12.08.2026, 9:30
Оқылды: 6

Өнермен өрілген ғұмыр

Өнер – адамның жүрегінен басталып, халықтың жүрегіне жететін қасиетті жол. Сол жолға бар ғұмырын арнап, туған елдің рухани өміріне өлшеусіз үлес қосқан жанды ардақтаукейінгі ұрпақтың парызы. Осындай тағылымды кештің бірі аудандық «Дән» мәдениет үйінде өтіп, мәдениет саласының ардагері, зейнеткер, Халықтық «Елім-ай» әжелер ансамблінің мүшесі Гүлсара Бекениязованың  65 жасқа толуына арналған «Өнермен өрілген ғұмыр» атты шығармашылық кездесу кеші көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

image-11-08-26-03-49
Кешке ауданның зиялы қауым өкілдері,мәдениет саласының ардагерлері, әріптестері, шәкірттері, туған-туыстары мен өнер сүйер қауым жиналып, мерейтой иесінің өнегелі өмір жолына тағзым етті.

Салтанатты кештің шымылдығы ашылып, сахна төріне өмірін өнерге арнаған, саналы ғұмырын мәдениет саласының дамуына бағыштаған Гүлсара Калимоллақызы зор қошеметпен шақырылды. Көрерменнің ыстық ықыласы мен ақжарма құрметі кештің алғашқы сәтінен-ақ сезіліп тұрды.

image-11-08-26-03-49

Жүргізуші аудандық мәдениет үйінің қызметкері. Ляззат Шаденқызы  мерейтой иесінің өмір жолына тоқталып, оның аудан мәдениетінің өркендеуіне қосқан елеулі үлесін ерекше атап өтті. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы ауыл мәдениетінің шамшырағын жағып, халық өнерінің өрісін кеңейтуге атсалысқан өнер иесінің еңбегі жас буынға үлгі екені айтылды.

Кеш барысында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олжас Сейтімов   мерейтой иесіне  ізгі тілегін жеткізіп, көп жылғы адал еңбегі мен мәдениет саласындағы еселі қызметіне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ  облыстық халық шығармашылық орталығының басшысы Медет Мерғалиевтің атынан алғыс хат тапсырылып, мәдениет саласының дамуына қосқан өлшеусіз үлесі атап өтілді.

Бекениязова Гүлсара Калимоллақызы 1961 жылдың 8 тамызында бұрынғы Фурманов ауданының Жаңажол ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып бастап, кейін Орал мәдени-ағарту училищесінде білім алып, халықтық ұлттық аспаптар оркестрінің дирижері әрі көркемдік жетекшісі мамандығын меңгерді.

1984 жылдан бастап тағдырын Шыңғырлау өңірімен байланыстырып, Қарағаш ауылдық мәдениет үйінде музыкалық жетекші қызметін атқарды. Жолдасы Сайын Молдашұлымен бірге мәдениет саласында елге үлгі болған өнерлі отбасы ретінде танылды. Отыз жылдан астам уақыт бойы ауыл мәдениетінің өркендеуіне, ұлттық өнердің дамуына, жас таланттарды тәрбиелеуге аянбай еңбек етті.

Ерен еңбегі облыстық және аудандық деңгейдегі көптеген марапаттармен, сондай-ақ «Қазақстан таланттары» шығармашылық орталығының төсбелгісімен бағаланды.

Бүгінде зейнеткерлік демалыста болса да, Халықтық «Елім-ай» әжелер ансамблінің белсенді мүшесі ретінде ұлттық өнерді насихаттап, қоғамдық өмірдің бел ортасында жүр. Ол – ұл-қызын тәрбиелеп өсірген ардақты ана, немере-жиендерінің сүйікті әжесі, ел құрметіне бөленген өнер иесі.

Кездесу кешінің ерекшелігі ресми құттықтаулармен ғана шектелмей, сыр-сұхбат форматында өрбуінде болды. Жүргізуші қойған сауалдарға жауап берген Гүлсара Калимоллақызы туған жерге деген сағынышын, балалық шағының ұмытылмас естеліктерін тебірене әңгімеледі.

– Туған жердің топырағы, ауылдың адамдары, алғаш еңбек еткен орта адамның өмір бойғы рухани азығы. Сол қасиетті орта мені тәрбиеледі, өнерге жетеледі, – деген естелігі көпшілікке ерекше әсер қалдырды.

Кештің әр бөлімі әсерлі әндермен әрленді. Бейнегүл Сәрсенованың орындауындағы «Өнерім – өмірім» әні кештің мазмұнын айшықтай түссе, Әмірхан Жұбаниязов шырқаған «Асыл ана» әні аналық мейірім мен отбасы құндылығын дәріптеді.

Мерейтой иесінің өнердегі ұжымы Халықтық «Елім-ай» әжелер ансамблі мен «Асыл қазына» аталар тобы жүрекжарды лебіздерін білдіріп, әннен шашу шашты. «Армандастар», «Маржан қыз» әндері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Кеште мәдениет саласының ардагерлері де сөз алып, Гүлсара Калимоллақызымен бірге еңбек еткен жылдардың жарқын естеліктерін ортаға салды. Олар мерейтой иесінің еңбекқорлығы, қарапайымдылығы, ұйымдастырушылық қабілеті мен өнерге деген адалдығы туралы тебірене әңгімеледі.

Әсіресе, Қарағаш ауылдық мәдениет үйіндегі еңбек жолы жайлы айтылған естеліктер көпшілікті ерекше толқытты. Өз сөзінде мерейтой иесі ауыл сахнасында өткен қызықты оқиғаларды, өнерге құштар жастарды тәрбиелеу жолындағы еңбегін ықыласпен баяндады.

Осыдан кейін Қарағаш ауылдық мәдениет үйінің директоры Аңсат Сағынтаев пен музыкалық жетекшісі Айдана Меңдібаева сахнаға көтеріліп, әріптестік құрметтерін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Олардың орындауындағы «Ауылдастар» әні ауыл өмірінің жылылығын, туған жерге деген сағынышты әсерлі жеткізді.

Кештің ең толғандырар сәттерінің бірі – мерейтой иесінің отбасы мүшелерінің сахнаға шығуы болды. Ұл-қызы мен немерелері аяулы анасы мен әжесіне ақ тілектерін арнап, немерелерінің орындауындағы «Әже» әнін көрерменге ұсынды. Бұл сәт отбасы құндылығы мен ұрпақтар сабақтастығының көркем көрінісіне айналды.

Кеш соңында Гүлсара Калимоллақызы мәдениет саласында қызмет атқарып жүрген,өнер жолына түскен жастарға ізгі тілегін жеткізді.

– Өнер – аманат. Халықтың руханиятына қызмет ету үлкен жауапкершілік. Жастарымыз сол  қасиетті жолдан ешқашан айнымай, ұлттық өнерді құрметтеп, оны кейінгі ұрпаққа жеткізе білсе екен, – деген тілегін көрермендер зор ықыласпен қошаметтеді.

Кеш барысында аудандық мәдени-демалыс орталығы директорының орынбасары Айбек Абаков сөз сөйлеп, мерейтой иесіне жүрекжарды лебізін білдірді. Ол өзінің өнер жолына алғаш қадам басуына Сайын мен Гүлсара Бекениязовтар отбасының ерекше ықпалы болғанын тебірене еске алды.

– «Менің өнерге деген алғашқы қадамым өзім туып-өскен Қарағаш ауылының мәдениет үйінің сахнасында басталды. Сол кезде Сайын ағай мен Гүлсара апайдың біз сияқты ауыл балаларының бойындағы өнерге деген құлшынысты байқап, қанаттандырып, әрдайым қолдау көрсетуі мен үшін үлкен мектеп болды. Бүгінгі жеткен жетістіктерімнің негізінде сол кісілердің ақыл-кеңесі, сенімі мен қамқорлығы жатыр. Сол үшін  шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді 

Жиналған көпшілік Гүлсара Калимоллақызының тек өнер иесі ғана емес, көптеген жас таланттың қанатын қатайтып, үлкен сахнаға жол ашқан ұлағатты тәлімгер екенін тағы бір мәрте айқын сезінді.

"Өнермен өрілген ғұмыр" атты бұл кеш бір адамның ғана мерейтойы емес, тұтас бір дәуірдің мәдени өміріне, сахна өнеріне, ауыл руханиятына көрсетілген құрметтің айқын көрінісі болды. 

Сара Шакрат

Шыңғырлау ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале