Көпшіліктің қазір уақыт қысқарған деген сөзінің жаны бар секілді. Жарқыраған жаздың екі айы зырылдап өте шықты. Ауылдағы шаруа баққан жандар қыстық мал азығын дайындауға қарқын үстеді. Шаруа қожалықтарына қоса шай-суын малмен айырып отырған отбасылар да шөбін шауып, пішен ауласына тасуда. Әйтпесе «кәрі құда» келіп, қаһарына мінгенде, шөбі жоқтың қысылып қалатыны рас. Сондықтан қыста жем-шөп тапшы болып, шаруа шатқаяқтанбасын деген орақшылар тыным таппайды.

Биыл ерте көктемдегі жауын-шашынның мол түсуі және топырақтың ылғалдылығының жақсы сақталуына байланысты өңірде шөп шүйгін. Өткен қыста мал азығынан тапшылық көрген Жәнібек, Бөкей ордасы, Казталов аудандарында да шөп шығымы жақсы. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашевтың айтуынша, былтыр шөптің орташа өнімділігі әр гектарынан 3,4 центнерден болса, биыл бұл көрсеткіш 4,5 центнерді құрап отыр. 2026-2027 жылғы мал қыстағына кіреді деп жоспарланған 1 млн 247,3 мың шартты мал басына шөп қажеттілігі 2 млн 298,4 мың тоннаны құрайды. Одан басқа өткен жылдан қалған 141,5 мың тонна шөп сақтаулы тұр.
Қазіргі кезде аудандарда шөп шабудың қызған шағы. Шөпшілер бел жазбай, тер төгуде. Шөп шабатын техника да сайлы. Науқанға облыс бойынша 4371 орақ қатысуда. Аудандардың 4 тамыздағы мәліметіне сәйкес 3315 гектар шабындық шабылып, 1628,7 тонна мал азығы дайындалды. Бұл – жоспардың 70,9%-ы. Ал былтырғыдан қалған шөпті қоса есептегенде аталған көрсеткіш қажеттіліктің 77%-ын құрайды.
– Аудандарда науқан қыза түсті. Мал азығын дайындау жоспарын Теректі – 97%-ға, Бәйтерек ауданы – 91%-ға, Бөрлі – 81,3%-ға, Сырым – 79,6%-ға, Шыңғырлау – 78%-ға, Ақжайық ауданы – 76,5%-ға
жеткізді. Басқалары сәл кейіндеу келеді. Ауа райы да шөп шабуға қолайлы, ашық-жарық. Әлі де мал азығын дайындап алуға уақыт бар. Сондықтан күні кеше облыс әкімдігінде өткен кеңесте алдағы қыстаққа шөптің жыл жарымдық қорын дайындауға тапсырма берілді, – деді Рүстем Мүлкәйұлы.

Биыл малазықтық дақылдар көлемі 215,3 мың гектар шамасында. Оның ішінде біржылдық шөп егістігі 50,2 мың гектар, көпжылдық дақылдар 162,8 мың гектарды құрайды. Жалпы өңірде жыл санап малазықтық дақыл өсірушілер қатары толығып келеді. Былтырғы көрсеткіш 203,8 мың га, ал бұдан үш жыл бұрын, яғни 2023 жылы 190,6 мың га болды.
Өңір тұрғындарының қолындағы төрт түлік малды шөппен қамту мақсатындағы жұмыс жалғасуда. Табиғи шабындықтағы шөптің бір бумасының бағасы 3400-10000 теңге аралығында. Сырым ауданында – 6000-6500, Қаратөбеде – 4000-6000, Бәйтерек ауданында 7000-9000 теңгеден ұсынылуда. Шөп бағасының әртүрлі болуына шөптің шығымына, шабындықтың алыс-жақындығына байланысты. Өткен жылы мұндай шөп бумасының бағасы 3500-12000 теңге аралығында болды. Ал екпе шөп өсіретін шаруашылықтар өздерінен артылған шөптің бумасын 6000-10000 теңгеге сатуда. Былтыр бұл баға 7000-10000 теңге шамасында еді. Биыл шөптің шығымдылығы бағаны сәл де болса, төмендетіп отырғаны байқалады.
Жылма-жыл облысқа көктемгі далалық және егін ору жұмысын жүргізуге жеңілдетілген бағамен дизель отыны бөлінеді. Биылғы көктемгі жұмыса 10,5 мың тонна, егін оруға 11,2 мың тонна бөлінді. Жеңілдетілген дизель отынның 2,1 мың тоннасын пішен дайындаушы тауар өндірушілер де пайдалануда.
Мал азығын дайындау науқаны облыстық штабтың тұрақты бақылауына алынған. Өйткені ауыл шаруашылығы саласының дамуы шаруалардың еңбек нәтижесіне байланысты екені белгілі. Ауыл-аудандар биыл мал азығынан тапшылық көрмейтін сыңайлы. Шөпшілердің жем-шөп дайындау қарқыны соны аңғартқандай. Қара суық күзге дейін бір жылдық емес, жыл жарымдық шөп қоры дайын боларына сенім бар.
Серік БЕКСЕЙІТОВ,
Шыңғырлау ауданы Ақтау ауылдық округіндегі «Азат» шаруа қожалығының жетекшісі:
– Биылғы қыстаққа 300 бас ірі қара, 500 уақ жандық, 100 жылқы малына 3000 бума шөп дайындауымыз керек. Шөптің шығымы әр гектарына 10 центнерден шабылуда. Шүйгін шөпті артығымен дайындауға бел байладық. Техника сайлы, төрт тракторшы шабындықта еңбек көрігін қыздыруда. Қазірдің өзінде шаруаны еңсеру қарқынды. Жаздың аптап ыстығына қарамай, қурап кетпей тұрып шауып, тасып алу да оңай шаруа емес. Өткен жылы бірінші рет суданка шөбін егіп, екі рет орып алдым. Жақсы өнім береді екен. Содан биыл екінші мәрте 100 гектарға суданка өсірдім. Шамамен 100 гектардан бір мың бума шөп түседі. Жалпы біздің ауылдың шаруа жігіттері екпе шөп егуді әлдеқашан қолға алды. Қазіргі науқан кезінде де, былайғы уақытта да бір-бірімізді қолдап, қажет болғанда көмегімізді бұлдамай береміз. Ауылда бума шөп бағасы 3000 теңге шамасында. Бұдан жоғары көтерілген емес. Он жыл болды осындай бағамен халыққа ұсынылады. Жастар ұйымшыл. Ауылымыз осындай еңбекқор азаматтардың арқасында көркейе бермек.
Ерлан НЫҒМЕТОВ,
Жәнібек ауданының Ұзынкөл ауылдық округіндегі «Ерлан» шаруа қожалығының жетекшісі:
– Өткен қыста мал өсірушілер мал азығынан қиналғаны белгілі. Ал биыл шөптің шығымы жақсы. Қазір шабындықта үш трактор шөп шабуда. Табиғи шабындықтан шөп шауып қоймай, екпе шөп өсіруге де көңіл бұрудамыз. Суданка шөбін 100 гектарға еккенбіз. Содан 700 дана орама шөп түсірдік. Былтыр 92 дана бума шөп алынды. Жаңбыр болса, тағы да орақ саламыз. Қырлықтан 700 дана орама шөп шабылды. Оның гектарынан 150 дана орамадан алынды. Өткен жылы шөп шабу науқанында 1000 дана орама шөп дайындалды. Ал қазіргі кезде ай жарым уақыт ішінде 1,5 мың дана орама шөп дайын тұр. Осыған қарап-ақ шөп шығымдылығын бағамдауға болады. Алдағы қысқа 120 бас асыл тұқымды және 200 бас жайын ірі қара малмен кіреміз деп жоспарладық. Жалпы жыл жарымдық мал азығын дайындауды мақсат-меже етудеміз. Шөпті молынан дайындасақ, еш ұтылмасымыз анық.
Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,
«Орал өңірі»