешек пен оқу құралдарын алып үлгеруі тиіс. Ауыл әкімдері мен мектеп директорлары бес күн ішінде әр отбасының жағдайын тексеріп, саралап, нақты мұқтаж балалардың тізімін жасақтауы тиіс. Мемлекеттік көмекпен қатар, жергілікті кәсіпкерлерді, шаруа қожалықтарын және мемлекеттік қызметкерлерді де бұл қайырымдылық шарасына белсене қатыстыру көзделген.

Жиын соңында аудан басшысы ауыл әкімдеріне, бөлім жетекшілеріне жылыту маусымына дайындықты, оқушы тасымалын және қайырымдылық акциясын жеке бақылауға алуды тапсырды. Қағаз жүзіндегі есептер емес, елдің амандығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйелі жұмыс пен нақты нәтиже талап етілетіні кесіп айтылды.

Гүлжаз БАДЕЛОВА,

Бәйтерек ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале