10 тамыз – Абай күніне орай қала орталығындағы “Наурыз” саябағында аудандық мәдениет бөлімінің, орталықтандырлған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Болмасаң да ұқсап бақ!» атты поэтикалық кеш өтті.

Руханият пен өнерді ұштастырған тағылымды кеште ұлы Абайдың шығармашылығы, қара сөздері мен әндері кеңінен насихатталды. Кеш барысында өнерпаздар Абай әндерін орындап, ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрерменге рухани әсер сыйлады.

Шара барысында «Абайдың қара сөздері» бойынша әдеби композициялар ұсынылып, ақын мұрасының ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы айшықталды. Көрермендер арасынан Абайдың өлеңін жатқа оқыған жандарға ұйымдастырушылар атынан сыйлықтар ұсынылды.
Мейрамбек Сыдықов,
Бөрлі ауданы