11.08.2026, 14:30
Оқылды: 4

Жағажайлар демалуға жайлы ма?

Биылғы жаз жиі жауған жаңбырымен, аптап ыстығымен есте қалатын  шығар.  Күні кешег 360-410    аралығындағы апшыны  қуырған  аптаптарда адамдар, әсіресе қалалықтар Жайық, Шаған, Деркөл өзендерінің жағасына барып  саялады.

471cbd13-4220-4f21-b4e9-a201c6b8982d

Ал енді жағажайлардың жағдайы қандай күйде? Олар суға шомылып, тынығуға қолайлы ма? Біз олардың бірқатарын аралап көрдік...

Бәйтерек ауданына қарасты Мичурин ауылынан аса бергенде, Шаған өзенінің бойынан бірнеше демалыс орнын кездестіруге болады. Біз қала орталығынан шамамен сегіз шақырым қашықтықта, «Орал-Самара» тасжолының бойындағы «Дубрава» және «Армат» демалыс орындарына бардық.

«Дубрава» демалыс орнын-дағы жағажайда шомылу тегін. Бірақ тамақ әзірлеуге және демалуға арналған жабдықтар ақылы. Мәселен, көлеңкесі бар сәкі үш мың, кәуап пісіруге арналған мангал екі мың, қазанды үш мың теңгеге жалдауға болады. Демалыс орнына кіре бергенде маңдайшасында «Дубрава» деп жазылған мейрамхананы көресіз. Мұнда  тамақтануға болады, дегенмен мейрамхана ішіне демалушыға өзімен бірге азық-түлік пен сусын алып кіруге рұқсат жоқ. Демалыс орнының ішкі бөлігінен ағаштан жасалған қоңыр түсті шағын үйлерді көрдік. «Дубрава» әкімшілігінің айтуынша, бұл шағын үйлерді бірнеше демалушыға жалдауға мүмкіндік бар. Ішінде тамақтанатын орын мен монша жасақталған. Жалдау ақысы 8-10 мың теңге шамасында. Ал оның жанында балалар суға түсіп, сырғанайтын үрмелі бассейн бар. Аптаның демалыс күндерінде келушілер көбейгенде шағын бассейнге ауа толтырылып, шомылуға  беріледі.

06d7cedc-fdc9-4436-9039-a2ce55032fce

Жағажай аумағы толық қоршалған. Жағалап жүре берсеңіз сәкілерді, мангалдарды және волейбол ойнауға арналған алаңды да кездестіресіз. Алаңға төселген аппақ құм жалаңаяқ жүргеніңізде аяғыңызды жұмсақ қытықтап, жаныңызға жайлылық сыйлайды, әрі күнге қыздырынып тынығуға да мүмкіндік береді. Ерлер және әйелдер дәретханасы, киім ауыстыратын орын мен душ та бар. Суға түсетін өзен бөлігі пластик бөтелке байланған арқанмен қоршалған. Құтқарушы қадағалап отыратын арнайы орын да бар. Құтқарушыдан үрлемелі желі бар дөңгелек пен құтқару кеудешесін алуға болады. Байқағанымыздай, демалыс орны әлеуетінде қыста да сырғанақ тебетін жер бар. Сөйтсек, «Дубрава» демалыс орны қыс мезгілінде де жұмысын  тоқтатпайды  екен.

«Дубравадан» аса бергенде «Армат» демалыс орнын көресіз. Аталған жағажай аумағына кіру – 500 теңге. Өзіңізбен бірге азық-түлік әкелсеңіз, оны арнайы үстелге отырып  тұтынуыңыз қажет. Өзен бойында тамақтануға тыйым салынған. Ал үстелді пайдалану құны екі мың теңге көлемінде. Қазан мен мангалды жалға алу көрші демалыс орнындағы бағамен тең. Жағажай маңында 10-ға жуық киіз үй құрылған. Кішкентай киіз үйді 15 мыңға, үлкен киіз үйді 25-30 мыңға, 12 сағатқа жалдауға болады. Жағалау жиегіне байлаулы тұрған катамаранды көрдік. Оны су мотоциклімен (гидроцикл) сүйрейді екен.

Демалушы бір  айналып келсе, екі мың  теңге төлейді.

4348759c-6d56-4cf2-831a-25eb2f19b662

Қала аумағындағы ақылы демалыс орындарының бағасы тиімді сияқты. Дегенмен біз сөзге өзек еткен аталған жағажайлар шаһар орталығынан қашықта орналасқан. Ал астында көлігі жоқ, жаяу жүрген жандар қайда баруда? Бұл сауалдың жауабын қала маңындағы жағажайлардан іздедік.

Орал қаласындағы қалалық мәдениет және демалыс саябағында үш бірдей шомылу нысаны бар. Оның екеуі тегін, біреуі ақылы. Шаған өзенінің ағысы Жайық өзеніндей емес, баяу сырғып ағады. Сондықтан мұнда демалушылар өздерімен бірге балаларын да ертіп келіп, демалатын көрінеді. Түс қайтып, күн еңкейе жағажайда адам көбейіп, аяқ басар жер қалмайды. Н. Сыдықов көшесінен саябаққа көлікпен кірсеңіз, жағажайдың көлік тұрағына тіке жетесіз. Көлікті қою үшін 250 теңге ғана ақы алады. Тегін жағажайда тамақтанатын және кәуап, ас дайындайтын орындар жоқ. Жоғарыда айтқандай, бала-шағасын ерітіп әкелген ата-аналар болмаса, ересектер оған жиі бара бермейтінін  байқадық.

DSC09393

Осы күндері өзен жиегіндегі «Суға түсуге тыйым салынған!» деген белгіні жұртшылық назарға алмайды екен. Тіпті пысқырып та қарамайды. Оны Жайық өзенін жағалап, аралап жүргенде анық аңғардық. Шаһардағы Жеңіс алаңы толық жаңартылудан өтіп, былтыр күзде пайдалануға берілгені белгілі. Мұнда халық серуендеп қана қоймай, тоғай арасындағы суға түсуге тыйым салынған жерлерде шомылып жүр. Жайық өзенінің ағыны қатты, сізді үйіріп ала жөнеледі. Бірақ соған қарамастан тоғай арасында «тығылып» суға түсетіндер баршылық. Кешкі уақыттарда құтқарушылар суға шомылған азаматтарға ескерту жасап жүргенін көрдік. Алайда тәуліктің басқа уақыттарында  ол тұстар  қадағалаусыз  қалады.

DSC09377

Жайық өзенінде заңсыз суға түсетін тағы бір жағалау бар.  Қаламыздың «Курени» деп аталып кеткен ауданында, нақтырақ айтсақ, №35 аутобостың соңғы аялдамасында орналасқан. Аутобос аялдамасынан түскенде үлкен бөгетті көресіз. Одан әрі өте бергенде адам ізінен әбден тапталған жол жатыр. Содан соң жағалауды көресіз. Жағалау маңынан «Суға түсуге тыйым салынады!» деген белгіні зорға іздеп таптық. Бір қызығы, бұл белгі жағалаудан 500 метр қашықтықта қойылған. Келушіге көрінбейді әрі жазу беті өзенге қарама-қарсы қойылған. Біз бұл белгі орнатылған соң Жайық өзені тартылып, соның әсерінен алыста қалған шығар деп топшыладық. Бірақ шомылуға түсуге тыйым салынған аумақта қоқыс жәшігі қойылыпты. Бұл мүлде қисынға келмейтін жайт секілді. Жәшіктің іші және айналасы тұрмыстық қалдықтарға қоса, ішімдіктің бөтелкесіне де толы. Кешқұрым уақытта демалушылар нөпірі көбейеді  екен...

Деркөл кентінде «Заречная» деп аталатын саяжай орналасқан. Оған қала аумағынан барғанда Латышская көшесі 19-үй мекенжайынан оңға қарай  бұрыласыз. Алдыңыздан көпір шығады. Аталмыш саяжайға бару үшін әрмен Деркөл өзені арқылы көпірден жаяу жүріп өтесіз.  Қазіргі кезде осы көпір маңы жабайы жағалауға айналған. Мұнда да «Суға түсуге болмайды!» деген белгі тұр. Бірақ оны ешкім елеп жатқан жоқ. Ересектерге қоса, жасөспірімдер де әлгі көпірден суға секіріп, шомылып жүр.  Бетін аулақ, бірақ жабайы жағалауда оқыста біреу мертіксе, оған кім жауап бермек?.. Тым құрығанда көпірі бар, ағысы қатты деген жерлер қадағалауға  алынса  дейміз.

0e26a047-1054-45d2-9c8c-0fa003317090

Жағажайда демалу мәдениеті тек қауіпсіздік талаптарын сақтаумен шектелмейді. Киім кию әдебіне де мән беріп, сол жердегі ортаға сай киінген де жөн ғой. Алайда жағажайда суға түсуге арналған арнайы киімнің орнына, кәуділгі іш киіммен жүргендер де жиі ұшырасады. Әсіресе бұл жерде балағы тізеге түскен «жабайы дамбалмен» жүрген жігіттер көзге «ұяттау» көрінеді екен.

Нұрым ҒҰМАР,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале