«Қазақ нағыз қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп қазақ үлтының бүкіл болмысын өлеңге қосқан абыз ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, қазақ өнерінде домбыра аспабының, оның құлағында ойнайтын өнерпаздың орны ерекше. Әсіресе, жас ұрпақты домбыра тартуға баулып, осы өнердің қыр-сырын үйретіп жүрген педагогтердің шоқтығы қашанда биік. Біз бүгін аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының домбыра үйірмесінің жетекшісі осындай бір ерекше жан - Гүлсұлу Көшербаева туралы айтқым келеді.

«Мен Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылында туып өстім. Егіндікөл – табиғаты әсем жер. Өзені мен көлі, мөлдір бұлағы, сай-саласы, шағылды құмдары мен ну орманы алтын бесік туған ауылымның ажарын ашып, көркін келтіріп тұр. Менің өнерге келуіме, домбыраны жан-тәніммен сүюіме, балалаларды осы өнерге баулуыма осы тамаша табиғат пен Ұзақ күйшінің, сал Мұхиттың, атақты Ғарифолла Құрманғалиевтың кіндік қаны тамған, табаны тиген қасиетті топырақтың да әсері болған шығар» - деп бастады әңгімесін Гүлсұлу.

Ғажап күйші, шебер педагог, еңбекқор ұстаздың әкесіКөшербаев Өмірзақ, анасы Таңатова Рахат бала тәрбиесіне өз өмірлерін арнаған, ұрпақтары үшін асыл да, ардақты жандар. Себебі отбасындағы баланың жан-жақты білімді, өнерлі, тәрбиеліболуына аса мән беріп, олардың бойындағы ұлттық өнерге деген қызығушылығын байқап, кішкентайынан қолдау көрсетіп отырған. Егіндікөл орта мектебінің оқушысы домбыра аспабын үйренуді екінші сыныпта бастаған. Өздері домбыра тартпаса да сол жылы қыздарының домбыраға қызығушылығы жәй әуесқойлық емес, өзгеше құштарлық екенін байқаған ата-анасы алғашқы домбырасын алып берген. Содан кейінгі уақытта домбырашы-ұстаздың қолынан үлкенді-кішілі неше түрлі қымбат домбыралар өтсе де ата-анасы сыйлаған алғашқы домбыраның табы қолынан кетпегендей, әлі күнге алақанын ғана емес жанын жылытып келе жатқандай.

«Алғашқы ұстазым Құрманғалиева Мақуза Айсағалиқызының бастамасымен, музыка пәнінен сабақ берген Ғазиева Ғалия Мажитқызы домбырамен ән орындап үйретті. Кейін сынып жетекшім, ұстазым Мұқанов Нұрлан Бақытжанұлы бірнеше күй үйретіп, домбырашылар ансамблімен түрлі байқауларға қатыстырып, орындаушылық шеберлікті шыңдап, сахна мәдениетін меңгердім. Орал мәдени-ағарту училищесінде оқып, қобыз аспабының да қыр-сырын меңгердім. Ұлттық аспапта жеке және ансамбльде, оркестрде түрлі шығармаларды орындап, музыкалық білімімді шыңдай түстім» -деп әңгімесін жалғады ұстаз.
Бір қызығарлығы – Гүлсұлу Өмірзаққызының інісі Нұрлан Өмірзақұлы да домбырашы ұстаз екен. Туған бауыры да апасының жолын қуып, апасының ғана емес ау, домбыраны ұлттық өнердің шыңы санаған ата-бабасының жолын қуып, Бөрлі балалар музыка мектебінде домбыра класының оқытушы болып қызмт жасап жүр.Нұрлан БҚМУ түлегі, қазіргі таңда музыка мектебінде білімді,білікті, талап ете білетін, бірнеше лауреаттар тәрбиелеген, шәкірттері музыка бағыты бойынша жоғары оқу орындарында білім алып жүрген тәжірибелі ұстаз. Олар өз мамандықтарынжүрек қалауымен дұрыс таңдағандарын әркез мақтан етеді. Мақтан етіп қана қоймайды, қазақтың ұлттық өнерін ұрпақтан ұрпаққа мирас етер ұстаздық қызметтерін адал атқарып жүр. Бұл жәй ғана қызмет емес, төл өнеріміздің дамуы, өркендеп қанат жаюы жолындағы қызмет. Осы бағыттағы елімізде жасалып жатқан орасан зор жұмыстарға қосылған қомақты үлес.
Гүлсұлу Өмірзаққызы неге күйші боп кетпей ұстаздыққа бет бұрған себебі, ол домбыра өнері - тәрбиенің басты құралы деп есептейді. Өнер тек қана сезімді, төзімділікті оятып қана қоймайды, сонымен қатар ол бірлік пен біріктіруші күшке әсер етеді. Өнер жолы өте қиын, күрделі, адам баласының бойына бабаның қанымен, ананың ақ сүтімен даритын қасиет деп санайды.
Кейін ол жоғары білім алуды армандап, алдына айқын мақсат қояды. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінде "Музыкалық білім" мамандығы бойынша оқып шығады. Осы оқу ордасы менің оқушы кезімнен бастау алған қазақтың домбыра аспабында күй орындау өнерін, шеберлік, іздену, тұрақты дайындық қабілетімді қалыптастырдыдеп үнемі ризашылық сезіммен еске алып отырады.
Ол үнемі шығармашылық ізденісте жүреді. Ал қазіргі кезде "дәстүрлі ән" деп аталатын музыкалық жанрды, яғни домбырамен қосылып ән орындауды өз бетімен үйреніп алған. «Оқушы кезімде радиодан, кассетадан тыңдап, жазып алып үйренгенім есіме жиі түседі. Бала кезімнен құлаққа сіңісті дүниелер менің ізденіс жолымда көп көмек болды. Қанша айтқанмен Қаратөбе деген айтулы ән өлкесінің қызымын ғой» - деп еске алады Гүлсұлу Өмірзаққызы.
Үш жүзден ән оздырған әнші, сал Мұхит Мерәліұлының, ерекше дауыс иесі, кең диапазонды өзі көзін көрген әнші Ғарифолла Құрманғалиевтың әндері әлі күнге дейін керемет шабыт беретінін де қоса айтты.
«Күйші - композитор Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина т.б күйлерін орындаймын, үйретемін. Мені күйші - композиторҚұрманғазы Сағырбаевтың күйлері рух беріп, шабыттандырады.Әсіресе, күй атасы Құрманғазының біздің өмірімізде алатын орны ерекше. Құрманғазы күйлерінен қазақ жерінің тіршілік тынысын, шексіз кең даланы, тұлпардың шабысын сезініп, халқымыздың күш - қуатын сырын әуен арқылы ұғуға болады деп ойлаймын. Шынымды айтсам орындай білетін күйлерімді санамаппын, бірақ көп күй білетінім анық. Мен педагог болған соң "ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана жетістікке жетеді" дегендей әрдайым жаңаны үйреніп, өнерлі білім алушыларыма дұрыс бағыт-бағдар берсем деп ойлаймын» - дейді күйші-ұстаз.
Орал қаласында ЮНЕСКО шеңберінде өткен күйші-композитор Құрманғазы Сағырбаевтын 200 жылдығына байланысты "Нағыз қазақ домбыра" атты кең ауқымды акцияға 14 білім алушыммен бірге қатысуын Гүлсұлу Өмірзаққызы ұстаз ретіндегі жетістігім деп бағалайды. Қазақстандық рекордтар кітабына жаңа көрсеткіш бір мезетте 1700 адам "Адай"және "Балбырауын" күйлерін орындау да да ол үшін үлкен мақтаныш болғаны анық. Ол өнерге талпынысы бар, қызығушылық танытқан балаларды өзіне жақын тартып, қолдан келген көмегін амайды екен. Жыл сайын шәкірттерә әртүрлі байқауларда орын алып жүрсе де, шәкірттерін болашақта үлкен сахнадан көргісі келеді. Және ол күннің де жақын екеніне сенеді. Өйткені, «шәкіртсіз ұстаз тұл» деген қазақпыз. Бұрын өзі алысқа ұмтылса, қазір ізденістегі шәкірттерін көбірек қадағалайды екен. Олардың жеткен биігі – менің биігім деп есептейді. Өйткені домбыраның үні естілгенде елеңдемейтін қазақ жоқ, музыка адамдардың рухани қорегі екеніне сенімі кәміл. Адамдарға қуаныш, рухани ләззат сыйлау да бір бақыт деп біледі.
Қазақтың ұлттық өнері мен домбыра мәдениетін дәріптеу, жас ұрпаққа төл мұрамызды насихаттау бәріміздің міндетіміз болса да, бұл жолда домбырашы ұстаздар көтерген жүк ауыр. Гүлсұлу Өмірзаққызы сияқты домбырашы, күйші ұстаздардың жүгі ауыр ғана емес, абыройлы, әрі қасиетті.
Дариға НҰРАШОВА
Бөрлі ауданы