11.08.2026, 17:00
Оқылды: 7

Ұрпағымның дені сау болсын десеңіз...

Жас  дәрігер  оқуға  түскенде  қолын  жүрегіне  қойып,  Гиппократ  антын  қабылдайды.  Демокрит,  Сократ  сынды  идеалист  философтармен  бір  дәуірде  ғұмыр  кешкен  Гиппократ    антты  халықтың  этикалық  құндылығын  қалыптастыру  үшін  жазған.  Өйткені  этика  –  дана  әл-Фараби  жазғандай,  адамның  қайырымды,  ізгі  өмір  сүруін  айқындайтын  бірден-бір  теория.  Заманнан  заман  озып,  этика  туралы  түсінік  жаңғырғанымен,  бірнеше  ғасыр  бұрын  жазып  қалдырған  ойшылдың  анты  өзгермеді.  Өйткені  дәрігер  оқып-білместен  бұрын,  философтың  тоғыз  әдеп ұстанымын (этика  принципін)  әркез  жадында  сақтағаны  абзал.  Өңірімізде  ақ  халатқа  дақ  түсірмей,  ағарту  жұмысына  ден  қойып  жүрген  Бибінұр  Еслямғалиевамен  сұхбат  құрған  едік. 

IMG_4187.JPG

Бибінұр Қайырлықызы – Орал  қаласындағы  мектептердің бірінен білім алып, түлеп ұшқан жас дәрігер. Қаршадайынан ақ желеңді абзал жан боламын деген арманы – М. Оспанов атындағы БҚМУ-дың түлегі болуға жетелеген. Кейіпкеріміз дәрігер болуды титімдей кезінен сүйіп таңдаған. Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезінде Ғалия есімді дәрігер нағашы апасымен бірге үй аралайтынын еске алды.

– Баладай шолжаң мінез танытпай, күннің аптап ыстығында апаммен бірге үйде жатқан науқастарды қарауға баратын едім. Сол сәт жадымда әлі күнге  сақтаулы. Бір жағынан, анам да менің дәрігер болуымды қалады.  Есейген соң Ақтөбе қаласындағы мединститутқа түсіп, жалпы тәжірбиелік дәрігер мамандығын алып шықтым. Кейін интернатурада білімімді шыңдадым.  Университетте оқып жүргенде оқытушылар ғылыми жобаларға белсенді қатысып жүргенімді көріп, оқу ордасында қалып, ғылымға бет бұруға ұсыныс айтқан болатын. Бірақ мен Оралда №4 емханадан тағылымдамадан өткеннен кейін, сонда қалуды жөн көрдім. Өйткені маған адамдармен, әсіресе ана мен сәбиді қарап, оларға білгенімді айтқан өте қатты ұнайды, – деп алғаш еңбек жолынан сыр ақтарды.

Жас маманның айтуынша, 2020 жылы COVID – 19 жұқпалы ауруы тарағаннан кейін, адамзат баласының өмір салтымен қатар денсаулығы да қатты өзгеріске ұшыраған. Бұрын жеңіл-желпі өтетін респираторлық, ротовирус инфекциясын жұқтырған адам қазір баяу жазылып, асқынуы тереңдей береді екен. Өйткені адамның бойындағы иммунитет, сүйекті қатайтатын Д витамині азайған.  Сол себепті мединициналық-клиникалық теорияда әлемнің көшбасшы АҚШ, Еуропа елдерінде жаңа бағыт – превентивті яки интегративті медицина жақсы дамыған.

Превентивті немесе интегративті медицина (латын тілінен аударғанда «praevenio» – «ескертемін, алдын аламын») – аурудың пайда болуы мен дамуының алдын алуға бағытталған заманауи медицина саласы. Мұның дәстүрлі медицинадан басты айырмашылығы – адамның саулығын нығайту үшін дәрігер мен емделуші алдын ала бірлесіп сауықтыру шарасын жүргізеді.

IMG_3838.JPG

– Менің бірінші жүктілігім өте ауыр өтіп, қызым мезгілінен бұрын дүниеге келді. Сәбиім қайта-қайта ауырып, тырнақтары сынғыш, қанның құрамында билирубин көп болғандықтан, сарғыштығы ұзақ уақыт кетпей қойды. Өзім де күйзеліске бейім адаммын. Бойыма алғаш бала біткеннен кейін, тамақ ішпей, ағзадағы өзгерістерге мән бермедім. Өйткені мұның бәрі әр әйелдің басынан өту керек қалыпты жағдай деп ойладым. Асылында, олай емес. 2023 жылы екінші жүктілігімді жоспарлар алдында бұрынғы қателігімді қайталамас үшін жан-жақты зерттедім. Сол кезде Ресей дәрігерлерінің арасында превентивті медицина туралы айтыла бастады. Ол жақта тіпті арнайы интегративті факультет ашылды. Ал Қазақ-станда бұл сала дұрыс жолға қойылмаған. Біз  сол себепті әріптесім Толғанай Болатқалиқызы екеуміз 2023 жылы қазан айынан бастап халықаралық Мәскеу университетінде сегіз ай бойы превентивті медицина бойынша білім алдық. Оқу әрине, қымбат. Бірақ  мен білімге, денсаулығыма қаржыны аямаймын. Тәжірибе жүзінде халыққа пайдалы дүние екенін түсінгеннен соң, әріптесім шаһарда алғаш болып 2024 жылы «Preventive Doctor» медициналық орталығын  ашты. Қа-зір екеуміз барынша халықтың медициналық сауатын көтеруге атсалысып жатырмыз. Кейінгі  уақытта биохимиялық медицинаға қатты қызыға бастадым. Бір орында тоқтап қалмай, Ресейдің  интегративті институтында  балалар невропатологы Ольга Гауфман секілді білікті дәрігерлерден білім алдым, – деді Бибінұр Еслямғалиева.

Дәрігердің сөзінше, медицинаның тың бағытын, бі-ріншіден, баласының және өзінің денсаулығына алаңдағасын, екіншіден, сау бала дүниеге алып келу үшін, алдымен әйел өз денсаулығына мән беру керек екенін адамдарға тұрақты түсіндіру үшін таңдаған. Өйткені дені сау адамнан гөрі, бір бойына түрлі дерт жабысқан қыз-келіншек  күннен-күнге көбейіп келеді екен.

– Бұрын №4 емханада істегенде 452-бұйрық (қазір №600) бойынша әйел адамдарды жылына бір рет профилактикалық тексеруден өткізетін едік. Ол бұйрықта «1А» (жүктілікті жоспарлайтын дені сау әйел), «1Б» (жүктілікті жоспарламайтын дені сау әйел) деп екіге бөлеміз. Қазір шыны керек, бұл топқа жататын, яғни дені сау әйел жоқтың қасы. Бірден «2А», «2Б» деп картасына белгі қоямыз. Мұның мазмұны — бала тапқан әйелден бөлек, өрімдей жасөспірім қыздар арасында түрлі созылмалы ауру бар деген сөз. Орталыққа баласын қаратуға ана келгенде, олардың ағзасында бірдеңе дұрыс еместігі келбетінен көрініп тұрады. Баланы емес, бірінші әйелден анамнез жинағанда, оның бойына бала бітпестен бұрын дені сау болмай шығады.  Көп қыз-келіншектің өт-асқорту жолдары бұзылып, қанның құрамында темір, ферритин секілді дәрумендер жетіспейді, – деді жанашыр дәрігер.

Жас маман превентив медицина бағытын көпшілік білсін деген ниетте блог жүргізе бастаған. Инстаграм парақшасына ешқандай таргетсіз, жарнамасыз таза еңбектің арқасында 5000-нан аса оқыр-
ман тіркелген. Оның айтуынша, қазіргі аналар әркез баласына алаңдайтын мазасыз күйде жүреді.  «Өйткені адам бірнәрсенің мәнін түсінбегендіктен, дәйім үрей мен күйзеліс бойын билеп алады. Егер алдын ала біліп, сауатын арттырса, кез келген кесапатты жеңіп шығуға болады», – деді.

Қазіргі кезде  айналамызда физикалық жетілуінен кеш дамып, тілі жай шығып жатқан балалар өте көп. Бибінұр Қайырлықызының сөзінше, технологияның дамуынан бөлек, генетикаға да аса мән беру керек екенін атап өтті.

– Адам ағзасы моншақ секілді бір-бірімен септесіп кете береді. Генетикалық мутация дегенміз – фолий қышқылы метилфолатының жетіспеушілігінен болады. Қазір әйелдердің 80-90%-ын-да қалқанша безінің ауруы – гипотериоз бар. Ондай әйел ашушаң, уайымшыл болып келеді. Өлкеміз кішкентай болғаннан кейін көп нәрсе баяу өзгеріп жатыр.  Бар тапқанын жинап, Алматы, Астана сынды үлкен қалаларға, тіпті шетел асып жатқан ата-аналар жетерлік. Ол жақта жолды есептемегенде қабылдау бағасының өзі аспандап тұр. Бір қаралып, сол өңірдің тұрғыны болмаған соң арада дәрігермен байланыс үзіледі. Көп адам антибиотиктің әсерінен жылдам айыққысы келеді. Адамның ағзасы қаншалықты уланған соған байланысты жүретін баяу үрдіс. Сол себепті басқа жаққа сабылмай, өлке тұрғындарына сауатты медициналық көмек болу үшін осындай орталық керек-ақ, – деді превентивкалық орталық маманы. Сонымен қатар дәрігер медициналық білімі жоқ блогерлер мен өз білгенін баяндап жататын көптің пікіріне еріп, биологиялық белсенді қоспаны (БАД) сатып алмауға үгіттейді. Сатып алар алдында дәрумендердің құрамына, сақталу жолына үлкен мән беру керектігін ескертті.

– Көбі нутрициология мен интегративті медицинаны шатыстырады. Нутрициолог – дұрыс тамақтанудың арнайы мәзірін құрайды. Сәйкесінше, медициналық дипломы жоқ адам да айналыса береді. Ал интегративті медицина – ағзадағы жетіспеушілікті анықтайды, ас қорыту-ішек жолдарының жұмысын қалыпқа келтіру үшін көп оқиды. Сондықтан медициналық білімді талап етеді. Бұл ғылым ауруды емдеп қана қоймай, оның алдын алу үшін екі қадамға алға жүреді. Жалпы ДДСҰ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы) бойынша дені сау бала жылына алты-сегіз рет ешқандай асқынусыз инфекцияны жұқтыру қалыпты үрдіс. Егер әлсін-әлсін ауырып, пневмонияға жеткізсе, демек баланың ағзасында бірнәрсе жетіспейді.  Тамаққа қосатын биологиялық белсенді қоспаның (БАД) құрамын өте мұқият оқу керек. Ішінде бояғыш, хошиістендіргіш, соя, секер, глютен секілді ағзаға зиян қоспалардың бар-жоғына мән берген абзал. Тіпті капсуланың неден жасағанын оқып, органикалық  белгісіне қарау керек. Iherb-тен, жергілікті дәріханадан сатып алар кезде осының бәрін ескерген жөн. Америкада жасалған, демек бәрі керемет деп ойлау – абсурд дүние. Мен биологиялық белсенді қоспаны өзім әбден зерттеп, қала берді отбасыма бергеннен кейін тағайындаймын. Жалпы дәрі-дәрмекті көп тұтынбаған дұрыс. Өйткені дәрілерді шектен тыс ішкеннен адамның бауыры шөгіп, полипрагмазия синдромы пайда болады. Оның орнына көмірсу, ақуызға бай тамақты көбірек жеген абзал, – деп саламатты өмір салтын дәріптеді.

Жас маманның айтуынша, саламатты өмір салтын ұстану қазақтың байырғы өмір салтында болған. Халқымыз ұн өнімдерінен тамақтарды сирек пісіріп, сүт, арпа, бидай секілді көмірсуға бай тағам-дарды жиі пайдаланған. Тісі шықпаған балаға жілік беріп, коллаген орнына сүйектен сорпа пісіріп ішкен.

– Балаңыздың тісі шығып, мазасы кетсе, ең тынышы сүйек немесе жалы беріп қойыңыз. Балаларыма дәріханада толып тұрған арнайы бұйымды сатып алмай, сүйек, жілік бердім. Басқа ұлттарға қарағанда қазақтың май жасау әдісі бөлек. Ата-бабаларымыз нәрлі тағамдарды тектен-тек тұтынбаған, бәрі ескерілген дүние. Әрине, қазақтың тамақ пісіру әдебімен шектелмей, әр ұлттың пайдалы тағамдарын күнделікті мәзірге қоса беру керек. Мысалы, өзбектің түрлі дәмдеуіштер қосып тамақ пісіргені ұнайды. Өйткені дәмдеуіш – өт жолының жұмысын, бауыр мен асқазанның қышқыл бөлуін  жақсартады. Негізі, таңертең  ақуызға бай жұмыртқа, қазы, пайдалы май жеп, сорпа ішуге болады. Түсте макарон, ет, көкөніс міндетті түрде болу керек. Тамақтан 30 минут бұрын қайнаған су ішіңіз. Өйткені су асқазанға белгі беріп, сөл бөлініп, ас қорыту үдерісін дайындайды, – деді тәжірибелі маман.
Сонымен қатар қозғалыстың өт жолына пайдасын да айтып өтті. Егер адам денесін шынықтырып, физикалық жаттығу жасамаса, ағзаның жұмысы да өзі сияқты еріншек, баяу жұмыс істейді екен. Содан «жалқау өт жолы» деген термин қалыптасқан. Дәрігер ата-аналарға емханаға сабылып, тапқанын керек емес лабораториялық талдауларға шаша бермеуді өтінді.

– Күйзеліс – адамның денсаулығына ең қауіпті дүние. Ал ол ағзадағы жетіспеушіліктен пайда болады. Сол себепті адам күйзеліске қарсы тұрып, қалқан бола алмайды. Түрлі жағымсыз эмоция өттің бөлінуін баяулатып, асқазан қышқылдығын төмендетеді. Қорғаныш қабаты төмендеп, керек емес улы заттар, паразиттер бөлінеді. Картизол гармоны жоғарылауынан семіздік ауруы пайда болады.  Эстроген гармоны шектен тыс көп бөлінгеннен, бір жерге үйіліп түйін болып қалады. Ол әйелдің омырауына жиналып мастопатия, фиброз, жатырына түйіліп миома, бауырға жабысып майлы гепатозға айналады.  Содан қатерлі ісікке әкеледі. Соңғы сараптама бойынша, елімізде әйелдің омырау, жатыр мойыны қатерлі ісігі көп анықталып жатыр. Жоғарыда айтып кеткенімдей, адамның ағзасында жайдан-жай ештеңе болмайды, бәрі моншақ сияқты тізіліп кете береді.

Диагноз анықтағанда құр талдауларға бағыттамай, есеп шешкендей логикаға сүйенемін. Диагнозды дұрыс қою үшін келген адамның анамнезін толық жинау керек. Өйткені талдау мінсіз бола бермейді. Бала жасындағы ауруларды ықпалдастыра қарау теориясында (ИБВДВ) «үйге қайтып келу» деген қағида бар. Ол дәрігер емес, ата-ана үшін жазылған. Өкінішке қарай, мемлекеттік емханада дәрігер қарайтын адам саны көп, кейде түсіндіріп отыруға уақыт болмайды. Сондықтан ағарту, түсіндіру шаралары жетіспейді. Қай ақылы зертханаларға кірсеңіз де, тапсыру керек талдаулардың дайын тізімі тұрады. Әр лабораториялық талдау жасаудың мезгілі, тәртібі болады. Балабақшаға барар алдында толық тексерістен өткен абзал. Елімізде превентивті медицина факультеті ашылып, жаңа бағытты мемлекеттік емханалар құзыретіне енгізсе игі іс болар еді, – деді педиатр маман.

Перизат  ТІЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале